ТЕОРИЯЛЫҚ ЛИНГВИСТИКА
Мақалада А. Байтұрсынұлы мен Т. Шонанұлы бірлесіп жазған «Оқу құралы» атты еңбегіндегі аңқұс, жануарлар атауларының жасалу жолдары мен қолданысы қарастырылады. ХХ ғасыр басында еңбек еткен қазақ оқығандарының түрлі ғылым салалары терминдерін жасаумен бірге, қазақ жерінде мекендемейтін түрлі жан-жануар мен аң-құс атауларын да жасағаны оқу құралынан алынған нақты тілдік деректер негізінде дәлелденеді. Оқу құралындағы сол кезеңде жасалған аң-құс, жануарлар атаулары іріктеліп алынып, олардың қалай жасалғаны, қай атаудың қазақша баламасы екені анықталады. Оқу құралындағы атаулардың авторлық қолданыс деңгейінде қалып қойғандары мен жалпылексикалық қорға енгендері айқындалады. Өткен ғасыр басындағы алғашқы жасалған атаулар мен олардың өзгеріске ұшырай отырып қолданысқа енген кейінгі нұсқалары салыстырылып көрсетіледі. ХХ ғасыр басында Америка, Еуропа, Африка, Азия мен Аустралия құрлықтарын мекен ететін жануарлар атауларының қазақшасын жасауда қазақ оқығандарының калька тәсіліне жиі жүгінгеніне назар аударылады. Қазақ тіл білімінде калькалау сөзжасам тәсілі ретінде осы кезеңде белсенді түрде пайдаланыла бастаған деген тұжырым жасалады. Аңқұс, жабайы жануарлардың қазақша атауларын жасау қазақ оқығандары сөз шығармашылығының бір ерекше қыры екені көрнекті ғалымдар еңбектерінен алынған нақты тілдік деректер негізінде жан-жақты талданып, бұл құбылыстың басты себептері аталады. Лингвист ғалымдар А. Байтұрсынұлы, Т. Шонанұлы оқу құралындағы жаңа сөздер мен терминдерді жасауда, кірме сөздер мен терминдерді аудару, жазу кезінде 1924 жылғы білімпаздар съезінде бекітілген ғылыми қағидаттарды басшылыққа алғаны атап айтылады.
Бұл мақалада -хана аффиксоидімен бірігу арқылы жасалған зат есімдер қарастырылады. Зерттеудің мақсаты тәуелсіздік кезеңінде қазақ тіліндегі құрамында -хана аффиксоиді бар сөзжасамдық модельдің динамикасын анықтау. Тәуелсіздік кезеңінде бұл модель жаңа саяси, әлеуметтік-мәдени, ұйымдастырушылық және тұрмыстық құбылыстар мен ұғымдардың атауларын жасау барысында белсенді қолданыла бастады. «Хана» сөзінің парсы тілінен шыққанына қарамастан, ол қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне сіңісіп, ежелден зат есімдерді жасауда өнімді қызмет атқарған. Алайда отаршылдық кезеңде қазақ тілінің қоғамдық қолданыс аясының тарылуына байланысты сөзжасамдық модельдің өнімділігі төмендеп, қолданыстан шыға бастады. Дегенмен тәуелсіздікпен бірге келген жаңа әлеуметтік-мәдени жағдай тілдің ішкі тетіктерін жандандырып, соның ішінде күрделі сөздердің -хана аффиксоиді арқылы қалыптасу үдерісі қайта қарқын алды. Мақалада -хана компоненті арқылы жасалған зат есімдердің құрылымдық және семантикалық модельдері сипатталады. Олардың қатарында бірінші компоненті зат есімнен және етістіктен жасалған модельдер қарастырылады. Күрделі сөздердің семантикалық модельдері белгілі бір заттардың орналасатын, сатылатын және сақталатын орнын, сондай-ақ тамақ дайындау, емдеу, қолөнер сияқты кәсіби қызмет түрлері жүзеге асырылатын мекенді білдіреді. Қазіргі қазақ тілінде бірінші компоненті зат есім болатын модель ең өнімді сөзжасамдық үлгі болып табылады. -хана компоненті лексикалық мағынасын ішінара жоғалтқан, қазіргі кезде оның негізгі қызметі сөзжасам, яғни жаңа күрделі сөздердің заттылық мағынасын білдіру.
Мақалада қазақ тіліндегі терминдердің көпмағыналылық, кеңмағыналылық мәселелері талданып, олардың бірі-бірінен айырмашылықтары мен ұқсас тұстары айқындалып, бұл құбылыстар тілтанымдық және экстралингвистикалық тұрғыдан сипатталды. Қазақ әдеби тілінің сөздігінен терминдердің анықтамасы алынып, салалық терминологиялық түсіндірме, аударма сөздіктерден мысалдар келтірілді. Терминдердің белгілейтін ұғымдармен сәйкестігі ескерілді. Зерттеу барысында шетелдік және отандық зерттеуші ғалымдардың көпмағыналылық, кеңмағыналылық құбылысына байланысты пікірлері келтірілді. Сөздердің құрылымдары, техникалық, лингвистикалық және т.б. салыстырмалы түрде талданып, оларды жасауда ескерілетін талаптар, атқаратын міндеттері айқындалды. Зерттеуде терминологиядағы көпмағыналылық және кеңмағыналылық құбылыстарына байланысты мәселелерді қарастыруда жинақтау, сипаттау, салыстыру, салғастыру, талдау, модельдеу әдістері қолданылды. Зерттеу нәтижелері қазақ тіліндегі терминдік жүйенің дамуында көпмағыналылық және кеңмағыналылық құбылыстарының маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Терминдердің мағыналық ерекшеліктерін айқындау арқылы олардың ғылыми және кәсіби қолданыстағы бірізділігі мен дәлдігі қамтамасыз етілді. Жүргізілген талдаулар мен салыстырулар негізінде терминдерді қалыптастыру мен жүйелеуде мағыналық нақтылық пен ғылыми үйлесімділікке баса назар аудару қажеттігі анықталды.
Қазіргі жаһандану кезеңінде Ілияс Жансүгіровтің лингвопоэтикалық дискурсы ұлттық бірегейлікті сақтау мен тарихи-мәдени тұтастықты жаңғырту парадигмасында қазақ халқының этномәдени танымы мен тілдік дүниетанымын бейнелейтін маңызды рухани-танымдық құндылық ретінде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты Ілияс Жансүгіровтің поэтикалық дискурсында қолданылатын лексикалық бірліктерді семантикалық және стилистикалық аспектіде жүйелеп, олардың көркемдік-эстетикалық қызметін анықтау, сондай-ақ поэтикалық тіл мен этномәдени таным арасындағы өзара байланысты ашып көрсету. Зерттеудің ғылыми-тәжірибелік маңыздылығы оның нәтижелерін қазақ тілінің лексикалық-тілдік бірліктерді жүйелеуде, көркем мәтіндегі этномәдени мәнді ашуда және поэтикалық дискурсты кешенді тілдік талдауда қолдануға болады. Зерттеудің әдіснамалық негізін лексемалардың семантикалық ерекшеліктерін анықтауға бағытталған лингвистикалық және когнитивтік талдау, сондай-ақ сөздік дереккөздерге сүйенетін лексикографиялық әдіс құрайды. Талдау Ілияс Жансүгіровтің идиолектісіндегі бірліктердің мәнмәтіндік және мәдени-танымдық сипаттарын ескере отырып жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде Ілияс Жансүгіровтің поэтикалық тілінің бейнелілікке және ұлттық-мәдени мазмұнның тереңдігіне қанық екені анықталды. Ақынның идиолектісі қазақ халқының дүниетанымдық көкжиегін, таным-түйсігін және эстетикалық құндылықтарын айшықтайтын күрделі семиотикалық құрылым ретінде танылады. Зерттеудің құндылығы поэтикалық тілдің көркемдік-эстетикалық әлеуетін ашуға және ұлттық танымды тілдік деңгейде сипаттауға қосатын үлесімен ерекшеленеді.
Қарқара/Қарқаралы Қазақстан жерінде кең таралған ерекше географиялық атау. Бұл топонимнің шығу тегі, мағынасы ғылыми еңбектерде тырна құсының бір түрі немесе түйе үстіне артатын қазақи бұйым ретінде, қазақ әйелдерінің дәстүрлі баскиіміне немесе тау сөзінің әр тілдегі атауына байланысты бірнеше бағытта қарастырылған. Топонимика саласында жүргізілген көптеген зерттеулерге қарамастан, бұл атаудың мән-мағынасын толыққанды түсіндіретін тұжырымның әлі қалыптаспағаны байқалады. Сондай-ақ географиялық факторлардың жеткілікті дәрежеде ескерілмеуі әдіснамалық олқылықтарға, ал жекелеген түсіндірмелер «Қарқаралы» топонимінің сакралды және тарихи маңызын бұрмалауға алып келгенін аңғартады. Осы зерттеуде «Қарқаралы» топонимі табиғаттағы географиялық құбылыстардың дыбыстық ерекшеліктері тұрғысынан қарастырылып, олардың тілдік санада жер-су атауларына қалай ықпал еткені талданады. Сонымен қатар түбірлес атаулардың әлемнің 15 елінде кездесетіні анықталып, бұл топонимнің өте ерте кезеңдерден бері сақталып келе жатқандығы негізделеді. «Қарқара» сөзімен байланысты жер-су атауларының картасы жасалып, олардың кеңістіктік таралуы мен лингвогеографиялық маңызы картографиялық әдіс арқылы түсіндіріледі. Зерттеу нәтижелері ономастика, лингвогеография салаларындағы теориялық тұжырымдарды толықтырып, географиялық атаулардың пайда болу заңдылықтарын түсіндіруге үлес қосып, Қазақстан топонимдерінің электрондық базасын жетілдіруде, тарихи-географиялық карталарды әзірлеуде және географиялық атауларды жүйелеу жұмыстарында пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар зерттеу материалдарын жоғары оқу орындарының ономастика, лингвогеография және өлкетану пәндері бойынша оқу үдерісінде, арнайы курстар мен оқу құралдарын дайындауда қолдануға болады.
Мақалада мәмлүк-қыпшақ тілінде жазылған ортағасырлық жазба ескерткіштердің бірі – «Байтарату’л-Вазих» қолжазбасындағы діни лексика кешенді түрде талданады. Атбегілік пен ветеринария саласына арналған бұл еңбек араб тіліндегі «Байтара» атты трактаттың қыпшақша аудармасы болып табылады. Соған байланысты оның тілдік құрамынан исламдық теологиялық ұғымдар жиі кездеседі. Зерттеу барысында қолжазбадағы діни сөздер тақырыптық топтарға бөлініп, лексика-семантикалық тұрғыдан жүйеленеді, олардың мағынасы мен қолданылу контекстері анықталады. Негізгі тақырыптық топтарға теологиялық ұғымдар (Тәңірі), ислам дініне қатысты лексика (Аллаһ, Құран, тағалла, рабб, Расул,ахирет, қиямет, расул, сахаба, сахиб), діни қызмет пен рәсім терминологиясы (намаз, фиқһ, мәкрух, таһият, дуа), моральдық-этикалық концептілер (сабыр, шүкір, күнә, үкім, рахым, ризық), діни антропонимдер, пайғамбарлар мен сахабалар есімдері: Адам, Мұхаммед, Мұхаммед Мұстафа, Әбу Бәкір, Омар, Осман ибн Аффан), топонимдер (Мекке), сондай-ақ арнайы діни тіркестер (Бісмілләһі р-рахмани р-рахим, әл-әләмин, расул алейһис-сәләм) талданады. Аталған лексикалық бірліктерді қарастыру барысында қолжазбаның теолингвистикалық кеңістігіне шолу жасалып, ортағасырлық қыпшақ қоғамының рухани-діни дүниетанымына қатысты маңызды тілдік-мәдени деректер анықталды.«Байтарату’л-Вазих» қолжазбасы – қыпшақ тілінің тарихи даму үдерісін, оның қазіргі қазақ тілімен арасындағы лексикалық әрі құрылымдық сабақтастығын анықтауға мүмкіндік беретін құнды тарихи жазба мұра. Ескерткішті лингвистикалық тұрғыдан кешенді зерттеу түркітану және қазіргі қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерін шешуде маңызды ғылыми база болып табылады.
Қазіргі тіл білімінде тіл мен танымның өзара байланысын нақты мәтіндік материал негізінде ашу өзекті бағыттардың біріне айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Абайдың қара сөздері адамның ішкі ойлау әрекетін, өзін-өзі тану мен моральдық бағдарын тіл арқылы танытатын бірегей дереккөз. Мақаланың мақсаты Абай қара сөздеріндегі менталды етістіктердің танымдық сипатын айқындап, олардың мәтіндегі ой әрекетін ұйымдастырудағы қызметін көрсету. Зерттеу міндеттері мыналарды қамтиды: қара сөздердегі менталды етістіктердің қолданысын сөйлем деңгейінде контекстік талдау арқылы анықтау; етістіктің семантикалық өзегі мен қосымша реңктерін ашу; менталды мағынаның берілу жолдарын дара етістік, тіркес, көмекші етістік және тұрақты орамдар арқылы сипаттау; менталды бірліктердің оқырманды өзін-өзі таразылауға, дәлелді пайымға, шындық өлшемін сақтауға жетелейтін функционалдық-қатысымдық қырын көрсету. Эмпирикалық база ретінде Абайдың 45 қара сөзі алынды. Қара сөз тілін зерделеген Р. Сыздық пен Н. Уәлидің тұжырымдары, сондай-ақ етістік пен сөз семантикасына қатысты А. Байтұрсынұлы, Ы. Маманов, А. Ысқақов, Н. Оралбаева, М. Оразов, Б. Қасым еңбектеріндегі қағидалар әдістемелік тірек болды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы менталды етістіктердің қара сөздердегі жүйесін олардың танымдық қызметімен байланыстыра сипаттап, «ақыл, ой, көңіл» тірек сөздері арқылы жасалатын күрделі құрылымдардың мәтін логикасын құраудағы рөлін көрсетумен байланысты. Практикалық құндылығы: Абай қара сөздерінің тілін оқыту мен мәтіндік талдау тәжірибесінде, менталды етістіктерді семантикалық-қызметтік тұрғыдан сипаттайтын сөздік және оқу-әдістемелік материалдар әзірлеуде, қазақтілді ЖИ жүйелері, соның ішінде QazLLM үлгілерін оқытуға арналған мазмұнды дерек пен датасет құрастыруда пайдалануға болады.
Жетісу топонимиясында моңғол тілінен енген жер-су атаулары өзіндік жүйе түзіп, дербес бір қабатқа айналған. Мақалада Жетісу өңірінде кездесетін моңғол тіліндегі жер-су атаулары тарихи үш кезеңмен байланыстырылады. Бірінші кезең : түркі-моңғол тіл бірлестігі тұсында қалыптасқан топонимдік атаулар; екінші кезең : моңғол шапқыншылығы кезінде енген топонимдер; үшінші кезең : Жетісудағы жоңғар үстемдігі тұсында қалыптасқан топонимдер. Ойрат тайпаларының Жетісу жерінде бір ғасырға жуық мекендегені тарихтан жақсы мәлім, сол себептен қазақ-жоңғар қарым-қатынастарына, олардың арасындағы тілдік байланыстарға арнайы назар аударылады. Бұл зерттеуіміз қазақ жеріндегі моңғол топонимдерінің тарихын қарастырғанда үшінші кезеңге айрықша көңіл бөліп, айрықшалап көрсетуімен ерекшеленеді. Мақалада Жетісу өңірінің топонимдер жүйесінде өзіндік орын алатын осы тарихи қабаттардың жер-су атауларындағы көрінісі талданады. Зерттеу аталған үш кезеңде қалыптасып, бүгінге дейін сақталған, мағынасы моңғол тілі арқылы айқындалатын жер-су атауларын жинақтап, талдауды, сонымен қатар олардың мағынасы, қойылу уәжділігін анықтауды мақсат етеді. Аталған кезеңдердегі тарихи оқиғалар Жетісу топонимдер қатарына өзгерістер әкелгені сөз етіледі. Мақалада салыстырмалы-тарихи әдіс, реконструкция әдісі, құрылымдық әдіс, яғни сөзжасамдық, топонимжасамдық әдістер қолданылды. Сондай-ақ жерсу атауларының тарихын анықтау барысында ел аузындағы аңыздар мен әңгімелер де зерттеу материалы ретінде пайдаланылды. Моңғол тілді этностардың қазақ жеріне келіп, біршама тұрақтауына байланысты моңғол жер-су атаулары қазақ тіліне енген. Зерттеу нәтижесінде моңғол тіліндегі жер-су атауларының Жетісу өңірінің топонимдер жүйесіне ықпал-әсері анықталып, алатын орны айқындалды.
Мақалада қазақ және ағылшын-кельт мәдениеттеріндегі космонимдік концептілердің кумулятивтік қызметі салыстырыла талданады. Космос атаулары этностың дүниені тану тәжірибесін, табиғатпен қарымқатынасын, моральдық және рухани бағдарларын жинақтайтын мәдени-семиотикалық құрылым ретінде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты Темірқазық Polaris, Жетіқарақшы Big Dipper, Үркер Pleiades, Құс жолы Milky Way концептілік жұптарының мәдени-когнитивтік қызметін анықтау. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы космонимдердің тек астрономиялық белгілер емес, ұрпақаралық мәдени жадты жеткізуші тілдік-символдық репозиторий екенін көрсетуімен айқындалады. Зерттеу барысында салыстырмалы лингвомәдени талдау, мифопоэтикалық интерпретация және семантикалық талдау әдістері қолданылды. Нәтижесінде қазақ дүниетанымында космостық атаулар экологиялық-тәжірибелік білімді, әлеуметтік мінез нормаларын және рухани бағыттылықты бекітетін тұрақты мәдени код қызметін атқаратыны анықталды; ал ағылшын-кельт дәстүрінде олар көбіне эстетикалық және символдық қабаттарда сақталған. Зерттеу нәтижелері этнолингвистика мен лингвомәдениеттану салаларында мәдени жадыны сипаттайтын концептілік жүйелерді әрі қарай талдауға негіз болады.
Тіл мен гендер арасындағы сабақтастық мәселесі лингвистика ғылымындағы маңызды салалардың бірі. Гендерологиялық ерекшеліктердің бірден-бір көрсеткіші тіл. Тілдің әралуан қабаттарынан гендерлік белгілер тарамдалып тарқайды. Соның бір тармағы адамның «қарттық» кезеңі де тілдік гендерлік тұрғыдан көркем мәтіндерде ашық та жасырын түрде көрінеді. Осы мәселелер көркем мәтіндердегі «қарт» концептісі ретінде арнайы нысан ретінде алынып, гендерлік лингвистика тұрғысынан қарастырылады. Гендерлік лингвистикада ер адамдардың ауызша тілдесімі мен жазбаша мәтінде әйел адамдардан айырмашылығын анықтау үшін көптеген зерттеулер жүргізілді. Тілдік коммуникация барысындағы ер адамдар мен әйел адамдардың тілдесімінде гендерлік ерекшеліктер болатындығы табиғи және физиологиялық мәселелер ретінде зерттеу нысанына айнала бастады. Бұл зерттеу жұмысында дәл осы мәселеге қатысты ер және әйел адамдардың биологиялықфизиологиялық жас айырмасында да гендерлік тілдік ерекшелік болатындығы арнайы зерттеу нысанына алынып, оның ішіндегі «қарт» концептісінің гендерлік коннотациясы қарастырылады. Зерттеу жұмысының мақсаты көркем поэтикалық мәтіндерде кездесетін қарттық жасындағы ер адам мен әйел адамның тілдік қолданысында болатын гендерлік ерекшеліктерді көрсету және оларға гендерлік аспектіде лингвоталдау жасау көзделеді. Зерттеу нәтижелерінде қарттық кезеңдегі ер мен әйелдің тілдік қолданысы мен индивидуалды лексиконындағы тілдік бірліктерде (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық категориялар, т.б.) кездесетін ерекшеліктер көркем мәтіндер негізінде талданады. Мақаланың практикалық құндылығы зерттеу нәтижелерін теориялық тіл білімі, мәдениетаралық қарым-қатынас теориясы, лингвоаксиология, лингвомәдениеттаным және гендерлік лингвистика бойынша арнайы курстар мен семинарларда қолдану мүмкіндігімен анықталады.
Мақалада отандық және шетелдік ғылымдағы «ақылды» және «ақымақ» ұғымдарының зерттелуіне шолу жасай отырып, осы концептілердің қазақ мәдениетіндегі сипаты, тілдегі көрінісі зерттелген. Бұл зерттеуде қазақ тілінің мәдени коды мақал-мәтелдерді лингвомәдени және әлеуметтік аспектіде қарастыру арқылы қазақ мәдени қоғамындағы «ақылды» мен «ақымақ» шендестігінің байланысы мен мағыналық құрылымдық өзгерістерін көрсету мақсаты қойылды. Осы мақсатқа орай жұмыстың негізгі материалы ретінде мақал-мәтелдер алынды. Мақалмәтелдер әрбір этностың әлемге көзқарасын, ақыл-парасат пен ақымақтыққа қатысты ұстанымдарын айқын көрсетеді. Зерттеудің өзектілігі де осында. Сондықтан қазақ халқының дүниетанымында маңызды орын алатын «ақылды» және «ақымақ» концептілерін осы паремиологиялық қор арқылы талдау тіл мен мәдениет байланысын, когнитивтік құрылымдарды танудың тиімді жолы. Зерттеу жұмысында ғылыми материалдарға сүйене отырып, қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді ақылды–ақымақ шендестігі тұрғысынан салыстыру, талдау, сондай-ақ лингвомәдени талдау әдістері қолданылды. Соның ішінде сөздердің бағалауыштық мәні салыстырылып, семантикалық өрісі анықталды. Зерттеу нәтижелері кесте түрінде беріліп, қазақ мақал-мәтелдеріндегі «ақылды» концептісінің негізгі белгілері көрсетілді. Сол арқылы «ақымақ» ұғымын білдіретін қолданыстардың лингвомәдени сипаты ашылды. Зерттеу нәтижесінде мақал-мәтелдердің тек тұрақты тілдік бірліктер ғана емес, сонымен бірге интерпретациялық өзгерістерге ұшырайтын мәдениеттің динамикалық элементтері ретінде қызмет ететіні жөніндегі тұжырым ғылыми тұрғыдан негізделді.
Мақала қазақ халқының рухани мәдениетінің ажырамас бөлігіне жататын дәстүрлі ән фольклорындағы орнитонимдердің, яғни құс атауларының лингвомәдени сипатын зерттеуге арналған. Ғылыми зерттеудің негізгі мақсаты қазақ ән өлеңдерінің мәтіндері негізінде құс атауларының ұлттық дүниетанымдағы символдық, метафоралық және эталондық қызметін айқындау. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы зоонимдік лексиканың астарындағы этномәдени кодты ашу арқылы лингвомәдениеттану саласын тың деректермен толықтыруында жатыр. Зерттеу барысында сипаттамалы, компоненттік, контекстік талдау әдістері және лингвомәдени интерпретация тәсілі қолданылды. Талдау нәтижесінде орнитонимдер семантикалық үш топқа жіктелді: сұлулық пен адалдық символы (су құстары), ерлік пен тектілік символы (жыртқыш құстар) және өнер мен хабаршылық символы (сайрағыш құстар). Құс атауларының психологиялық параллелизм құрудағы және сөйлеу этикетін сақтаудағы рөлі анықталды. Жүргізілген зерттеудің құндылығы қазақ әндеріндегі орнитонимдердің биологиялық атау ғана емес, адамның ішкі сезімі мен әлеуметтік болмысын бейнелейтін тұрақты лингвомәдени бірліктер жүйесі екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуінде. Жұмыс қорытындысының практикалық мәні алынған нәтижелерді этномәдени сөздіктер түзуде, фольклортану және тіл білімі пәндерін оқытуда, сондай-ақ ұлттық менталитетті зерттеуде пайдалану мүмкіндігімен негізделеді.
ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІ
Мақала Шымкент қаласы материалдары негізінде қазіргі тілдік жағдайдағы қазақстандық мегаполистің урболингвасын зерттеуге арналған. Мақаланың мақсаты Шымкент қаласының білім беру ортасындағы оқушылардың тілдерді таңдау динамикасын талдау арқылы тіл саясатының тілдер бәсекелестігіне әсерін бағалау, мониторингтік режимде Қазақстанда жүргізіліп жатқан тіл саясатының таңдалған өңірде тілдердің нақты қолданылуының әсерін түсіну. Білім беру тілін таңдау мегаполистің көптілді қоғамында тілді қолдану туралы деректердің ең практикалық және сенімді көздерінің бірі, себебі ол мемлекеттің тіл саясаты мен ұлттық басымдықтарды көрсетеді. Зерттеу материалы халық санағынан, ҚР Статистика агенттігінен, ұлттық білім беру және тестілеу стандарттары орталығының дерекқорларынан алынған мәліметтер болды. Зерттеу көздері әр жылдары қабылданған ҚР тілдік заңнамалары, сондай-ақ жалпы орта білім берудің оқу жоспарлары. Сонымен қатар зерттеудің эмпирикалық материалы ретінде Шымкент оқушылары арасында жүргізілген сауалнама барысында алынып, ғылыми айналымға алғаш рет енгізілген әлеуметтік-лингвистикалық деректер алынды. Зерттеу барысында дәлірек нәтижелер алу үшін жалпы ғылыми және жеке ғылыми зерттеу әдістерін біріктіретін кешенді тәсіл қолданылды. Зерттеу нәтижелері өңірде қазақ тілін басымдықпен қолдану үрдісін көрсетеді. Шымкент қаласының орта мектеп оқушыларының тілдік қалауларын мониторингтік зерттеу орта білім беру саласында оқыту тілін таңдауды сипаттау, сондай-ақ бірінші және екінші тіл ретінде орыс тілін меңгеру дәрежесі/деңгейі, мектеп бағдарламаларында қазақ/орыс/ағылшын тілдерін оқыту жағдайларын талдау тұрғысынан перспективалы болып көрінеді. Қазақстан оқушыларының тұрғылықты өңіріне байланысты тілдік қалауларына мониторинг жүргізу республикада жүзеге асырылып жатқан тіл саясатының тиімділігін бағалаудың перспективалы әлеуметтіклингвистикалық көрсеткіші болып саналады.
Мақалада сөз синтезі жүйесін жүзеге асыру үшін білім беру платформаларының мәтіндерінің просодикалық ерекшелігін анықтау мәселесі қарастырылды. Себебі сөз синтезіне әрбір сөйлемнің интонациялық ерекшелігін анықтап бермейтін болсақ, бағдарлама сөйлемнің қандай интонемамен айтылатындығын ажырата алмайды. Қазіргі таңда қазақ тілінің интонациялық ерекшелігі академик З.М. Базарбаеваның зерттеулерінде жанжақты талданып, қазақ тіліне тән 8 интонеманың бар екені анықталды. Осы орайда диктордың оқылымына берілетін мәтіндерге қазақ тіліне тән интонемалар қойылып, ерекшелігі көрсетілді. Зерттеуге білім беру платформасындағы жаратылыстану және гуманитарлық бағыттағы «Анатомия», «Криминалистика», «Менеджмент», «Қазақ әдебиеті» оқулықтары алынды. Мақалада сөз синтезін жасау барысында интонема модельдері диктордың оқу мәнеріне үлгі ретінде қолданылды. Синтезделген сөйленімнің интонациялық (просодикалық) сапасын арттыру үшін негізгі тон жиілігінің көтеріңкі-бәсең, бәсең-көтеріңкі және бірқалыпты түрлері, сондай-ақ сөйлеу қарқынының жылдам және баяу деңгейлері назарға алынды. Қазақ тіліндегі интонемалар сөйлемнің тиянақты не тиянақсыз екенін, айтылымның эмоциялық реңкін, сондай-ақ оның жалпы сұраулы немесе арнайы сұраулы интонациямен айтылуын анықтайды. Осыған байланысты интонема модельдерін жүйелеп ұсыну маңызды. Сондықтан сөйленім синтезаторына сөйлем соңында тональді деңгейдің міндетті түрде төмендейтіні, ал сөйлем ортасында көтеріңкі немесе бірқалыпты тональді деңгейдің сақталуы ойдың аяқталмағандығын білдіретіні модель түрінде беріліп, ерекшелігі көрсетілді.
Мақала Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткерлерінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға арналған жария сөздерін кешенді когнитивтік-дискурстық талдауға арналған. Зерттеудің дереккөзі ретінде әртүрлі деңгейдегі мемлекет қайраткерлерінің жария сөздерінің мәтіндері мен үзінділері, сондай-ақ 2017 2025 жылдар аралығындағы ғылыми және әлеуметтік-мәдени жобаларды іске асыру жөніндегі есептер пайдаланылды. Сонымен қатар зерттеу материалына Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың 2023, 2024 және 2025 жылдары өткен Ұлттық құрылтай отырыстарындағы бағдарламалық баяндамалары енгізілді. Зерттеу семантикалық және вербалды-семантикалық талдау, когнитивтік, дискурстық, интеракциялық және салыстырмалы әдістерді, сондай-ақ негізгі лексемалар мен сөз тіркестерінің диахрондық SEO-талдауын қамтитын ғылыми әдістер кешені арқылы жүзеге асырылды. Талдау нәтижесінде зерттеліп отырған шаршысөз дискурсының басым концептілері «бағалау» және «үздіксіздік» екені анықталды. Бұл концептілер ырықсыз етіс құрылымдары, проспективтік семантикаға ие етістіктер, етістіктен жасалған зат есімдер және адамгершілік құндылықтарға қатысты абстрактілі лексика сияқты әртүрлі семантикалық-синтаксистік құралдар арқылы вербалданады. Қазақстан Республикасы Президентінің риторикасына тән проспективтік семантиканың ел болашағының стратегиялық бейнесін қалыптастыруда шешуші рөл атқаратыны анықталды. Үш бағдарламалық баяндаманың диахрондық SEOталдауы дискурстық басымдықтардың эволюциясын қадағалауға мүмкіндік берді: 2023 2024 жылдары тарихи жады мен ұлттық бірегейлікті өзектендіруден бастап, 2025 жылы сыртқы саяси ұстанымдарды айқындауға және даму перспективаларын алдыңғы қатарға шығаруға дейінгі өзгерістер анықталды. Зерттеу нәтижелері қолданылған вербалды-семантикалық құралдардың ықпал ету әлеуеті мен перлокутивтік әсері тұрғысынан жоғары тиімділігін растайды. Бұл өз кезегінде аталған бағытта шаршысөз саяси дискурсын оңтайландыру жөніндегі ұсынымдарды одан әрі әзірлеудің тиімділігін негіздейді.
Мақалада қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгеріп жүрген орыстілді қазақ студенттерінің сөйлеу әрекетінде байқалатын интерференция құбылысы когнитивтік және психолингвистикалық тұрғыдан қарастырылады. Зерттеу нысаны ретінде ана тілі қазақ тілі болғанымен, орта білімді орыс тілінде алған, жоғары оқу орнында, қоғамдық ортада және ақпараттық кеңістікте орыс тілін басым қолданатын студенттердің ауызша және жазбаша жұмыстары алынды. Зерттеуге қатысушылар қазақ тілін шектеулі функционалдық аяда негізінен отбасылық қарым-қатынаста, қазақ тілі сабағында немесе күнделікті тұрмыстық жағдайларда ғана қолданады. Мақалада интерференция тілдік қате немесе тілдік нормадан ауытқу ретінде емес, қостілді сананың табиғи когнитивтік бейімделу тетігі және екі тілдің мағыналық, концептуалдық жүйелерінің өзара әрекеттесуінен туындайтын құбылыс ретінде сипатталады. Зерттеуде ассоциативтік тасымал, бейнелі мағынаны сөзбе-сөз беру, ұғымдық үстемелену және фреймдік ауысу сияқты когнитивтік механизмдердің интерференцияның қалыптасуындағы рөлі талданады. Зерттеу барысында когнитивтік-интерпретациялық, дискурсивтік, салыстырмалы және прагматикалық талдау әдістері қолданылды. Нәтижесінде аталған топтағы студенттерде интерференцияның тілдің лексика-семантикалық, синтаксистік және прагматикалық деңгейлерінде көрінетіні анықталды. Зерттеу нәтижелері интерференцияның қостілді тұлғаның жаңа тілдік тәжірибесін қалыптастыру барысында іске қосылатын табиғи когнитивтік үдеріс екенін дәлелдейді. Сонымен қатар зерттеу барысында студенттердің ауызша және жазбаша сөйлеуінде кездесетін интерференциялық қолданыстардың тұрақтануы байқалды. Мұндай құбылыс қазақ тіліндегі ұлттық-мәдени мазмұнды, фразеологиялық қорды және табиғи қолданыс үлгілерін белсенді қолдану деңгейінің төмендеуіне әкеліп, тілдік аттриция қаупін күшейтуі мүмкін. Сондықтан қазақ тілін оқытуда интерференцияны түзетуді қажет ететін қате ретінде емес, тіл үйренушінің когнитивтік даму ерекшеліктерін көрсететін маңызды көрсеткіш ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді.
Бұл мақалада Қазақстан мен Ұлыбританияның жаңалықтар дискурсындағы гомоантропонимдер, топонимдер және омонимдер сияқты ономастикалық бірліктердің тілдік ерекшеліктері талданады. Бұл талдауда пайдаланылған деректер көзі «Хабар», «24 Қазақстан», «ҚазТАГ», «Таймс», «Гардиан», «Индепендент», «Дейли Телеграф» және «Бақылаушы» сияқты беделді бұқаралық ақпарат құралдарының тақырыптары, жаңалықтар мақалалары және қысқаша баяндамалары болып табылады. Атап айтқанда, мақалада ономастикалық бірліктердің әлеуметтік-мәдени және тілдік контекст жағдайында белгілі бір прагматикалық мақсаттарды орындауға қалай көмектесетіні талданады. Зерттеу барысында бірнеше тұжырымдарға қол жеткізілді. Біріншіден, Қазақстан мен Ұлыбританияның жаңалықтар дискурстарында мәтіннің стилистикалық әсерін және прагматикалық функциясын күшейту мақсатында тілдік ойындарды әзірлеу үшін полисемантикалық элементтер (ономоантропонимдер, ономотопонимдер және кейде ономофитонимдер) қолданылады. Бұл айырмашылықтар атау құрылымдарының айтарлықтай ерекшеленетінін көрсетеді; Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мамандық белгілері мен сын есімдерді қолдана отырып, формальды және айқын көп компонентті атау жүйелерін қолданса, британдық аналогтар қысқа екі компонентті құрылымдарға артықшылық береді және әртүрлі лақап аттар, метафоралар мен символдарды, соның ішінде кемсітушілік саяси және мәдени белгілерді қолданады. Зерттеу нәтижелері сонымен қатар Қазақстан мен Ұлыбритания жаңалықтар дискурстарында стилистикалық экспрессияны және прагматикалық функцияны күшейтетін тілдік ойындарды жасау үшін полисемантикалық ономастикалық бірліктер мысалы, жалқы есімдер, антропонимдер және кейде топонимдер қолданылатынын көрсетеді. Атап айтқанда, қазақстандық БАҚ мамандық белгілері мен сын есімдері бар формальды, көп компонентті атау жүйелерін артық көреді, ал британдық БАҚ лақап аттар, метафоралар мен символдарды, соның ішінде кемсітушілік саяси сілтемелер мен мәдени белгілерді пайдаланатын қысқа, екі компонентті құрылымдарды артық көреді. Бұл зерттеулер топонимдер мен саяси атаулардың мәдени символ ретінде қолданылуының маңызын көрсетеді, өйткені олар билікке, ұлтшылдыққа, идеология мен саясатқа қатысты мағыналарды қамтиды. Авторлар бұл нәтижелердің лингвистикалық талдауда ғана емес, мәдениетаралық коммуникацияны зерттеуде және топонимикалық сөздіктерді әзірлеуде де қолданбалы маңызы бар деген қорытынды жасайды.
Ұсынылған ғылыми жұмыста кеңістік пен уақыт категориясына жататын метрологиялық бірліктерді қазақ тілінен ағылшын тіліне аударуда кездесетін тәсілдер жүйесі қарастырылады. Зерттеу барысында қазақ халқының көшпелі өмірінен хабардар ететін өлшем бірліктерінің ағылшын тіліне тәржімалау барысында пайда болған қиындықтар мен ерекшеліктер талданады. Нәтижесінде кеңістік пен уақыт категорияларының біртұтас екендігі тек қазақ тілінде ғана емес, құрылымы мүлде өзгеше ағылшын тілінде де айқындалды. Қазақ халқының дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін, мәдени өмірі мен тарихын ағылшын тілді оқырмандарға түсінікті, қарапайым етіп жеткізудің түрлі жолдарының бар екендігі, аударуда ұлттық колориттің толық сақталмайтыны және мағыналық сәйкессіздікке жол берілгені дәлелденді. Мақалада салғастырмалы (контрастивті), талдау және түсіндіру әдістері қолданылды. Ғылыми зерттеудің мақсаты көшпелі мәдениет кезеңінен хабар беретін өлшем бірліктерінің басқа тілге аударылу ерекшеліктерін көрсету. Осыған орай, қазақ тіліндегі өлшем атауларын ағылшын тіліне аударудың тиімді жолдарын анықтау, олардың мағыналық және мәдени ерекшеліктерін салыстыра талдай отырып аударма сапасын көтеру қазіргі аударматану мен әдебиеттану салалары үшін өзекті мәселелердің бірі. Зерттеу нәтижелері аударматану, этнолингвистика, контрастивті және когнитивті лингвистика, лексикология мен әдебиет салаларына ғылыми және практикалық негіз бола алады.
Мақалада қазіргі медиамәтін теориясындағы мультимодальдылық мәселесі медиалингвистика, семиотика және дискурс теориясы тоғысындағы өзекті ғылыми бағыттардың бірі ретінде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты ғылыми әдебиеттер негізінде қазіргі медиамәтіннің мультимодальды табиғаты туралы қалыптасқан теориялық тұжырымдарды жүйелеу, мультимодальдылық ұғымының мазмұнын айқындау және оның медиакоммуникацияны түсіндірудегі ғылыми-әдіснамалық маңызын анықтау. Зерттеу барысында 2011-2025 жылдар аралығында жарияланған отандық және шетелдік ғылыми еңбектерге контент-талдау жүргізіліп, мультимодальдылықтың медиамәтіннің поликодты, көпарналы және интегративті сипатын түсіндірудегі орны сараланды. Нәтижесінде қазіргі медиамәтін теориясында мультимодальдылықтың вербалды, визуалды, аудиалды және технологиялық компоненттердің өзара әрекеттесуіне негізделген күрделі семиотикалық жүйе ретінде қарастырылатыны анықталды. Сонымен қатар мультимодальдылық ұғымының медиамәтіннің құрылымдық ұйымдасуын, мағына тудыруын және ақпаратты қабылдау ерекшеліктерін түсіндіретін маңызды теориялық категориялардың бірі екендігі айқындалды. Зерттеу нәтижелері медиамәтіннің мультимодальды табиғатын ғылыми тұрғыдан пайымдауға және осы бағыттағы теориялық ізденістерді жүйелеуге мүмкіндік береді. Мақаланың практикалық маңызы оның теориялық қорытындыларын жоғары оқу орындарында «Медиалингвистика», «Медиамәтін теориясы», «Мультимодальды коммуникация», «Цифрлық журналистика» пәндерін оқыту барысында оқу-әдістемелік материал ретінде қолдану мүмкіндігімен өзектеледі.
Мақала қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «әйел» концептісімен байланысты тыйым сөздер мен эвфемиздердің лингвистикалық тетіктерін зерттеуге арналған. Тақырыптың өзектілігі гендерлік таңбаланған лексиканың сөйлеу стратегияларын таңдауға әсер ететін мәдени тыйымдардың, этикет нормаларының және когнитивтік схемалардың бір-бірімен байланыстылығында. Осылайша, әйелдердің физиологиялық, жас және әлеуметтік реалийлерін атау және ауыстыру әдістерін зерттеу тілдің, мәдениеттің және ойлаудың өзара әрекеттесуін нақтылауға мүмкіндік береді. Зерттеудің мақсаты салыстырмалы аспектіде эвфемистік және тыйым салынған бірліктердің семантикалық, когнитивтік және прагматикалық параметрлерін анықтау. Жұмыс келесі бағыттарды қамтиды: эвфемизацияның лексика-семантикалық модельдерін талдау, фреймдер мен мәдени сценарийлерді қайта құру, көркем әдебиет пен корпустық материалдарды салыстыру, үш лингвомәдениетте әмбебап және нақты стратегияларды бөліп көрсету. Ғылыми жаңалық когнитивтік-фреймдік талдаудың корпустық және дискурсивті әдіснамаға негізделіп, әйелдер тақырыбын сезімтал лингвомәдени аймақ ретінде тануынан көрінеді. Материалға көркем мәтіндер (Дж. Стейнбек «Of Mice and Men», М. Булгаков «Мастер и Маргарита», Ә. Нүрпейісов «Қан мен тер» шығармалары), корпустық ресурстар (BNC, COCA, НКРЯ, Қазақ тілінің ұлттық корпусы) және сөздіктер кіреді. Ағылшын тілі негізінен метафоризация мен перифразаларды (мысалы, expecting, those days ) пайдаланады, ал қазақ тілі әлеуметтік-рөлдік және этикеттік стратегияларды (мысалы, аяғы ауыр, ұятты сөз ) көрсетеді. Екі тілде де эвфемизация, әсіресе физиология, жас және әлеуметтік рөл домендерінде белсенді. Алынған нәтижелер физиологиялық мазмұнды жұмсартудың әмбебаптығын да, сөйлеуді бүркемелеу әдістерінің мәдени ерекшелігін де растайды. Зерттеудің практикалық маңызы деректерді мәдениетаралық коммуникацияда, шет тілдерді оқытуда, лексикографияда, аудармада және сезімтал лексиканы өңдеу бойынша NLP тапсырмаларында қолдану мүмкіндігімен байланысты.
ISSN 2709-135X (Online)









