Preview
№ 3 (2023)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)
3-14 463
Аннотация

Мақала қазақ тілінің ұлттық корпусында толықтай сөзжасамдық аффикстерді беру жолдарын зерттеуге арналған. Аффикстер тілдің сөзжасамы мен семантикасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады және олардың берілуін зерттеу лингвистикалық теория мен практика үшін өте маңызды. Ғылыми зерттеудің мақсаты, негізгі бағыттары мен идеялары: зерттеудің мақсаты қазақ тілі корпусында сөзжасамдық аффикстерді беру тәсілдерін талдау және жүйелеу болып табылады. Зерттеудің негізгі бағыттары аффикстің берілуінің морфологиялық ерекшеліктерін талдауды, сондай-ақ әртүрлі берілу нұсқалары мүмкін болатын контексттерді анықтауды қамтиды. Жұмыстың ғылыми және практикалық маңыздылығының қысқаша сипаттамасы: зерттеу қазақ тіліндегі сөзжасам процестерін жақсы түсінуге және осы тілдегі мәтіндерді автоматты түрде өңдеудің тиімді әдістерін жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар лингвистикалық ресурстарды құру және тілдік қосымшаларды әзірлеу үшін практикалық маңызы бар. Зерттеу әдіснамасының қысқаша сипаттамасы: зерттеу әдіснамасы қазақ тілінің ұлттық корпусынан алынған мәтіндік материалды талдауды, сондай-ақ аффикстердің берілу ерекшеліктерін анықтау үшін лингвистикалық құралдарды және деректерді талдауды пайдалануды қамтиды.

Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен талдаулары, қорытындылары: зерттеуіміз қазақ тілінің корпусында сөзжасамдық аффикстерді, соның ішінде морфологиялық конструкцияларды берудің әртүрлі тәсілдерін анықтады. Талдау осы әдістердің ерекшеліктері мен жиілігін анықтауға мүмкіндік берді. Жүргізілген зерттеудің құндылығы: бұл зерттеу лингвистикалық теорияға үлес қосады, сөзжасам механизмдері және тіл корпусындағы лингвистикалық элементтердің берілу жолдары туралы білімімізді байытады. Бұдан басқа, нәтижелер қазақ тілі үшін тілдік технологиялар мен ресурстарды әзірлеу үшін пайдалы болуы мүмкін. Жұмыс қорытындыларының практикалық мәні: зерттеу қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеудің автоматты жүйелерін құруда, тілдік қосымшаларды әзірлеуде, сондай-ақ лингвистикалық оқыту мен аудармада пайдаланылуы мүмкін. Нәтижелер мен тұжырымдар лингвистика мен компьютерлік лингвистика саласындағы қосымша зерттеулерге негіз бола алады.

15-24 381
Аннотация

Әліпбидегі әріптердің фонематикалық негізін зерттеу – өзекті мәселе. Себебі ол тілдің құрылымы мен дыбыстық құрамын жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Әліпби әріптерінің фонематикалық негізін зерттеу арқылы сөздерді дұрыс айту үшін, сонымен қатар оқу, жазу дағдыларын дамыту үшін қажет. Қазақ тіл білімінде әліпбидегі әріптердің фонематикалық негізі А. Байтұрсынұлының еңбектерінен бастау алады. Ахмет Байтұрсынұлының халқы үшін істеген игі істерінің бірі – қазақ тілінің дыбыстық ыңғайына қарай ұлттық әліпби түзуі. А. Байтұрсынұлының қазақ тіліндегі дыбыстық қорды дәл анықтауы, фонетика-фонологиялық жүйеге негізделген әліпби түзуі оның қазақ грамматологиясындағы алғашқы фонолог екенін дәлелдей түседі. Себебі ғалым әліпбиді тек дыбыс пен әріп арақатынасымен ғана өлшемей, оны фонологиялық ойлаудан өткізе отырып, қазақ танымымен байланысты категория екенін түсініп жасаған. Әліпбидегі әріптердің фонематикалық негізі – тілдің дыбыстық құрамынан анықталады. А.Байтұрсынұлы – қазақ тілінің дыбыстық құрамын дәл анықтаған ғалым. Сондықтан ғалымның әліпбиі тілдің табиғаты мен заңдылықтарына сәйкесті. Осыған байланысты мақалада А.Байтұрсынұлының әліпбиіндегі әріптердің фонетика-фонематикалық негізі қарастырылып, ғалымның жасаған әліпбиіндегі әріптердің белгілі бір грамматологиялық принциппен жасалғаны анықталады. А.Байтұрсынұлының әліпбиіндегі әріптердің фонематикалық принциппен таңдалғаны және фонемалардың ортақ, айырым белгілеріне байланысты тұрпат межесі өзара ұқсас таңбаларды алуындағы тілтанымдық принциптердің бар екені анықталады. Сонымен қатар зерттеу барысында А.Байтұрсынұлы әліпбиі әріптердің жиынтығы емес, фонологиялық мазмұндағы әліпби екені анықталды. Сондай-ақ мақалада А.Байтұрсынұлы әліпбиіндегі фонологиялық негіз әріптердің мазмұн мен тұрпат межесіне, фонология теориясындағы фонемалардың ортақ және айырым белгілерлеріне, әріптердің ретінің қазақ тілінің фонетика-фонологиялық сипатына байланысты құрылғаны талданады. Мақала ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы: теориясы мен тәжірибесі» (AP13068356)» атты жоба аясында жазылды.

25-37 291
Аннотация

Белгілі бір халықтың дүниетанымын, ой-санасын, өркениеті мен мәдениетін тіл арқылы, оның ақпараты арқылы білу – қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Байырғы қазақ қоғамындағы билік атауларының тарихи даму барысында қалыптасқан жүйесі мен мәртебесін, деңгейін, этнолингвистикалық сипатын, мағыналарын, дамуының ішкі-сыртқы дереккөздерін зерделеу – зерттеу жұмысының негізгі мақсаты. Сондықтан қазақ тіліндегі байырғы билік атауларының этнолингвистикалық табиғатын ашып берудің, олардың этномәдени мағыналарын анықтаудың мәні ерекше болмақ. Зерттеліп отырған лексикалық тіл байлығында қазақ халқының мәдениеті, менталитеті, көзқарасы мен дүниетанымы, өзіндік болмысын көрсететін құнды деректер сақталған, сондықтан олар – тарих пен уақыттың табын бойына сақтап келген рухани шежірелік сипатымен құнды мұралар; билік атаулары қазақ этносы қалыптасуындағы мәдениет жалғастығын көрсетіп, қазақ қоғамының әр дәуірдегі қалпын, қалыптасу, даму үрдісін сипаттайды. Қазіргі ақпараттық қоғамда мәдени құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізіп, сақтаудың негізгі көзі – мәдени ұғымдарды Ұлттық корпустар базасына енгізу. Кез келген сөздің қандай мағынаны білдіретіндігі туралы ақпарат та пайдаланушы үшін қажетті сұраныс тудырады. Сондықтан Ұлттық корпустардан ізделген сөздің лексикалық мағынасымен бірге, мәдени бірліктердің мәдени семантикасы туралы да ақпарат беру, ең алдымен ұлттық тіл иелмендері үшін маңызды болып табылады. Лингвомәдени бірліктер мен олар туралы мәдени білімдер жүйесі және мәдени мәтіндерді жинақтаушы банк, ол – Қазақ тілінің лингвомәдени ішкорпусы. Бұл ішкорпус түрі – қазақ тілінің кең ауқымды мәдени-лингвистикалық қоры болғандықтан, оған енетін мәтіндер мен мәдени бірліктер тақырыптары жанжақты болып келеді. Мәдени-семантикалық белгіленім – сөздердің мағыналық құрылымында кодталған ұлт мәдениеті туралы білімдер жүйесі. Мәдени білімдер жүйесін ішкі формасында сақтаушы бірлік, ол – сөз, яғни мәдени бірліктер болып табылады.

38-46 326
Аннотация

Қытайлық ерекшелікке ие лексика – қытай тіліне ғана тән, уақыттың, дәуірдің, өзіндік ерекшеліктерін сипаттайтын заттарды, ұғымдарды немесе құбылыстарды білдіретін сөздер. Ондай лексика қытай қоғамының саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік өмірі және т.б. барлық салаларын қамтиды. Өзге тілдердің лексикасымен салыстырғанда, қытайлық ерекшеліктері бар лексиканың өзіндік «болмысы» мен мәдени коннотациялық мағынасы болады. Қазіргі кезде этносаралық қарым-қатынастың дамуына байланысты аударманың рөлі артуда. Зерттеудің мақсаты – қытай тіліне ғана тән, өзге тілдерде кездеспейтін мәдени коннотацияға ие лексиканы аудару жолдарын корсету. Қытайлық ерекшелікке ие сөздер сол елдің өзіне тән тарихи, мәдени ерекшеліктерін көрсетеді. Оларды дұрыс аудару – аударма үдерісіндегі өзекті мәселелерінің бірі. Зерттеу туралы идея – мәдениеттер арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыру мен жақсартудан туған деуге болады. Аударма үдересінде белгілі бір қатып қалған тәсілдерге жабысып қалмай, мәселеге макро және динамикалық тұрғыдан қарап, аударма тәсілдерін өзара ұштастыра білудің маңызы зор. Қытаймен арадағы әртүрлі ынтымақтастық, түрлі алмасулар мен коммуникациялар тіл арқылы жүзеге асады. Ал қытайлық ерекшелікке ие сөздер мен саяси терминдерді аударудың дәлдігі тілдік комуникацияға тікелей әсер етеді. Зерттеу жұмысының практикалық маңызы міне осыған байланысты. Зерттеудің құндылығы – зерттеуде осы мәселелерді дұрыс шешудің жолдары қарастылып, аталған лексикалық топты таңбалау, аудару, транслитерациялау жолдарының көрсетілуінде деуге болады. Зерттеу нәтижесінде қытай тіліне ғана тән лексиканы қазақ тіліне аудару барысында қытай мәдениетінің коннотациясын дұрыс білдіру үшін дыбыстық аударма (транслитерация), түсіндірме аударма, сөзбе-сөз аударма және еркін аударма тәсілдерінің бәрін қолдануға тура келетіндігі тұжырымдалған.

47-53 283
Аннотация

Мақалада дауысты е фонемасының фонетика-фонологиялық сипаты сөз болады. Себебі қазақ фонетикасында дауысты дыбыстардың фонетика-фонологиялық мазмұны, олардың айырым белгісі зерттеушілердің еңбегінде толық қарастырылғанымен, дауысты е фонемасы қазіргі оқулықтарда, ғылыми зерттеулерде бірде ашық, бірде қысаң, бірде жартылай ашық деп беріліп жүр. Осымен байланысты мақалада ғылыми тұжырымдар негізінде дауысты е фонемасына талдау жасалады. Талдау барысында ғылыми еңбектерде әртүрлі жіктеліп жүрген дауысты е дыбысының артикуляциялық, акустикалық, перцепциялық сипаты беріледі. Сонымен қатар дауысты е дыбысы құранды дыбыс ретінде қарастырылатын зерттеулер де бар. Құранды дыбыс ретінде қарастырылған ғылыми деректерге таладу жасалды. Мақалада дауысты е дыбысына қатысты мәселені қарастыруда А.Байтұрсынұлының, Қ.Кемеңгерұлының, Қ.Жұбановтың, І.Кеңесбаевтың, С.Мырзабековтың, Ә.Жүнісбекті, Н.Уәлидің зерттеулері басшылыққа алынды. Олардың дауысты е фонемасына берген ғылыми тұжырымдары талданды. Зерттеудің нәтижесі дауысты е фонемасын анықтау барысында және зерттеу жұмысын жүргізуде студенттерге, магистранттар мен докторанттарға тиімді болмақ.

54-62 311
Аннотация

Мақала қазақстандық ғалымдардың эпистоляриясының жанрлық-стилистикалық ерекшеліктерін зерттеуге арналған. Эпистолярлық мұра кезкелген елдің ғылымы мен мәдениеті дәстүрінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Оның зерттеуі Қазақстанның академиялық ортасы контекстінде осы жанрдың дамуы мен ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл зерттеудің мақсаты қазақстандық ғалымдардың эпистолярлық шығармаларын талдау болып табылады. Жұмыстың негізгі бағыттары-эпистолярлық мәтіндерді жіктеу, қазіргі эпистолярлық жанрдың стилистикалық ерекшеліктерін анықтау. Зерттеудің басты идеясы ғылыми коммуникациядағы эпистолярлық жанрдың рөлін ашу және оның Қазақстандағы ғылыми дискурстың дамуына қосқан үлесін анықтау болып табылады. Бұл жұмыстың ғылыми маңыздылығы қазақстандық билингвизм жағдайында ғалымдардың эпистоляриясының жанрлық-стилистикалық ерекшеліктері туралы білімдерін кеңейту болып табылады. Зерттеу Қазақ ғалымдарының өмірбаянының ғылыми бейнесін қайта жаңғыртуға, академиялық контексте эпистолярлық жанрға тән типтік ерекшеліктерді анықтауға мүмкіндік береді, бұл Қазақстандағы тілдік жағдайды екі дәуір: кеңестік және қазіргі заман контекстінде жақсы түсінуге ықпал етеді. Зерттеу қазақстандық ғалымдардың эпистолярлық шығармаларын, оның ішінде ғылыми мақалаларды, хаттарды, жеке мұрағаттардан, сондай-ақ ғылыми мекемелердің, атап айтқанда А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мұрағаттарынан электрондық хат алмасуды талдау негізінде жүргізілді.

63-71 344
Аннотация

Тілді антропоөзектік парадигма аясында зерттеу қазіргі тіл біліміндегі және жалпы гуманитарлық ғылымдардың басым міндеттерінің бірі болып табылады. Осы тұрғыда қазіргі түркі тілдеріндегі (қазақ, түрік, өзбек) когнитивті лингвистика мен лингвомәдениеттанудың негізгі бірлігі болып табылатын концептінің зерттелу деңгейін анықтау мақсат етілді. Маңызды, ұлттық сипатқа ие ұғымдарды бір мазмұнның аясына жинастыратын күрделі құбылыс концептосфера, ұлттық концептосфера туралы сөз қозғалды.

Қазіргі таңда түркі тілдерінде (қазақ, түрік, өзбек) салыстырмалы аспектіде концептуалды зерттеулер жүргізуді тереңдету қажеттілігінің маңызы анықталды.

Қазақ және өзбек тіл білімінде концептіні зерттеуге арналған іргелі зерттеулер жүргізілуде, әзірге бұл қатарға түрік тіл білімін енгізе алмаймыз. Алайда жалпы концептіні түркі тілдерінде (қазақ, түрік, өзбек) теориялық тұрғыда зерттеуге, концептінің құрылымына диахрониялық және синхрониялық талдау жасау, түркі халықтарына ортақ жазба мұраларда кездесетін көне түркілер дүниетанымындағы концептілерді анықтап, оларға кешенді талдау жүргізу қажеттілігі мәселесі қарастырылды. Түркі тілдерінің (қазақ, түрік, өзбек) тіл білімі қоржынын салыстырмалы зерттеулермен толықтырудың маңызы айқындалды. Зерттеу жүргізу барысында отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері талданды, қазіргі түркі тілдіріндегі (қазақ, түрік, өзбек) концепті мен концептосфераны зерттеуге арналған еңбектер іріктеліп, алынған ғылыми ақпараттар синтезделді. Қазақ, түрік, өзбек тіл біліміндегі осы бағытта жүргізілген зерттеулер жіктелді.

Зерттеу нәтижелері түркі тілдерінде танымдық лингвистика саласы бойынша салыстырмалы зерттеулер жүргізуде, филология және түркология мамандығының білім алушылары мен ізденушілеріне «Танымдық лингвистика» пәні бойынша дәрістер оқуда, когнитивті лингвистика бағытында түркі тілдері бойынша салыстырмалы зерттеу жүргізуде пайдаланылады.

72-77 295
Аннотация

Сан атаулары тіл білімінің маңызды зерттеу нысанына айналып ұлттың, халықтың мәдени құндылығын, санасын және өткен өмірін, тарихын көрсетуге негіз болып келеді. Әрбір санның бойында сақталған көптеген наным сенімдер, көне мәдени құндылықтар, түрлі ырым-тыйымдар және символдық мағына тілдегі концептуалдық жүйе, сонымен бірге лингвомәдени бірліктер арқылы танылуда. Тіл білімінің зерттеуіне айналған лингвомәдени коды бар сандарды концептуалдық тұрғыда зертте» отырып, әрі қарай айқындай түсу қажет. Сан атауларына метрикалық лексика, сандық лексика және нөмірлеу лексикасы жатады. Сонымен қатар, сандар – ол мәдени ақпараттың тасымалдаушысы болып саналады. Сандардың мәдени мағынасын толық меңгере отырып, сол халықтың салт-дәстүрлері мен ежелгі әдет-ғұрыптарымен, түрлі наным-сенімдерімен егжей-тегжейлі танысуға болады. Бұл мақалада тілдегі сандар туралы, яғни 1 санынан бастап аса құнды мәдени, сенім-нанымдың ақпараттар бар екеніне мән бергізеді. Сонымен қатар, фразеологиялық бірліктер құрамындағы сан атауларының этномәдени тұрғыда зерттелудің зор маңыздылығына көз жеткізеді.

78-84 305
Аннотация

Мақаланың негізгі мақсаты қазақтың бүгінгі ауызша тілінің сын-сипатын ашып көрсету. Ол үшін алдымен ауызша қазақ тілі деген не, ауызша қазақ тілі неге аз естілетін болды, неге қате естілетін болды, қазақтың ауызша сөзінің бағасы қалай кеміді, байырғы қазақ тілі қалай сөйленетін еді, байырғы қазақ тілінен қалай айырылдық, қазіргі ауызша тіл қандай, жастардың қате сөйлеуіне кім кінәлі, қазақ тілінің болашағы қандай, қазақ ауызша тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеу керек? деген мәселелерді ортаға салу, мәселені шешудің жолдарын қарастыру мақаланың нақты мақсаты болды. Мақалада осы сұрақтарға назар аударылып, жауап беріледі. Ол үшін қазақ ауызша тілін зерттеудің тарихы, теориялық негіздері қаралды. Ахмет Байтұрсынұлының сөзтаным, сөзсаптам туралы тұжырымдары, академик Рабиға Сыздықтың зерттеулері қайта қаралып, зерттеуге негіз болатын шарттары айқындалды. Қазіргі қазақ ауызша тілінің сапасын және деңгейін көтеру үшін жасалуға тиісті қадамдар айқындалады. Ол үшін мемлекеттік тіл саясатын өзгертудің қажеттілігі, тілді қолданудың заңдық күші болуы басты қадам екені айтылады.

85-94 255
Аннотация

Мақалада қазақ терминологиясындағы семантикалық үдерістерге (көпмағыналылық (полисемия), кеңмағыналылық (эврисемия), мағынаның жылжуы (кеңею/тарылу), архаизмдердің терминденуі мен бейтерминденуі және неологизмдердің терминденуі, жарыспалылық құбылысы) жеке-жеке сипаттама беріліп, тілдік деректер келтірілді. Көпмағыналы (полисемиялы) терминдер бірнеше ғылым саласында әртүрлі заттың, нысанның атауы болғанымен, олардың мағынасы бір-бірімен өзара тығыз байланысты, жақын болып келсе, кеңмағыналы терминдердің (эврисемиялы) ғылыми анықтамасы (дефинициясы) бір-бірінен алшақ болады.

Сонымен қатар мақалада терминологиясындағы мағынаның кеңеюі нәтижесінде жасалған терминдердің негізінде қазақ ұлтының тұрмысына тән заттар мен құбылыстардың, іс-әркеттердің атаулары жататыны, яғни ұлттық таным негізінде метафоралану жолымен жасалатыны дәйектелді.

Тіліміздегі архаизмдердің терминденуі мен бейтерминденуіне әртүрлі экстралингвистикалық түрткіжайттар (саяси жағдайлар, мемлкеттік формацияның ауысуы және т.б.) негізгі әсер болып табылады.

Сондай-ақ қазіргі кезде қазақ терминологиялық қорын толықтырып отырған көздің бірі неологизмдер екі түрге жіктелді: 1) тілде бұрын-соңды болмаған жаңа ұғымдардың пайда болуына байланысты жасалған неологизмдер; 2) тілде бұрыннан бар атауларды жаңартып, жаңғыртып, түрлендіріп қолдану жолымен пайда болған неологизмдер. Осы ретте бірінші топқа жататын лексикалық бірліктер – кірме сөздер, ал екінші топтағылары қазіргі қазақ терминологиясында басымдық ала бастаған ұлттық таным негізіндегі терминжасам үдерісінде пайда болған неологизмдер деуге болады. Қазіргі кезде тіліміздегі неологизмдердің басым көпшілігі орыс тіліне ағылшын тілінен енген терминдер болып табылады.

Қазіргі кезде тілімізде терминдердің жарыспалы (дублетті) қолданысы кеңінен байқалады. Салалық сөздіктерде, заңнамада, ғылыми еңбектерде еуропа тілдерінен орыс тіліне енген терминдер қазақ тіліндегі баламасымен қатар жарыса қолданылып отыр. Мұндай жарыспалылық құбылысын мынадай түрлерге бөлуге болады: 1) қазақ тіліндегі терминнің орыс тіліндегі немесе орыс тіліне еуропа тілдерінен енген нұсқасы мен қазақ тіліндегі баламасының жарыса қолданылуы: 2) орыс тіліндегі немесе орыс тіліне еуропа тілдерінен енген терминнің қазақ тілінде бірнеше баламасының қолданылуы.

95-102 264
Аннотация

Қазіргі қазақ қоғамындағы аса өзекті мәселелердің бірі – тіл арқылы қалыптасып, тілде сақталған төл мәдениет пен тарих сабақтастығын кешенді зерттеу арқылы халықтың рухын жандандыру. Бұл мәселенің шешімі тілді зерттеудің құрылымдық жүйесінің қазіргі қазақ тіл білімінде бүгінгі таңда кең ауқымды дамып келе жатқан тілдік санадағы дүниенің ұлттық көрінісін бейнелейтін антропоөзекті бағытқа жалғасумен тікелей байланысты. Осы орайда соңғы кезде жүргізілген зерттеулер мен жарық көрген лексикографиялық еңбектер әр халықтың бар болмысын көрсететін мәдени-репрезентативті мәтіндердің мол ақпаратын пайдаланудың өзектілігін көрсетіп отыр. Өйткені әр ұлттың даралық ерекшеліктері мен бірегейлігі көрініс тапқан мұндай мәтіндер – ұлт қалыптасуының басты көрсеткіші ретінде сол ұлттың коды, баға жетпес асыл мұрасы, тілдік қазынасы. Сондықтан мәдени мәтіндерді жинап, саралап, мағыналарын жете түсіну, қайта жаңғырту - өте өзекті мәселе. Олар ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа аман есен жетіп, ұлт тілінің келешегі үшін қызмет етпек. Ендеше, көне мәдени мәтіндерімізді түгендеп алып, ұлттық тіліміздің ішкорпусын жасасақ, ұлттық құндылықтарымыздың тілдегі заманауи көрінісі жасалады, кейбір ұмыт болған немесе мағынасы күңгірттенген көнерген сөздер қайта жаңғырып, сөздік қорымыздан қайта орын алады. Сол арқылы сөздік қорымыз байи түседі, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейіп, терминжасам үдерісі жандана түседі.

103-111 272
Аннотация

Мақалада жазушы Ә.Асқаровтың «Алтайда алтын күз еді» (Алматы, 2014) шығармасында кездесетін мағынасы көмескі сөздердің мәні ашылып, кейбір сөздердің сөздіктерде қамтылу деңгейі туралы, узуалды және окказионал қолданыстар, т.б. туралы мәліметтер беріледі. Сонымен қатар автордың қолданысындағы сөздердің кейбір ерекше тіркесімділігіне талдау жасалады.

Көркем мәтінді талдаудың бір түрі лингвистикалық поэтикалық талдау болса, осы талдау түрінің бірнеше шарттары бар. Яғни лингвист-зерттеуші тарапынан мына мәселелер қарастырылуы тиіс: көркем шығарманың әдеби жанрын анықтау, соған сай автордың тілдік бірліктерді қалай және қайтіп іріктелгеніне тоқталу; көркем мәтіндегі сөйлеу үлгілеріне тән нормалардың қаншалықты сақталғанын тілдік фактілер арқылы көрсету; автордың әдеби тіл заңдылығы бойынша сөйлеудің баяндау түрінде жақ пен шақ нормаларын қандай деңгейде сақтағанын қадағалау, өйткені бұл линвистикалық поэтиканың басты шарттарының біріне жатады; көркем мәтіннің композициялық бөлінісіндегі ерекшелікке назар бөлу, талдау; көркем мәтіндерде лексикалық синтагмалардың қалыптанған үлгілерінен бөлек сөйлеу тілі элементтері синтагма жасайтынын аталған көркем мәтіннен алынған нақты мысалдармен көрсету және олардың әдеби тілге ену мүмкіндігі, әлеуеті барын көрсету; бейнелілікті тудыратын тіл элементтеріне тоқталып, талдау жасау, көркем мәтін сөздік қорды байытатын және жаңа сөздер көп туындайтын мәтін түрі екенін дәлелдеу, т.б. Осындай талдау түрлерінен туындаған нәтиже ретінде автордың дара стилі туралы пікір қалыптасатынын көрсету. Сонымен қатар мақалада қол жеткен нәтиже көркем мәтін иесі автордың өзі ғана біліп-мойындайтын ерекше эстетикалық әлемде тіршілік ететін рухани феномен екені анықталады.

112-117 251
Аннотация

Бұл мақалада Р.Пауэрстің «Тhe Overstory» көркем шығармасының мәтінін семантикалық мазмұнды, сондай-ақ мәлімдемелер құрамындағы маңызды лексикалық бірліктердің үйлесімділігін өзгертетін жаңа лингвистикалық құбылыстарды шығару бойынша авторлық бағдарларды анықтау мақсатында талдауға әрекет жасалды. Ф.ғ.д. Бутакова Л.О. авторлық сана (АС) теориясына сүйене отырып жүргізілген талдау зерттеушілерді, соның ішінде мәтін құраушының тілдік тұлғасына сілтеме жасай отырып, мәтінде «авторлық» орнатуға мүмкіндік береді. Зерттеушілердің пікірінше, MEMORY тұжырымдамасы продюсердің тұжырымдамалық жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, ол семантикалық мазмұн көзі және өткен (MEMORY) мен ойдан шығарылған (QUASI MEMORY) арасындағы көпір ретінде әрекет етеді. Мәтінді-дискурсты мазмұндық талдау итальяндық зерттеуші Д.Поссамаи баяндау анықтамасы бойынша «жаһандық романның» мәтіндік мазмұнының құралдарын анықтаумен жүргізіледі, мысалы: прецеденттік атаулар, интернационализм сөздері, тарихи және географиялық шындықты көрсететін жалқы есімдер, лексикалық бірліктердің үйлесімділігін түрлендірумен уақтылы емес ауызша қолдану және көркемдік үйлесімде көрінетін суб-жанрлық диффузия белгілері публицистикалық стильдер. Анықталған деректер табиғи тілдің түрлену мүмкіндіктерін (ағылшын, американдық нұсқа), авторлық мәлімдемелерді «қолдайтын» және жаңа мағыналарды қалыптастыратын икемділік дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді

118-126 306
Аннотация

Провокациялық сұрақтар – саяси сұхбаттағы ең тиімді әдістердің бірі. Мақалада саясаткерлердің провокациялық сұрақтарға реакциясы ретіндегі коммуникациялық стратегиялары мен тактикалары, сондай-ақ журналистердің арандатушылықты жасау құралдары қарастырылады. Зерттеудің мақсаты - арандату сұрақтары мен респонденттің жауабын талдау.. Жұмыстың маңыздылығы саяси сұхбаттарды саяси дискурстың ерекше жанры ретінде зерттеуге, сондай-ақ коммуникациялық стратегиялар мен тактикаларды талдау әдістемесін жасауға қосылған үлес болып табылады. Негізгі әдістер контекстік талдау әдісі және компоненттік талдау әдісімен ұштасқан прагмалингвистикалық талдау болды.

Талдау барысында саясаткерлердің жауаптарындағы стратегиялар жиынтығынан айырмашылығы, журналистің саяси сұхбат сұрақтарында арандатушылық жасау тәсілдерінің шектеулі екені анықталды. Журналистердің провокациясы метафора, ирония, қайталау, қатарлас конструкциялар сияқты лексикалық-синтаксистік құралдардың көмегімен жасалған. Эмоционалдық қысымды арттыру үшін негативті мағыналы прагмемалар, сенімділіктің семантикалық маркерлері және т.б. қолданылған. Саясаткерлердің жауаптары өзін-өзі қорғау, шабуылдау және жауаптан жалтару стратегияларын қамтыды. Стратегияны таңдау және оны жүзеге асыру жолы саясаткердің имиджі сияқты факторлардың көрінісі болып табылады. Зерттеудің құндылығы мен оның практикалық маңыздылығы оның негізгі нәтижелерін саяси коммуникация саласындағы зерттеулерге, сондай-ақ саяси лингвистикамен байланысты пәндердің тәжірибесіне пайдалануында.

127-134 257
Аннотация

Соңғы он жылда цифрлық жүйенің дамуы бірте-бірте ақпараттық-коммуникациялық кеңістіктің трансформациялануына және аудиториямен интерактивті байланыс орнатуға септігін тигізді. Нәтижесінде дәстүрлі журналистиканың орнына жаңа коммуникация үлгісі бар цифрлық журналистика келді. Дәстүрлі журналистиканың құрылымы цифрлық технологияларды енгізу әсерінен өзгерістерге ұшырауда. Мақалада сандық журналист қызметінің негізгі аспектілері кеңінен қамтылған, олардың көпшілігі академиялық басылымдарда әлі сипатталмаған. Жаңа құбылыс ретінде цифрлық журналистика, атап айтқанда, әлеуметтік-мәдени статустағы жаңа үлгілер зерттелуде. Зерттеу мақсаты – Қазақстандағы цифрлық журналистикадағы тілдік құралдарының ерекшеліктерін сипаттау. Зерттеу авторының айтуынша, нео-цифрлық орта журналистердің коммуникативті кеңістігін байытқан, бұл ең алдымен дәстүрлі журналистикаңа тән кәсіби этикалық нормаларынан ауытқуымен байланысты. Цифрлық журналистикадағы коммуниканттардың тілдік ерекшеліктерін зерттеу оқиғаларды жеткізу барысында, виртуалды коммуникация орнатуда жаңа формуланы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл мақаланың ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығы заманауи цифрлық журналистикадағы жаңа модельдерді көрсетіп, оларды цифрлық форматқа көшкен медиа дискурсты зерттеу. Мақаланы жазу барысында келесі әдістер қолданылды: сандық кеңістікте жеке кейстерді (мысалдарды) талдау және шолу жасау. Әлеуметтік желіден алынған жеке кейстердің негізінде келесі қорытынды жасалынды: медианың цифрландыру процессі тез дамығандықтан, цифрлық жүйедегі рөлдік модельдердің даму ары қарай жалғасын табады; дәстүрлі журналистиканың цифрлық кеңістікке өту үрдісін ескере отырып, қазақстандық журналистикада жаңа кадрлерді даярлау бойынша дамыған мемлекеттердің тәжірибесін алу қажет, атап айтқанда, диджитализацияның жаңа функцияларын меңгеру; цифрлық журналистиканың тілдік құралдары заманауи цифрлық журналистикада рөлдік модельдер дамыған заманда жаңа медианың талаптарына сай болуы қажет; қоғамдық сананы қалыптасуына септігін тигізген журналистердің және желі қолданушылардың цифрлық коммуникация процессінің тілдік ерекшеліктері сипатталды. Ғылыми мақала медиа және лингвистика саласындағы одан әрі зерттеулерге теориялық негіз бола алады.

135-143 277
Аннотация

Мақалада электронды мәтіндер қоры 40 миллион сөзқолданыстан тұратын Қазақ тілінің ұлттық корпусының құрамында әзірленіп жатқан 9 ішкорпусы қысқаша сипатталып, лингвомәдени ішкорпустың мәденисемантикалық белгіленімі жан-жақты талданды. Қазақ тілінің ұлттық корпусына лингвомәдени ішкорпусты енгізу тәжірибесі алғаш рет қолға алынып отыр.

Лингвомәдени ішкорпус қазақ этносының этномәдени даму жолын, рухани және заттық құндылықтарын, этнографиялық, мәдени-танымдық ұғымдарын тереңірек танудың бір құралы ғана емес, тілдік қазынаның елді тұтастырушылық қызметін сипаттайтын маңызды таным тетігі ретінде қарастырылды. Мәдени-семантикалық белгіленімнің негізгі мақсаты мәдени мағынасы жасырын тұрған тілдік бірліктердің астарындағы білімдерді анықтауға негізделеді. Сөздің лексикалық мағынасымен қатар этномаркерлі мәнділіктердің, этномәдени семантикасының, когнитивтік білімдер жүйесінің, сөз астарындағы прецедентті мазмұнды білімдердің берілуімен құнды.

Зерттеу барысында талдау, сипаттау, этнолингвистикалық, лексика-семантикалық әдістер қолданылды. Мақаланың ғылыми маңыздылығы қазақ тілінің ұлттық корпусы құрамына лингвомәдени ішкорпусын енгізудің алғышарттары мен этномаркерлі тілдік бірліктерде жасырын тұрған мәдени кодтарды интепретациялаудың үлгілерінің көрсетілуі болса, практикалық маңыздылығы қазақ тілінің ұлттық корпусы құрамындағы лингвомәдени ішкорпус қазақ тіліндегі белгілі бір этномәдени бірліктің лексика-семантикасын, мәдени-танымдық мағынасын білу үшін пайдалы құрал бола алады.

144-152 277
Аннотация

Ономастикалық ішкорпус тіл білімі, география және когнитивистика ғылымдары үшін өзекті құрал болады. Ішкорпусты құрастыруға қазақ ономастикасы бойынша қорғалған диссертациялар мен ғылыми монографиялар арқау болды. Мақалада қазақ ономастикасының дамуына шолу жасалып, Ономастикалық ішкорпус құрастырудың маңызы мен әдістемелік технологиялары көрсетілді. Ішкорпусқа енгізілген оним түрлері мен оларға берілген сипаттамалар талқыланады. Ономастикалық ішкорпусқа енгізілген жалқы есімдерге берілген лингвистикалық ақпарат пен метаақпараттар сөз болады. Сондай-ақ ішкорпусты ғылыми және практикалық мақсатта да пайдалануға болатындығы негізделді. Ең алдымен түрлі жанрдағы мәтіндерде кездескен жалқы есімдердің мәнмәтіндегі мазмұны мен қызметі ашылады. Екінші жағынан, ішкорпус үлкен сөздік ретінде пайдаланушыға өзінің туған жері, есімі, өсімдіктер мен жануарлар әлемі және т.б. туралы толыққанды мағлұмат береді. Ономастикалық атаудың бойында сақталған ақпараттарды жүйелеп беру – ономастикалық ішкорпустың негізгі мақсаты. Жалқы есімдер – қоғам өмірімен тығыз байланысты әлеуметтік құбылыс, идеологиялық қызметі басым тілдік бірлік. Әрбір оним белгілі бір кезеңге қатысты болып, тарихилық қасиетін сақтайды. Сол себептен де оның бойында тілден тыс географиялық, этномәдени, тарихи ақпараттар жинақталады. Осы мағлұматтарды жинақтап, жүйелеп, электронды түрде көпшілікке қолжетімді ету ономастикалық ішкорпус еншісінде. Ішкорпусқа енгізілген жалқы есімдер сөзжасамдық, грамматикалық заңдылықтары тұрғысынан, сондай-ақ, семантикалық, этимологиялық, дұрыс жазылуы және т.б. қырынан сипатталады.

153-162 239
Аннотация

Мақалада дискурсты талдауда мәселелер тудыратын сұрақтар талқыланады және зерттеушілер (студенттер, магистранттар, докторанттар, ғалымдар және т.б.) танысуға мүмкіншілік алатын шетелдік тіл білімі мамандарының маңызды жұмыстары туралы біршама ақпараттар мен олардың әртүрлі көзқарастары беріледі. Ерекше көңіл дискурсивтік талдаудағы (Diskursanalyse) даулы мәселеге, ұғымдарды талқылауға, мәтін бірліктерін түсіндіруге, әлеуметтік белсенділік, ақпараттық біліктілік сияқты белгілі категорияладың сұлбаларына бөлінеді. Дискурсивті талдаудағы когнитивтік–психологиялық көзқарас лингвистикалық ілімнің соңғы жетістіктерінің бірі болып табылады. Сондықтан мақаланың негізгі міндеттерінің бірі жеке талдау жасауға бағытталған дискурсивті–лингвистикалық зерттеу тәсілдерін суреттеу болып табылады. Осы себепті мақалаға түйінді мәселелер, яғни германистика көз қарасындағы теориялық сұрақтар, классикалық және практикалық мысалдар, ғылыми концептер, көптеген мамандар мақұлдаған анықтамалар, мәтінді өңдейтін критерийлер, жеке байқаулар енген. Мақалада негізгі ұғымдардан бөлек талдау әдістерінің кейбір сұрақтарын ашуға, тереңдетуге, белсендіруге әсер ететін басқа да мәліметтер орын алады. Ерекше үлес – ол авторлардың көзқарасы, дискурсты ғылыми–лингвистикалық тұрғыдан түсіну және оны қолдану үшін келтірілген арнайы дәлелдер мен тұжырымдамалар. Зерттеудің алуан түрлілігінің пайдасы функционалдық прагматика шеңберінен ауытқан қолданбалы лингвистиканың базасын құрауда. Талдау тәсілдерінің қандай да бір қағидаттары өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі, сондай–ақ эвристикалық/іздену гипотезасына сілтеу жасайды, туыстас пәндердің тілдік парадигмаларын танып білудегі идеяларды дамытуға көмегін тигізеді деп үміттенеміз.

163-172 247
Аннотация

Белгілі бір ұлттық корпустың мәтіндер басазын әзірлеуде тек метасипатта мен метадеректік ақпараттарды әзірлеумен шектелмейді. Сондай-ақ, лингвистикалық белгіленімдерді де әзірлеуді қажет етеді. Лингвистикалық белгіленім – мәтіндегі әрбір лексикалық бірлікке орфографиялық, фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тұрғыдан берілетін лингвистикалық ақпарат. Алайда тарихи ішкорпус мәтіндеріне лингвистикалық белгіленім әзірлеу терең ізденісті қажет ететін аса күрделі жұмыстардың бірі. Себебі тарихи корпусқа енген мәтіндер базасының басым көпшілігі араб графикасымен жазылған. Ал араб графикасымен жазылған мәтіндер кирилл графикасына әртүрлі транскрипцияланған. Тарихи ішкорпусты әзірлеуде басқа ішкорпустарға қарағанда теориялық және техникалық тұрғыдан өзіндік қиындығы бар. Осығай орай мақаланың мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында алғаш рет әзірленіп жатқан тарихи ішкорпус мәтіндеріне лингвистикалық белгіленімдерді қою мәселесін қарастыру. Міндеттері: транскрипцияланған мәтіндер үшін лингвистикалық, оның ішінде лексикаграмматикалық белгіленімдерді таңдау, анықтау; лексика-грамматикалық белгіленімдерді әзірлеуде өзге елдердің тәжірибесін ескеру; арабграфикалы мәтіндерінің кирилл графикасындағы транскрипциясын талдау; транскрипцияланған сөздердің варианттарын анықтау; транскрипцияланған мәтіндерге арналған лексикаграмматикалық белгіленімдер бағдарламасының жұмыс істеу механизмдері туралы сипаттау.

Зерттеу барысында сипаттау, тарихи-салыстырмалы, лингвотекстологиялық әдістер қолданылады.

Зерттеу нәтижесінде лексика-грамматикалық белгіленім әзірлеуде орыс тілінің тарихи ішкорпусы әзірлеу тәжірибесі қарастырылады; әр кезеңде жазылған арабграфикалы мәтіндерінің транскрипциясы талданады; транскрипцияланған сөздердің варианттары анықталады; транскрипцияланған мәтіндер үшін лексика-грамматикалық белгіленімдер айқындалады; транскрипцияланған мәтіндерге арналған лексика-грамматикалық іздеу жүйесінің механизмдері сипатталады.

Практикалық маңыздылығы. Тарихи корпусқа енетін арабграфикалы мәтіндердің транскрипциясына жасалған лексика-грамматикалық белгіленімдердің әзірленуі – белгілі бір лексикалық бірліктің эволюцисын білу үшін пайдалы құрал бола алады.

173-183 393
Аннотация

Топонимдік атаулар тіл және нақты тарихи жағдайдан өзге басқа да ортақ қасиеттерге ие, олар белгілі бір дәрежеде адамзаттық қоғам өмірінің әлеуметтік, экономикалық және географиялық аспектілерін көрсетеді. Географиялық атауларға тән бұл ерекшелікті топонимикалық лексиканы семантикалық тұрғыдан талдау барысында аша аламыз. Бұл мақала Шығыс Қазақстан облысы, Алтай өңіріне қарасты гидронимдердің географиялық атауларының семантикасын зерттеуге арналған.

Аталмыш мақалада Шығыс Қазақстан өңірінің Алтай ауданын басып өтетін өзендер, бұлақтар, бастаулар мен көл атауларының семантикалық ерекшеліктерін анықтай отырып, гидронимдік идентификациясын жүйелеуге әрекет жасалады. Өйткені гидронимдік жүйенің атауларға бай болуы ең алдымен көшпенді шаруашылықтың табиғи су көздеріне деген сұраныстарымен анықталады. Бұдан ата-бабамыздың көшпенді өмір салтындағы судың маңызы мен тарихта өте ертеден орын алған гидронимдік атаулар анықталып, лигвистикалық тұрғыдан кешенді талданады. Шығыс Қазақстан облысы, Алтай өңіріне қарасты гидронимдердің географиялық атауларының семантикасын талдау барысында анықталған негізгі мәселелердің бірі – осы өңірде қазақ ұлтына тән этнотопонимдердің жоқтығы. Мақалада оның негізгі себептері қарастырылып, талданды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысына қарайтын басқа өңірлердің географиялық нысан атауларына салыстырмалы талдау нәтижесінде Алтай өңірінің басқа қазақ өңірлердегі атаулардан басты айырмашылығы анықталды. Гидронимдер семантикалық негізде жүйелене отырып, 14 топқа жіктеліп қарастырылды, оның ішінде, физикалық-географиялық ерекшеліктері мен сипаттамалары көрсетілген атаулар; құрамында фитонимдер бар гидронимдер; құрамында зоонимдер бар гидронимдер; халықтың әлеуметтік өмірі мен рухани мәдениетіне байланысты гидронимдер; құрамында антропонимдер бар гидронимдер және эмоциональды реңкті гидроним атаулары.

184-191 293
Аннотация

Мақала Қазақстан тұрғындарының қоғамдық әлеуметтік өміріндегі цифрландыру үдерісі кезінде мемлекеттік тілдің  ерекшеліктерін анықтауға арналған. Қазақстанды цифрландыру қарқынды түрде жүріп жатыр. ІТ технологияның қарыштап дамуы тілдің құрылымына да өзгерістер енгізді. Осыған байланысты мақалада цифрлық технология саласындағы қазақ тілінің ерекшеліктерін анықтаудың әлеуметтік, саяси, экономикалық себептері қарастырылады. Мақаланың материалдары ретінде әлеуметтік желілерде, мемлекеттік порталдар, медиаканал, бизнес платформалардағы мәтіндерден жиналған тілдік бірліктер алынды.  Мақалада әлеуметтік-лингвистикалық әдістер: далалық зерттеу бойынша сырттай бақылау әдісі, социумдағы тілдің ерекшеліктерін модельдеуде синхронды талдау әдісі, жалпы лингвистикалық әдіс-тәсілдер (сипаттау, талдау, жүйелеу) қолданылды. Қазіргі қазақ тілінің жай-күйіне сырттай бақылау әдісі арқылы сипаттама берілді, гетерогенді тілдік ортадағы қазақ тілінің тілдік жағдаятында орын алған әлеуметтік-лингвистикалық құбылыстар (тілдік жағдаят, тілдік қақтығыс, тілдердің араласуы, қостілділік, көптілділік, тілді таңдау, тіл мәртебесін мойындау т.б.) анықталды. ІТ технология, цифрлық жүйе өнімдерін пайдалану қазақ тілінің функционалдық қызмет аясынының кеңеюіне септігін тигізетіні дәлелденді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мемлекеттің тілдік саясатты жүзеге асыруға тікелей қатысты бағдарлама болмаса да, мемлекеттік тілдің даумына оңтайлы әсер еткені айқындалды. 

192-199 337
Аннотация

Мақалада саяси лекиканы танытан барлық тілдік құралдар анықталады. «Саяси коммуникация», «саяси дискурс» ұғымдары түсіндіріледі, оларды білдіретін тілдік бірліктер қатары қарастырылады. Тіл мен саясат бірбірінен бөлек қарастырылмайтындығы, саясаткердің тілді қолдана отырып, түрлі сипаттағы Қазақстандағы саяси жүйені, саясатты жүргізіп отырған қоғам мен мемлекет қайраткерлерінің, саяси лидерлердің ұстанымын, сөздерін талдау саяси, филологиялық және лингвистикалық зерттеулердің тоғысында жүргізілуі қажет екендігі айтылады.

Саяси лингвистиканың басты мәселелерін қамтитын негізгі терминдер мен әдістер қатары анықталып, әрқайсысына түсініктеме беріледі. Қазақ қоғамында демократиялық-ағартушылық, ағартушы-революциялық бағытта саяси әрекеттер жүргізе отырып, еңбектері негізінде саяси лидер, мемлекет қайраткері ретінде танылған Алаш қайраткерлері мен С.Сейфулиинің саяси дискурстағы орны сипатталады. Осы уақытқа дейін саяси лидерлердің тілін зерттеу қолға алынбаған. Тек еңбектері негізінде танымдық тұрғыдан зерттелген.

Зерттеуіміздің өзектілігі қазақ қоғамында өмір сүрген қоғам қайраткерлерінің саяси тілдік тұлғасын саяси дискурс аясында зерттеу. Тілдегі стильдік құрылымдар мен көркемдегіш троп түрлерін қолдана отырып, қоғамдықсаяси мазмұндағы ұранды сөздері, баяндамалары, публицистикалық мақалалары негізінде саяси тілдік тұлғасын жасау.

Мақала тұжырымдарының практикалық мәні тілші, алаштанушы, әдебиеттанушы және өзге де оқырман үшін өзекті.

200-209 256
Аннотация

Мақалада лингвистика ғылымында «түйе» сөзінің тіркесімділік әлеуеті мен семантикалық валенттілігі талданады. Мақаланың мақсаты – «түйе» сөзінің тіркесімділігі жоғары екенін және оған негіз болған концептуалды аялық білімдердің жиынтығын таныту арқылы ішкорпуста рәсімдеу жолдарын ұсыну. Түйе – қазақтың этникалық дүние бейнесін қалыптастырған концептуалды ұғым. Оның 500-ден аса тіркесімі бар. Себебі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен күнкөрісінде түйенің орны ерекше. Шөлейтті аймаққа төзімді әрі пайдасы мол үй жануарының жеке табиғи қасиеттері мен адамға атқарар қызметі қазақ өмірінен үлкен орын алғанын тілдік жүйедегі «түйе» сөзімен тіркескен күрделі атаулар арқылы танылып отыр. Дүниенің ақиқат бейнесін танытатын кейбір ұғымдардың вербалдануын лингвистикалық ІТ ресурстарда рәсімдеудің де арнайы жолы болады. Мәселен, қазақ тілінің ұлттық корпусынан қазақтың этникалық бейнесін танытатын ұғымдық атаулардың жеке подкорпусын жасауға әбден болады. Ұлттық корпуста ұғымның концептуалды бейнесін, соның ішінде этникалық бейнесін көрсетудің тиімді жолдары беріледі. Түйе сөзімен семантикалық тіркесетін сөз тіркестерінің мәдени коды ашылады. Қазақ дүниетанымында не себепті түйеге қатысты этномаркерленген атаулардың көптігі анықталады. «Дүниенің ақиқат бейнесі» ұғымы пәнаралық зерттеу нысаны болғандықтан, әр салада әр қырынан зерттеледі. Дүние бейнесі - ментальді интерпретацияның көрсеткіші болғандықтан, жалпыадамзатқа ортақ абстрактілі ұғым туралы әр ұлттың танымы әртүрлі екенін дәйектеуші когнитивтік бірлік ретінде қызмет етеді. Сондай әлеуетке ие болған «түйе» сөзінің тіркесімділік қабілетін анықтау арқылы, түйенің түрлері, түйенің мінездері, түйенің қызметі мен адамды, өсімдікті, жануарды, адамның сырт пішіні мен мінезін сипаттауда белсенді жұсалатын коннотатты атрибут екеніне көз жеткіздік. «Түйе» сөзіне қатысты автоматтандырылған мәтінді рәсімдеу де іздеу жүйесі арқылы жүзеге асады. Ол мәтіндерді «Түйе» ішкорпусына байлау арқылы, түйе тіркесімі қатысқан сөйлемде семантикалық белгіленімге байлауға әбден болады.

210-220 259
Аннотация

Мақала тіл білімі мен заңгерлік салалар тоғысындағы мәселелер шешіміне арналады. Нақты айтқанда, мақалада сот процесінде көрініс беретін тіл бірліктері арасындағы омонимиялық құбылыстарға байланысты күдікті тұлғаның ауызша сөзінің нақты семантикасын ажырату туралы мәселе шешімінде фонограммаларға жүргізілген лингвистикалық сараптама тәжірибесі баяндалады. PRAAT компьютерлік бағдарламасын субъект сөзінің интонациялық контурларын анықтауда қолданылу барысы сипатталады және қойылған мәселе шешіміндегі сенімділік деңгейі бағаланады. Субъектінің дыбыстық құрамы, яғни формасы бірдей, алайда интонацияның қойылуы, дауыстың қарқындылығы, созылыңқылығы сияқты просодиялық кешеннің ерекшелігіне қарай әртүрлі мағыналарды білдіру мүмкіндігіне ие сөзінің семантикасына байланысты объективті қорытынды жасау үшін оның барлық сөйлеу актілері зерттеу нысанында қарастырылады. Осы орайда фонограмма мәтіндерінің лингвистикалық сараптамасында тікелей адресант (сөйлеуші субъект), адресат (тыңдаушы) сөздерін және олардың өзара қарым-қатынасының сипатын (стилі), сөйлеу жағдаятын, коммуниканттардың (адресант және адресат) стратегиялары мен сөйлеу тактикаларын зерттеуге бағытталатын лингвопрагматикалық талдау әдісі қолданылды. Мақала тіл теориясындағы ғылыми тұжырымдардың сот-лингвистикалық сараптама саласындағы маңыздылығын көрсетеді.



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)