ТЕОРИЯЛЫҚ ЛИНГВИСТИКА
Қазіргі нейролингвистика тілді жекелеген ми аймақтарының қызметімен шектемей, өзара байланысқан нейрондық желілердің бірлескен жұмысы ретінде қарастырады. Осы ұстаным тілдік сананың табиғатын нейробиологиялық деңгейде түсіндіруге мүмкіндік береді. Мақаланың мақсаты тілдік сана туралы психолингвистикалық көзқарастарды қазіргі нейролингвистикадағы тілдік желілер, семантикалық-синтаксистік интеграция, сенсомоторлық байланыс және когнитивтік бақылау тұжырымдарымен сабақтастыра талдап, тілдік сананың ілімдер тоғысындағы моделін теориялық тұрғыдан негіздеу болып табылады. Зерттеу теориялықконцептуалдық сипатта жүргізілді. Ғылыми еңбектерді сипаттамалы-талдамалы шолу, салыстырмалы талдау және теориялық синтез әдістері қолданылды. Бұл тәсіл тілдік сана ұғымының психолингвистикалық мазмұны мен тілдік ақпаратты өңдеудің нейробиологиялық тетіктері арасындағы байланысты жүйелеуге негіз болды. Теориялық талдау мен концептуалдық синтез нәтижесінде тілдік сананың нейролингвистикалық ұйымдасуын бес өзара сабақтас деңгей арқылы сипаттайтын интегративті модель ұсынылды. Бірінші деңгей тілдік сигналды бастапқы сенсорлық қабылдауды қамтитын перцептивтік кіріспен байланысты. Екінші деңгейде тілдік ақпаратты өңдеуге маманданған ми аймақтарын біріктіретін ядролық тілдік желінің қызметі қарастырылады. Үшінші деңгейде сөйлем құрылымын қалыптастыру, мағыналық және синтаксистік ақпаратты біріктіру, алдағы тілдік бірліктерді болжау үдерістері жүзеге асады. Төртінші деңгей дыбыстық қабылдау мен артикуляциялық әрекетті байланыстыратын сенсомоторлық жүйелердің қызметін қамтиды. Бесінші деңгейде жұмыс жады, назар, ішкі сөйлеу және коммуникативтік ниетпен сабақтас когнитивтік бақылау мен прагматикалық реттеу тетіктері қарастырылады. Ұсынылған модельдің ерекшелігі жаңа нейрондық механизмдерді анықтаудан емес, әртүрлі ғылыми бағыттарда жеке сипатталған тілдік өңдеу тетіктерін тілдік сана ұғымы аясында бір жүйеге келтіруден көрінеді. Осы тұрғыдан тілдік сана тілдік ақпаратты қабылдау, өңдеу, біріктіру, сөйлеуді ұйымдастыру және саналы бақылау үдерістерінің өзара байланысына негізделген динамикалық жүйе ретінде түсіндіріледі. Зерттеудің ғылыми маңызы психолингвистикадағы тілдік сана тұжырымын қазіргі желілік нейролингвистикалық көзқарастармен сабақтастыруында. Ұсынылған модель афазия, көптілділік, екінші тілді меңгеру, ішкі сөйлеу және метатілдік бақылау бағыттарындағы кейінгі эмпирикалық зерттеулердің зерттеу болжамдарын қалыптастыруға теориялық негіз бола алады.
Мақалада «Тараз» атауына ғалымдар берген анықтамаларға шолу жасалып, сауалнама негізінде атауды тұтынушылардың оның уәжіне қатысты аялық білімі айқындалады, сондай-ақ атаудың мәтінтүзушілік қызметі арқылы ассоциативтік ерекшеліктері анықталады. Бір астионим негізінде атау жасаушы және атауды тұтынушы қоғамның әлемнің топонимикалық бейнесін қалыптастырудағы рөлі, халықтың әлеуметтік жағдайы, танымы мен талғамы сараланады. Әлемнің тілдік бейнесін, соның ішінде топонимикалық бейнесін қалыптастыруда кеңістіктің маңызды рөл атқаратыны көрсетіліп, халықтың әлеуметтік жағдайы мен кеңістікті танып-білу ерекшеліктері атау таңдаудағы негізгі факторлардың бірі екені айқындалады. Сонымен бірге ғалымдардың топонимиялық концептінің әлем бейнесін қалыптастырудағы рөліне қатысты зерттеулеріне талдау жасалады. Зерттеу нәтижесінде атауды тұтынушылардың әлемнің топонимикалық бейнесін қалыптастырудағы рөлі анықталып, сауалнама деректері негізінде респонденттердің атауға қатысты аялық білімін арттыру мақсатында көпшілікке арналған арнайы курстар ұйымдастыру қажеттілігі көрсетілді. Мақаланың мақсаты – «Тараз» астионимінің оңтүстік өңір қоғамының әлемнің топонимикалық бейнесін қалыптастырудағы негізгі факторларын концептуалдық талдау негізінде айқындау және халықтың осы атауға қатысты аялық білімін сауалнама арқылы анықтау. Зерттеу әдістері: дескриптік тәсіл, сауалнама, концептуалды, семантикалық талдау, фреймдік талдау. Зерттеу жұмысы лексика-семантикалық, когнитивтік бағытта орындалған. Мақаланың практикалық маңыздылығы оның негізгі нәтижелерін әлеуметтік лингвистика, ономастика, соның ішінде атаужасам мен трансонимдену мәселелеріне қатысты теориялық курстарды оқытуда, когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану пәндерінде, сондай-ақ қазақ тілін оқыту практикасына арналған семинарларда қолдануға болатындығымен айқындалады.
Мақалада қазақ және түрік паремияларындағы ортақ дүниетанымдық модельдердің лингвомәдени сипаты қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – қазақ және түрік паремиологиялық қорындағы ортақ дүниетанымдық модельдерді айқындау, олардың тілдік репрезентациясындағы ұлттық-мәдени ерекшеліктерді анықтау және екі халықтың ортақ түркілік мәдени кодын танытатын лингвомәдени белгілерді саралау. Адамзат тарихында маңызды рөл атқаратын паремиялар ұлттық бірегейлікті танытатын мәдени-тілдік бірліктер ретінде зерттелген. Қазақ және түрік паремиологиялық қорында туыстық атаулар, зоонимдер, соматизмдер, өсімдіктер әлемі мен географиялық атаулар мақал-мәтелдердің бейнелі компоненттері ретінде белсенді түрде қолданылатыны тілдік деректер арқылы дәйектелген. Мақал-мәтелдерде қолданылатын ұлттық маркерлер мен ұлттың дүниетанымын бейнелейтін реалийлерден басқа, сол ұлтқа ғана тән жағдаяттарға түрткі болатын ұқсас жағдайлардың ұлттық ерекшелігі талданған. Қазақ және түрік тілдерінде формасы мен мазмұны жағынан да бір-біріне пара-пар келетін мақалмәтелдердің экстралингвистикалық және лингвистикалық әмбебап қасиеттеріне баса назар аударылған. Зерттеу барысында салыстырмалы-салғастырмалы, лингвомәдени, концептуалдық-семантикалық және когнитивтік талдау әдістері, сондай-ақ мақал-мәтелдердің ұлттық-мәдени компоненттерін анықтауға бағытталған сипаттамалы талдау қолданылған. Авторлар түрік тілінде ең көп таралған «insan», «kişi» және «adam» (ер адам) лексемалары қатысқан мақалдарды талдау арқылы түрік менталитетінің ұлттық-мәдени ерекшеліктерін ұтымды көрсете білген. Екі ұлттың даналық сөздерін салыстыру барысында олардың, бір жағынан, ортақ түркілік мәдени кодқа негізделгені, екінші жағынан, әртүрлі өркениеттік ортада қалыптасқан ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін бейнелейтіні, сонымен қатар екі халықтың мақалдарының сыртқы қабатында ұлттық реалийлердің түрліше таңбаланатыны анықталған. Мақалада қарастырылған мақалдар арқылы екі ұлттың тарихи жады, рухани құндылықтары мен әлемді қабылдау моделін сақтаушы когнитивтік-мәдени код ашылған. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызы оларды қазақ және түрік тілдерінің паремиологиялық қорын салыстырмалы зерттеуде, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, этнолингвистика және түркітану бағыттарындағы ғылыми ізденістерде, сондай-ақ қазақ және түрік тілдерін оқытуға арналған оқу-әдістемелік материалдар мен мәдениетаралық қатысым курстарын әзірлеуде қолдану мүмкіндігімен айқындалады.
Зерттеу жұмысы қазіргі когнитивтік лингвистиканың белсенді дамып келе жатқан бағыттарының бірі – тәндік таным (embodied cognition) теориясы аясында қазақ тіліндегі соматикалық концептілерге салыстырмалы-когнитивтік талдауды ұсынады. Теорияның ХХ ғасыр басындағы америкалық прагматизмдегі (У. Джеймс, Дж. Дьюи) тамыры мен Дж. Лакофф пен М. Джонсонның жүйелі тұжырымдамасы толыққанды талдау аппараты ретінде емес, қысқаша теориялық-тарихи негіз ретінде сипатталады. Зерттеудің басты мақсаты – Лакофф пен Джонсонның «тән мен ақыл бірлігі» тұжырымдамасының қазақ тіліндегі соматикалық метафоралар арқылы қалай көрініс табатынын анықтау және бұл материалдың негізінен WEIRD (Western, Educated, Industrialized, Rich, Democratic) тілдік деректеріне сүйенген бейнелік-схемалық модельдердің мәдениетаралық валидтілігі туралы не аңғартатынын саралау болып табылады. Ағылшын және қазақ тілдеріне қатысты лексикографиялық және корпустық дереккөздер негізінде зерттеуде концептуалдық метафора талдауы, салыстырмалы-мәдениетаралық әдіс және авторлық үш кезеңді когнитивтік карталау рәсімі қолданылып, қол, жүрек/бауыр, іш, арқа, бас, аяқ және көз концептілері бойынша соматикалық қолданыстар салыстырылды. Салыстырмалы талдау екі тілде де ортақ бейнелік схемалардың (CONTAINER, PATH, BALANCE, INSTRUMENT) бар екенін, алайда бұл схемалардың мәдени толығуында елеулі айырмашылықтар байқалатынын көрсетті: қазақ материалында туыстық, әлеуметтік жауапкершілік және этикалық бағалауға бағдарлану салыстырмалы түрде күштірек көрінеді. Бұл нәтижелер тән танымы зерттеулерінің эмпирикалық базасын ағылшын тілінен тыс материалдармен байытады. Сонымен бірге олар қазақ тіліне бағытталған, мәдени ерекшеліктерді ескеретін табиғи тілді өңдеу әдістеріне лингвистикалық негіз қалайды.
Мақалада қазақ пунктуациясының қалыптасуы мен ғылыми нормалану тарихы қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі қазіргі жазба коммуникацияда тыныс белгілерінің тек емле ережесі емес, мәтін мағынасын нақтылайтын, ойдың құрылымын айқындайтын және оқырман қабылдауын бағыттайтын маңызды тілдік құрал ретінде танылуымен байланысты. Мақаланың мақсаты – қазақ тіліндегі тыныс белгілер жүйесінің тарихи қалыптасу жолын, бұрынғы және қазіргі атаулар сабақтастығын, сондай-ақ пунктуациялық норманың ғылыми негізде орнығу ерекшеліктерін анықтау. Осы мақсатқа сәйкес пунктуацияның жалпы тіл біліміндегі орны сипатталып, қазақ тіліндегі тыныс белгілерінің даму кезеңдері, А. Байтұрсынұлы ұсынған атаулар жүйесі, қазіргі терминдердің нормалану сипаты талданады. Зерттеудің теориялық базасын жазба ескерткіштер тілі, қазақ жазуы, орфография, пунктуация және ортология мәселелеріне арналған ғылыми еңбектер құрайды. Эмпирикалық негіз ретінде қазақ тіліндегі негізгі тыныс белгілерінің бұрынғы атаулары мен қазіргі қолданыстағы терминдері алынды. Жұмыста тарихи-салыстырмалы, сипаттамалы, жүйелеу, терминологиялық және лингвистикалық талдау әдістері қолданылды. Зерттеу нәтижелері қазақ пунктуациясының дайын күйде қабылданған ереже жиынтығы емес, ұлттық жазба тәжірибесі мен ғылыми нормалау негізінде қалыптасқан жүйе екенін көрсетеді. Мақаланың ғылыми маңызы тыныс белгісі атауларының тарихи, қызметтік және когнитивтік табиғатын ашуымен айқындалады. Практикалық құндылығы қазақ жазба тілін оқытуда, мәтін редакциялауда, цифрлық сауаттылықты арттыруда және қазақтілді жасанды интеллект модельдерін жетілдіруде қолданылу мүмкіндігімен байланысты.
Мақала қазақ тіліндегі полисемияның тілтанымдық уәждерін тарихи мәтін мен қазіргі қолданыс сабақтастығында сипаттауға арналған․ Зерттеудің өзектілігі орта ғасыр түркі жазба мұраларындағы көпмағыналы лексемалардың қазіргі оқырманға көбіне бір мағынамен ғана танылып‚ мағына тармақтарының уәжі мен дамуы жеткілікті деңгейде ашыла бермейтіндігімен байланысты․ Зерттеудің мақсаты – Алтын Орда дәуірінің екі ескерткіші негізінде көпмағыналы бірліктердің мағына құрылымын айқындап‚ олардың қазіргі қазақ тіліндегі сөздіктік жүйемен және қолданыстық белсенділікпен сабақтастығын көрсету․ Зерттеудің міндеттері тарихи мәтіндерден көпмағыналы лексемаларды іріктеу‚ әр лексема бойынша мағына тармақтарын контекст арқылы нақтылау‚ мағыналық кеңеюдің танымдық және функционалдық уәжін сипаттау‚ сондай‐ақ қазіргі түсіндірме сөздіктердегі берілуімен салыстыруды қамтиды․ Зерттеудің эмпирикалық базасы ретінде Сейф Сараидың «Гүлістан бит‐түрки» және Құтбтың «Хұсрау уа Шырын» шығармаларының сөздігі‚ транскрипциясы мен аудармасы пайдаланылды․ Қазіргі қолданыспен беттестіру үшін «Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі)» және «Қазақ тілінің әмбебап электронды сөздігі» материалдары қолданылды․ Зерттеуде тарихи‐ салыстырмалы және контекстік семантикалық талдау‚ мағына тармақтарын лексика‐семантикалық вариант ретінде жіктеу‚ уәждік талдау және лексикографиялық салыстыру тәсілдері ұштастырылды․ Нәтижесінде көпмағыналылықтың негізгі уәждік үлгілері жүйеленіп‚ мағыналардың сақталуы‚ кеңеюі және қолданыстық реңкінің өзгеруі тарихи дерек пен қазіргі сөздік жүйе арқылы дәлелденді․ Ғылыми маңыздылығы полисемияны диахрондық‐синхрондық сабақтастықта түсіндіруге негіз ұсынуымен айқындалса‚ практикалық құндылығы тарихи мәтіндерді оқыту‚ лексикографиялық жұмыс және ұлттық тілдік модельдерге арналған семантикалық дерек қорын толықтыруға қолданылуымен анықталады․
Адамдар арасындағы тиімді қарым-қатынас тек ақпарат алмасумен шектелмейді, сонымен бірге сөйлеушінің айтылған ойға деген көзқарасын жеткізуді де қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда, модальділік категориясы сөйлеудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ағылшын тілінде модальділік категориясының түрлі реңін білдіретін модальді етістіктердің бірі – can. Аталған модальді етістік баланың ең алғаш меңгеріп, қолданатын модаль етістіктердің бірі болып саналғанымен, ол функционалдық мүмкіндігі кең әрі көпмағыналы күрделі модаль етістігі. Can модаль етістігінің көпмағыналылығы теориялық тұрғыдан зерттелгенімен, оның семантикалық құрылымы әлі де толық айқындалмаған. Зерттеулердің басым көпшілігінде сan етістігінің семантикасы ағылшын тіліндегі басқа модаль етістіктермен бірге қарастырылып, олар біртұтас категория ретінде талданады. Мақала can модаль етістігінің білдіретін мағыналары мен атқаратын қызметтерін анықтап, түсіндіруді мақсат етеді. Зерттеу көркем әдебиеттен алынған сөйленімдерге сипаттау және сандық талдау жүргізу арқылы жасалды. Талдау нәтижелері аталған модаль етістігінің модальділіктің кең ауқымды түрлерін қамтитынын көрсетті. Олардың қатарына ішкі мүмкіндік модальділігі, сыртқы мүмкіндік модальділігі, деонтикалық модальділік және эпистемикалық модальділік жатады. Зерттеу нәтижелері бойынша can модаль етістігінің ең жиі қолданылатын қызметі – субъектінің ішкі мүмкіндігін білдіру болса, ал деонтикалық мағынадағы қолданысы өте сирек кездеседі. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері can модальді етістігінің әртүрлі модальдік мағыналарын ажыратуда, сондай-ақ оның қызметін анықтауда контекст пен лингвистикалық мәнмәтіннің (cotext) шешуші рөл атқаратынын көрсетеді.
Мақалада орта түркі дәуіріндегі медициналық лексиканың қалыптасуы, дамуы және қазіргі қазақ медицина терминологиясындағы семантикалық трансформациясы қарастырылады. Орта түркі жазба ескерткіштері – түркі халықтарының тілдік, мәдени және ғылыми дүниетанымын сақтаған құнды дереккөздер болып есептеледі. Атап айтқанда, «Диуани лұғат ат-түрк», «Құтадғу білік», «Шипагерлік баян» секілді шығармалардағы медициналық атаулардың тарихи сипаты мен қазіргі қолданысы тарихи салыстырмалы тұрғыда талданады. Зерттеу барысында тарихи салыстырмалы, диахрондық және синхрондық әдістер қолданылып, медицинаға қатысты бірқатар лексемалардың мағыналық кеңеюі, мағыналық тарылуы мен терминденуі әрі жаңғыру үдерісі айқындалады. Сонымен қатар Ислам өркениетінің ықпалы, араб-парсы тілдік қабатының түркі медициналық терминологиясына әсері көрсетіледі. Мақалада ортағасырлық түркі медициналық трактаттар мен этномедициналық деректердің тілдік жүйедегі орны сараланып, қазіргі терминжасам үдерісінде ұлттық сөздікқорымызды тиімді пайдалану мәселесі сөз болады. Зерттеу нәтижесінде ортағасырлық түркі тілінен әртүрлі жолдармен қазақ тілінің лексикалық қорында сақталған обыр, зембіл, сарысу, тәж, камфара, қандауыр сөздерінің қазіргі қолданыста қайта жаңғыру ерекшеліктері айқындалды. Сонымен қатар ортағасырлық түркі дәуіріне тән медициналық лексиканың қазіргі қазақ медициналық терминологиясының тарихи негіздерінің бірі екендігі көрсетіліп, аталған лексикалық бірліктердің тарихи-тілдік және мәдени-танымдық сабақтастығы жүйелі түрде сараланды.
ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІ
Қазақ тілін екінші тіл (L2) ретінде меңгерушілердің жазба жұмыстары бүгінге дейін корпустық тәсілмен зерттелген жоқ. Осымен байланысты зерттеудің мақсаты – қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгеретін оқушылардың жазба мәтіндеріндегі коллокациялық қателерді оқушылар корпусы негізінде анықтау, жіктеу және себептерін интерпретациялау. Осы зерттеуде оқушылар корпусы арқылы коллокациялық қателерді анықтауға, жіктеуге және интерпретациялауға назар аударылады. Жұмыс екінші тілді меңгеру теориясына (SLA, Second Language Acquisition) жалғамалы түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі материалы бойынша үлес қосады. Алдыңғы зерттеулерге сүйене отырып, мақалада «мәдени коллокация» деген теориялық категория ұсынылады. Зерттеу материалы ретінде орта мектеп деңгейіндегі 25 оқушының «Наурыз мейрамы» тақырыбына жазған 65 эссесінен құралған корпус (жалпы көлемі 12500 – 14000 сөз) алынды. Эссе мәтіндері қолмен аннотацияланып, қателерді талдау (Error Analysis) әдістемесі қолданылды. Корпустан 94 коллокациялық қате анықталып, олар лексикалық алмастыру (47%), етістік пен зат есім тіркестеріндегі ауытқулар (24%), бірінші тілдің ықпалына байланысты қателер (18%) және сын есім мен зат есім тіркестеріндегі қателер (11%) деп төрт санатқа жіктелді. Талдау грамматикалық дұрыстық пен коллокациялық құзыреттіліктің бір-бірінен ажырайтынын көрсетеді. Нәтижелер қазақ тілін L2 ретінде оқыту бағдарламаларын, лексикографиялық ресурстарды және мұғалімдерді даярлауды жетілдіру үшін эмпирикалық негіз ұсынады.
Бұл мақала цифрлық маркетинг лексикасындағы кірме терминдерді талдауға арналған, олардың қазақ тілінде бейімделуі мен қызмет етуіне баса назар аударылады. Бизнестің жалпы цифрлық трансформациясы жағдайында компаниялардың әлеуметтік желілердегі белсенді қатысуы табысты кәсіпкерлік қызметтің ажырамас шартына айналуда. Бұл саланың терминологиясына онлайн платформаларға, маркетингтік стратегияларға және әлеуметтік желілердегі жарнамаға қатысты жаңа ұғымдар жатады. Сонымен қатар, цифрлық маркетинг терминдерін ғылыми, практикалық және әлеуметтік тұрғыдан зерттеу қажеттілігі негізделеді. Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл зерттеу жаңа лексиканың кіріктіруі арқылы тілдің дамуын түсіну, сондай-ақ жаңа саладағы кірме сөздердің (транслитерация, калька жасау және т.б.) қабылдау принциптерін зерттеу үшін маңызды. Практикалық маңызы – цифрлық маркетологтарға қажет терминологиялық базаны қамтамасыз ете отырып, терминологиялық бірізділікті сақтау. Зерттеудің әлеуметтік маңызы – «Цифрлық Қазақстан» және «Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы» сияқты мемлекеттік тіл бағдарламаларын қолдауда көрініс табады. Бұл бағдарламалар қазіргі коммуникациялық кеңістікте мемлекеттік тілді тиімді пайдалану және іскерлік тіл мәдениетін дамыту үшін сәйкес цифрлық терминологияны жасауды талап етеді. Зерттеу әдістемесіне тұтас іріктеу әдісі, корпус әдісі, контекстік, семантикалық, этимологиялық және лексикографиялық талдау, сондайақ сандық есептеу әдісі кіреді. Зерттеу материалы ретінде маркетингке арналған оқулықтар мен қазақ тіліндегі бизнес пен цифрлық маркетингке қатысты әлеуметтік желілер мәтіндері алынған, нәтижесінде 100-ден астам ағылшын кірме терминдері анықталды. Лексиканы белсенді түрде кіріктіру – жаһандану жағдайында тіл дамуының табиғи үдерісі және ол кәсіби коммуникацияның тиімділігін қамтамасыз етіп, қазақ тілінің бейімделу қабілетін көрсетеді.
Медиакоммуникацияда стилистикалық құралдар мәтіннің тек экспрессивті немесе сипаттаушы құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар олар мәтіннің бағалауыштық және идеологиялық мағынасын жеткізуші механизмдер ретінде де қолданылады. Осыған орай бұл зерттеу жұмысы қазақ және ағылшын тілдеріндегі медиадискурста бағалау мағынасын вербалдаушы стилистикалық құралдардың прагматикалық функцияларын анықтауға бағытталады. Зерттеу жұмысы түрлі стилистикалық құралдар арқылы шынайылықты интерпретациялау механизмдерін және оны аудиторияның қабылдауына қалай әсер ететінін айқындауды мақсат етеді. Бұл жұмыс функционалды-прагматикалық және когнитивті-дискурсивтік тәсілдерге негізделген. Зерттеудің ғылыми және практикалық маңызы бағалау тілін теориялық тұрғыдан түсініп, БАҚ арқылы әлеуметтік шындықты қалыптастыруда стилистикалық құралдардың рөлін анықтау болып табылады. Зерттеу жұмысының эмпирикалық дерекқорын 2020 – 2026 жылдар аралығында қазақ және ағылшын тілдеріндегі онлайн жаңалық платформаларында жарияланған 100 мақаладан іріктелген 340 бағалау мағынасы бар мысалдардан тұратын корпус құрайды. Зерттеу әдіснамасы салыстырмалы сапалық дискурс анализі, контекстуалды-интерпретациялық анализ және дискурстық фреймдер анализін қамтиды. Зерттеу нәтижелері метафораның әлеуметтік-саяси үдерістердің концептуалдық модельдерін құрылымдайтынын, ал ирония күтілетін мағына мен шындық арасындағы сәйкессіздік негізінде имплицитті сыни бағалауды қалыптастыратынын және метонимия іс-әрекет субъектісін жекелеген субъектілерден институционалдық немесе абстрактілі құрылымдарға ауыстыратынын көрсетеді. Эпитеттер көбіне пресуппозициялық бағалау қызметін атқарса, ал гипербола мен теңеу сипатталған оқиғалардың қабылдану маңыздылығы мен эмоциялық әсерін күшейтеді. Зерттеу корпусын салыстырмалы талдау барысында ағылшын медиа мәтіндерде ирониямен берілген бағалауыш фрагменттерінің көбірек кездесетіні, ал қазақ медиа мәтіндерінде эпитеттер мен гиперболалардың салыстырмалы түрде көбірек қолданылатыны анықталды. Сапалық талдау барысында қазақ тіліндегі мәтіндерде билікті вертикалды кеңістік арқылы бейнелейтін метафоралар да кездесті. Бұл заңдылықтар зерттеу барысында жиналған корпус аясында анықталған тенденциялар ретінде қарастырылады. Зерттеу жұмысы бағалаудың жүзеге асу механизмдері мен олардың прагматикалық қызметін байланыстыратын аналитикалық модель ұсына отырып, медиалингвистика мен сыни дискурс талдауының дамуына үлес қосады. Зерттеу барысында алынған нәтижелер медиакоммуникация, дискурстық талдау және сондай-ақ қазіргі медиамәтіндердегі идеологиялық фреймингті зерттеулерде қолданылуы мүмкін.
Мақалада Қазақстанның америкалық медиадискурсындағы Шығыс пен Батыс арасындағы делдалдық рөлі тұрғысынан репрезентациялану ерекшеліктері қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі халықаралық қатынастардың трансформациялануы, геосаяси бәсекелестіктің күшеюі және Еуразиядағы жаңа көлік-логистикалық бағыттардың қалыптасуы жағдайында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының Орталық Азияға деген қызығушылығының артуымен айқындалады. Осыған байланысты Қазақстанның халықаралық бейнесін қалыптастыратын тілдік және дискурстық механизмдерді талдау ерекше ғылыми қызығушылық тудырады. Зерттеудің мақсаты – америкалық аналитикалық медиасындағы Қазақстанның делдал мемлекет ретіндегі бейнесін қалыптастыратын тілдік және дискурстық құралдарды анықтау. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы қазіргі медиакеңістікте мемлекеттердің халықаралық имиджін қалыптастыру механизмдері туралы түсініктерді кеңейтумен сипатталса, практикалық маңыздылығы оның нәтижелерін медиалингвистика, саяси коммуникация және халықаралық қатынастар салаларындағы зерттеулерде пайдалану мүмкіндігімен айқындалады. Зерттеу материалы ретінде 2021-2026 жылдары жарияланған Foreign Policy, The Diplomat, Forbes және Radio Free Europe/Radio Liberty басылымдарындағы он аналитикалық және қоғамдық-саяси мақала алынды. Зерттеудің методологиялық негізін дискурс-талдау, лингвосемантикалық талдау және концептуалдық метафораларды талдау әдістері құрайды. Зерттеу нәтижесінде америкалық аналитикалық медиакорпуста Қазақстан әртүрлі саяси, экономикалық және географиялық кеңістіктер арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін мемлекет ретінде басым түрде репрезентацияланатыны анықталды. Аталған бейнені қалыптастыруда bridge, diplomacy, neutrality, balancing, Middle Corridor, connectivity және hub концептілері шешуші рөл атқарып, делдалдық қызметтің біртұтас дискурстық моделін құрайды. Сонымен қатар Қазақстанның делдалдық қызметі геосаяси, дипломатиялық және экономикалық-инфрақұрылымдық өлшемдерде жүзеге асатыны айқындалды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы Қазақстанның делдал ел ретіндегі бейнесін америкалық аналитикалық медиада репрезентациялаудың негізгі дискурстық модельдерін жүйелеуден көрінеді. Зерттеу нәтижелері қарастырылған жарияланымдардың бірқатарында елдің тұрақтылық, ашықтық және сындарлы халықаралық ынтымақтастық ұғымдарымен сабақтасатын оң бейнесі қалыптасатынын көрсетеді. Алынған қорытындылар халықаралық медиадискурсты зерттеуде және Қазақстанның жағымды имиджін ілгерілету стратегияларын қалыптастыруда қолданылуы мүмкін.
Зерттеудің мақсаты – қазіргі социолингвистикалық зерттеулерде уақыт пен кеңістік категорияларын репрезентациялауға негіз болатын лингвистикалық тәсілдер мен қағидаттарды анықтап, жүйелеу, сондай-ақ респонденттердің тілдің қызмет етуі мен дамуына ықпал ететін социолингвистикалық факторлар туралы көзқарастарын зерделеу. Мақалада 2024-2026 жылдары жарияланған социолингвистикалық зерттеулердегі уақыт пен кеңістік категорияларының репрезентациясына қатысты лингвистикалық тәсілдер мен қағидаттарға жүргізілген аналитикалық шолудың нәтижелері, сондай-ақ 2025-2026 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының оқытушылары мен магистранттары және бірқатар шетелдік ғалымдардың қатысуымен жүргізілген эмпирикалық зерттеудің нәтижелері ұсынылған. Әдебиеттерге жасалған шолу нәтижелері кесте түрінде жүйеленіп, эмпирикалық зерттеу нәтижелері диаграммалар арқылы ұсынылып, талданды. Зерттеу барысында талдау, синтездеу, құрылымдау, авторлар жинақтаған деректерді және бұрын жарияланған ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жалпылау әдістері қолданылды. Зерттеу нәтижелері елу екі респонденттің басым бөлігі ғылыми зерттеулерді жүргізудің негізгі тәсілдерінің бірі ретінде диахрониялық тәсілге басымдық беретінін көрсетті. Респонденттер тіл мен әлеуметтік контекстің өзара байланысын ескеруге бейім, сондай-ақ неологизмдер мен кірме сөздерді тілдің қызмет етуіне ықпал ететін маңызды факторлар ретінде қарастырады. Авторлар тілдің цифрлануы мен жасанды интеллектінің ықпалын ескергеніне қарамастан, респонденттердің уақыт пен кеңістікті ұғынудың орнықты менталдық негіздерінің бірі ретінде дәстүрлі тарихи (диахрониялық) көзқарасқа әлі де сүйенетіндігі туралы қорытындыға келеді.
Мақалада б.з.б. V ғасырдан бастап қазірге дейін Қазақстан территориясында қолданылған әліпбилерге, қазақ жазуының қалыптасу, даму, өзгеру тарихына шолу жасала отырып, қазір жүзеге асырылып жатқан латын әліпбиіне көшу ұлттық жоспарының нақты лингвистикалық қадамдары туралы ақпараттар, талдаулар ұсынылады. Латын әліпбиіне көшу Қазақстанның дамуы, қазақ тілінің болашағы үшін аса өзекті болса да, 1991 жылдан қазірге дейін жүзеге аспай келеді. Себебі бұл – аса күрделі қоғамдық-саяси мәселелерге байлаулы, көптеген лингвистикалық түйткілдерді шешуді қажет ететін күрделі мәселе. Зерттеуде Қазақстандағы қазіргі әліпби реформасы лингвистикалық аспектіде қарастырылады, сондай-ақ экстралингвистикалық фактор ретінде геосаяси және әлеуметтік себептері туралы да тұжырымдар ұсынылады. Латын әліпбиіне көшу үдерісінің нақты қадамдары ретінде 2017-2023 жылдар аралығында атқарылған ғылыми-лингвистикалық жұмыстар, қазірге дейін ресми ұсынылған 5 қазақ-латын әліпби нұсқалары және ол бойынша дайындалған емле ережелері мен орфографиялық сөздіктер туралы деректер айтылып, талдаулар жасалады. Латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиіне көшудің ғылыми мәселелері, туындаған лингвистикалық қиындықтар, қазақ лингвист ғалымдарының латын әліпбиі бойынша ғылыми айтыс-тартыстарының тақырыптары мен себептері талданады. Зерттеу нәтижесінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан латын әліпбиіне көшу үдерісінің ғылыми-лингвистикалық мәні мен қоғамдық-саяси астары туралы толыққанды түсінік беріліп, нақты тұжырымдар ұсынылады. Мақалада жасалған тұжырымдар мен көтерілген түйткілдер қазіргі кирилнегізді қазақ әліпбиі мен оның емле ережелерін ұлттық сипатта реттеу және осы бағыттағы қиындықтарды шешу тұрғысынан да өзекті.
Мақалада қазіргі ағылшын тіліндегі кәсіби авиациялық дискурстағы неологизмдердің құрылымдық және функционалдық-семантикалық ерекшеліктері олардың пайда болуы, орнығуы және қолданыстағы жарыспалылығы тұрғысынан қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – соңғы кезеңдегі авиациялық атаулардың тақырыптық салалар бойынша таралуын, олардың қандай құрылымдық үлгілер мен дискурстық қызметтерді іске асыратынын, сондай-ақ кәсіби қолданыс аясында мәртебесінің қалай өзгеретінін анықтау. Зерттеу материалы 2021– 2025 жылдардағы ICAO, FAA, EASA және IATA ұйымдарының ресми және салалық мәтіндерінен анықталған 96 неологиялық бірліктен тұрады; олардың жаңалығы 2016–2020 жылдардағы базалық материалдармен және қалыптасқан терминологиялық ресурстармен салыстыру арқылы тексерілді. Талдау лексика-семантикалық және контекстік тәсілдерді, құрылымдық және функционалдық жіктеуді, кезеңаралық салыстыруды, терминологиялық варианттарды кодтауды, әртүрлі кәсіби мәтіндердегі қолданысын тексеруді, сипаттамалық статистиканы және Пирсонның χ² сәйкестік критерийін қамтыды. Тақырыптық үлестірім бес сала бойынша тең үлестірімнен статистикалық мәнді айырмашылық көрсетпеді, χ²(4) = 2.54, p = .637, дегенмен ұшқышсыз авиациялық жүйелер, жетілдірілген әуе мобильдігі және цифрлық басқару мен навигация бағыттары сандық тұрғыдан алда болды. Функционалдық-семантикалық үлестірімде мәнді айырмашылық анықталды, χ²(4) = 9.94, p = .041, Cohen’s w = .32; нысан, үдеріс және технология атаулары ең ірі топтарды құрады. Көпкомпонентті терминдік тіркестер мен аббревиатуралар жиі кездесетін құрылымдық үлгілер болды. Нәтижелер абсолютті лексикалық жаңалық пен кейінгі терминологиялық орнығудың ара-жігін ашып, тұрақты кәсіби қолданыстың терминнің реттеуші, техникалық және операциялық мәтіндерде қайталанып жұмсалуымен байланысты екенін көрсетті.
Мақала қазіргі компьютерлік лингвистика мен NLP саласындағы өзекті мәселе – ірі тілдік модельдердің (LLM) қазақ тіліндегі этномәдени кодтар мен ұлттық дүниетанымдық қабаттарды тану қабілетін зерттеуге арналған. Өйткені қазіргі қолданыста ЖИ-ге негізделген аударма жүйелеріндегі негізгі олқылықтың басым бөлігі – этномәдени бірліктерді дұрыс тани алмауында болып отыр, сонымен бірге дәл осы салаға қатысты зерттеулердің тапшылығы, мәдени мағыналарды дұрыс жеткізе алатын аударма эрратологиясына бейімді ЖИ үлгілерін жасауға деген сұраныстың артуы – зерттеудің өзектілігін көрсетеді. Зерттеудің мақсаты – қазақ соматикалық этнографизмдерінің (жүрек жалғау, бауырымдау, аузына түкірту, т.б.) ChatGPT, Gemini, Claude жүйелерінде өңделуінің когнитивті механизмдерін айқындау және цифрлық ортадағы семантикалық ауытқуларды (аберрацияларды) жіктеу. Жұмыста когнитивті модельдеу, лингвомәдени талдау және салыстырмалыэксперименттік әдістер кешені қолданылды. Эмпирикалық база ретінде Ә. Кекілбаев, М. Әуезов, Т. Әлімқұлов және Т. Ахтановтың классикалық шығармаларынан алынған соматикалық этнобірліктер іріктелді. Модельдердің контекске сезімталдығын тексеру үшін екі кезеңдік (лексикалық және контекстік-прагматикалық) лингвистикалық промпттар әзірленді. Эксперименттік талдау нәтижесі ЖИ жүйелерінің қазақ этносоматикалық кодтарын түсіндіруде «прагматикалық инверсия», «лингвомәдени деритуалдау» және «денотаттық буквализм» сияқты қателіктерге жиі бой алдыратынын көрсетті. Модельдерде сакралды мағыналарды батыстық этикалық нормалармен алмастыру және когнитивті инерция құбылысы байқалды. Жұмыстың құндылығы – генеративті қосымшалардың (ChatGPT, Gemini, Claude) этномәдени бейімсіздігін қазақ тілі материалында алғаш рет когнитивті-семантикалық тұрғыдан қарастыруында. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызы ЖИ модельдерін қазақ тілінің этнографиялық деректер қоры негізінде мамандандырылған түрде баптауда (fine-tuning), сондай-ақ машиналық аударма сапасын арттыруда қолдану мүмкіндігімен айқындалады.
Мақалада заманауи ғылыми стильдің қазіргі ұйымдасу прототипіне академиялық жазылым мәтіндерінде жиі қолданылатын сөзқолданыстарды анықтау, соның ішінде тілі білімі бойынша академиялық мәтіндерге тән грамматикалық құралдар мен лексика-грамматикалық құрылымдар сандық және сапалық талдау әдістері арқылы анықтауға ұмтылыс жасалған. Жеке саланы айтпағанда, жалпы академиялық мәтінге тән сөздер тізімі лексикалық минимум ретінде қазақ ғылымында әлі күнге дейін жарық көрмеген. Бұл мәселе зерттеуіміздің мақсатын былайша айқындап берді: зерттеу мақсаты – қазақ тіліндегі академиялық мәтіндерге, соның ішінде лингвистикаға қатысты зерттеу мақалаларына тән базалық сөздік қорды анықтау. Осы мақсат жолында академиялық жазылым мәтіндерінің сөзтізімін жасақтауға бағытталған отандық және шетелдік іргелі зерттеулер, тәжірибелер қарастырылды. Зерттеу материалы ретінде тіл білімі бағытындағы ҚРҒжЖБССҚК ұсынған басылымдардағы 6 журналдың 30 нөмірінен алынған 236 ғылыми мақалаға негізделген жалпы көлемі 1 057 000 сөзқолданысты құрайтын «Лингвистикалық зерттеулер корпусы» жасақталды. Корпустық талдау және жиілік талдау әдістері арқылы сөзтізімге енетін ең жиі қолданылған 1000, 200 және 50 тілдік бірлік сұрыптап алынып, бұл тілдік бірліктердің қазақша академиялық жазылым мәтіндерінің қандай сипаты мен ерекшелігін, академиялық мәтіндердің қандай қағидасын қамтамасыз етуге қызмет ететіні талданды. Сұрыптап алынған тілдік бірліктер негізінде академиялық жазылым мәтіндерінің жиілік сөз тізімі жасақталды. Мұндай сөз тізім тіл білімі бағытындағы академиялық жазылым мәтіндерінің өзіне тән өзгешеліктерін тануға, олардың қызметі мен мағыналық түрленімін айқындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл зерттеу арқылы «қазақ тілі – ғылым тілі» екенін нақты тілдік фактілер арқылы дәлелдеуге деген ұмтылыс та бар. Зерттеудің ғылыми жаңалығы қазақ тіл білімі саласындағы ғылыми мақалалар негізінде арнайы салалық корпус құрастырылып, академиялық дискурста жиі қолданылатын тілдік бірліктер мен олардың тұрақты тіркесімдерінің сандық және сапалық тұрғыдан сипатталуымен айқындалады. Практикалық маңызы да айқын: нәтижелер академиялық жазылымды оқытуға, қазақша AWL/AVL үлгісімен сөздік жасауға және NLP міндеттеріне пайдаланылуы мүмкін.
Мақалада Қазақ тілінің ұлттық корпусы құрамындағы ішкорпустардың инклюзивті білім беру үдерісіндегі лингвистикалық әлеуеті және оларды қазақ тілін оқытуда тиімді қолданудың ғылыми-лингвистикалық негіздері қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі қазіргі цифрлық білім беру кеңістігінде қазақ тілін оқыту мазмұнын тілдік дерекке‚ мәдени семантикаға‚ ауызша қолданысқа және жедел цифрлық кері байланысқа сүйеніп жаңаша ұйымдастыру қажеттігімен айқындалады․ Әсіресе инклюзивті ортада тілдік материалдың деңгейленген‚ түсінікті‚ көпарналы және мазмұндық жағынан бай болуы шешуші мәнге ие․ Зерттеудің мақсаты – Қазақ тілінің ұлттық корпусы мен оған сабақтас цифрлық қорларды пайдалану арқылы қазақ тілін оқытудың лингвистикалық әлеуетін айқындау․ Осы мақсатқа сай ұлттық корпустың ономастикалық‚ мәдени‐репрезентативті‚ ауызша ішкорпустары‚ Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры‚ TBIJAZU ақылды мәтінтүзеткіші және Қазақ тілінің паремиологиялық қоры талданды․ Зерттеудің эмпирикалық базасын аталған платформалардағы мәтіндік‚ дыбыстық‚ бейнелік және картотекалық деректер құрайды․ Теориялық негізі ұлттық корпус‚ корпусқа негізделген оқыту‚ инклюзивті лингводидактика және цифрлық тілдік ресурстарды білім беру үдерісіне енгізу туралы ғылыми тұжырымдарға арқа сүйейді․ Жұмыста сипаттамалы‚ контекстік‚ салыстырмалы талдау‚ іріктеу‐сұрыптау және лингвистикалық‐ әдістемелік модельдеу әдістері қолданылды․ Нәтижесінде ұлттық корпус пен цифрлық қорлардың сөз мағынасын контексте танытуға‚ мәдени кодты ашуға‚ орфоэпиялық және орфографиялық норманы меңгертуге‚ жазылымды түзетуге‚ сөздік қорды молайтуға және тілдік материалды білім алушының деңгейіне қарай бейімдеуге мүмкіндік беретіні анықталды․ Зерттеудің ғылыми маңызы – қазақ тілін инклюзивті ортада оқытудың дерекке негізделген тұтас моделін ұсынуында‚ ал практикалық құндылығы – аталған ресурстарды сабақ мазмұнын құрастыруда‚ тілдік дағдыларды кешенді дамытуда және қазақтілді жасанды интеллект жүйелерін сапалы тілдік дерекпен қамтамасыз етуде қолдануға болатындығынан көрінеді․
ISSN 2709-135X (Online)









