Preview
№ 1 (2021)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)
https://doi.org/10.55491/2411-6076-2021-1

3-10 297
Аннотация

Мақалада Абайдың «қарасөздеріндегі» этикалық ұғымдар мен Абай мұрасындағы этикалық ұғым атауларының сөзсаптам ерекшеліктері талданады. Этикалық ұғымдардың тілдік референттері дүниетанымдық ерекшеліктері ретінде аксиологизмдер негізге алынып, олар құндылықтар, антиқұндылықтар және амбивалентті құндылықтар түрінде топтастырылады. Талдаудың барысы мен нәтижесінде қоғамдық қатынастар жүйесіндегі негативтік құбылыстардың детерминациясы айқындалады. Ұлы ақынның дүниетанымында, философиясында этикалық ұғымдардың рационалистік бағдары антропоцентристік, ұстанымы гумманистік екені зерделенеді.

10-26 555
Аннотация

Мақалада тілдің дихотомиясы және полихотомиясы қаралады: а) тіл және тілдесім; ә) тіл, тілдесім, тілдесімдік қызмет; б) тіл, тілдесім, тілдесімдік қызмет, тіл материалы. Осы ғылыми мәселенің А.Байтұрсынұлының еңбектеріндегі орны, тілтанымдық шешімі зерттеледі. Негізгі зерттеу пәні және нысаны ретінде 1912 жылдан бастап 1937 жылға дейінгі А.Байтұрсынұлының тілтанымдық және әдістемелік еңбектері негіз болған. Қазақ тіл білімінің, әдебиеттанымының, әдістемесінің негізін қалаған А.Байтұрсынұлының мұрасында бұл ғылыми мәселе ұғымдар және терминдер статусында маркерленген: тіл, сөйлеу, сөйлесу. Бұл ұғымдар мен терминдер ауызекі де, жазбаша да тілдесімнің түрлерін қамтыған. Мақалада тілдің статикасы мен динамикасының зерттелуі Вильгельм фон Гумбольдтің, Фердинанд де Соссюрдің, Л.В.Щербаның т.б. еңбектеріне сүйеніп жасалған; тілдік дихотомияға және полихотомияға байланысты А.Байтұрсынұлының концепциясы қазіргі қазақ тілтанымындағы жағдаймен салыстырылады да, олардың бір ғылыми арнада екендігі туралы тұжырым жасалады. А.Байтұрсынұлының тілдің дихотомиялық және полихотомиялық сараптау концепциясы 1914 жылы «Тіл - құрал» еңбегінде көрініс тапқан. Қазақ және басқа түркі тілдеріндегі тіл дихотомиясы мен полихотомиясына арналған ғылыми еңбектердегі, оқулықтардағы синонимиялық политерминдікті және басқа да жағдайды мақала авторы төмендегі уғымдар мен терминдер жиынтығымен атауды ұсынады: 1) тіл, тілдесім, тілдесімдік қызмет, тіл материалы; 2) тыңдалым, сөйлесім, оқылым, жазылым, іштей тілдесім, аударма тілдесім. Тілдік қатынастың барлық түрлерінің (жиынтығының) жалпылама аталуы ретінде тілдесім термині ұсынылады. Тілдесім, тілдесімдік қызмет терминдері тіл арқылы жасалған қызмет түрлерінің (жиынтығының) жалпылама атауы ретінде ұсынылады. Тілдесім, тілдесімдік қызмет ұғымдары мен терминдері тілдің динамикалық аспекті ретінде қарастырылады. Ғылыми ізденіс барысында бір тілдің бірліктерін өзара салыстыру, бірліктерді тілдер аралық салыстыру әдістері және семантикалық, стилистикалық зерттеу әдістері қолданылған.

26-37 479
Аннотация

Мақала қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының суперсегментті фонетика саласындағы ғылыми мұрасына арналған. Интонацияның негізгі компоненттері, олардың дыбыстық сөйлеудегі қызметі Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми ілімі тұрғысынан сипатталады. Әуен, қарқын, үдемелік, пауза, тембр деген интонацияның компоненттеріне егжей-тегжейлі сипаттама берілген. Тілдің интонациялық ерекшелігі просодикалық құралдарды таңдауда және олардың өзара байланысында көрінеді. Ахмет Байтұрсынұлының пікірінше, қазақтың просодикалық жүйесі орыс тілінен гөрі француз тілінің просодикалық жүйесіне ұқсас. Орыс екпіні сөйлемнің әр жеріне түссе, ал қазақ екпіні француз тіліндегідей сөйлемнің соңына түседі.
Интонацияның ең кіші функционалдық бірлігі туралы түсінік берілді. Интонема – таңба, оның формасы да, мазмұны да бар. Фонемалар сияқты интонеманың саны шектеулі. Эксперименттік-фонетикалық зерттеулер негізінде қазақ тілінің 8 интонемасы анықталды. Интонеманың негізгі қызметі сөйлемдерді бір-бірінен айырып ажыратуда болып табылады.
Мақалада поэтикалық сөйлеу интонациясына ерекше назар аударылады. Ғалым бунақ, шумақ, тармақ, ырғақ сияқты ұғымдарды ғылыми айналымға енгізді, солар арқылы поэтикалық мәтіндер сипатталды. Ғалымның функционалды грамматиканы дамытуға қосқан ғылыми үлесі талданады. Ахмет Байтұрсынұлы өз зерттеулерінде дискурс теориясының мәселелерін қарастырады, қазақ тіл білімінде тұңғыш рет сөйлеу фактілерін коммуникативті-прагматикалық аспектісінде зерттейді.

37-43 256
Аннотация

Мақалада тіл мен әдебиет мәселелерін бөліп-жармай тел ағымда алып қарастыра отырып, оларды ірі қоғамдық, гуманитарлық үрдісте зерделей білген ғалым Құлмат Өмірәлиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы сөз қозғалады. Ғалым өзінің зерттеулерінде, баспадан шыққан төрт кітабында тіл мен әдебиеттің ортақ нысаны болып табылатын көркем әдеби тілдің алуан түрлі, көкейтесті мәселелерін зерделейді. Қазақ халқының тарихи поэтикасын жасаудың жолдарын көрсетеді, оның тарихи көздерін, тұма бастауларын ашады. Болашақ ізденушілерге қажетті зерттеу алаңдарын дайындайды. Аз ғана ғұмыр жасында елі үшін еңбек етіп, көп іс тындырған азамат ағаның, саңлақ ғалымның жазған зерттемелері әлі талай ұрпақтың қажетіне асары сөзсіз.

43-50 410
Аннотация

Норма – қарама-қайшылықтары көп жалпытілдік категория. Жазуда норма қатаң сақталуы тиіс, жазып отырған адам мен сөйлеп тұрған адамның діттемі екі түрлі болады, жазуда тиімділікті сақтау үнемі жадта тұрса, сөйлеу кезінде этностық ерекше белгілер анық көрінеді екен. Мақалада Байтұрсынұлы феномені аталған төте жазудың ерекшеліктері туралы айтылады.

50-63 325
Аннотация

Қазақ орфографиясындағы маңызды мәселелердің бірі – күрделі сын есімдердің жазылуы. Қазіргі жазба нұсқалар күрделі сын есімдердің, оның ішінде заттардың, жан-жануарлардың басты қасиеттеріне, кейбір ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан қатыстық сын есімдердің кейбір топтарының жазылуындағы динамикалық үдерістер туралы мол материал көрсетеді.
Мақалада жылқы түлігінің түр-түсін білдіретін күрделі сын есімдердің орфографиялануы талданады, жазба коммуникациядағы қолданыс жиілігі ескеріле отырып және құрылымдық-семантикалық талдау негізінде олардың орфографиялануын реттеу жөнінде ұсыныстар жасалады

63-66 250
Аннотация

Ғалым, ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың тұңғыш ұлттық әліпбиін жасаған тұлға ғана емес, қазақ емлесін де жасаушы тұлға. Ғалымның негіздеп берген емле ұстанымы – дыбыстың фонетикалық қоршауға неғұрлым тәуелсіз түрі жазылатын фонемдік принципі – қазақ орфографиясының негізгі принципі болып алынды.

66-73 303
Аннотация

Қазақ орфографиясындағы маңызды мәселелердің бірі – күрделі сөздердің (сан есім) жазылуы. Мақалада сан есімдердің жазылуы мен «бір» сөзінен жасалған күрделі сан есімдердің орфографиялану мәселелері қарастырылады.
Аталған сөздерге құрылымдық-семантикалық талдау негізінде олардың орфографиялануын реттеу жөнінде ұсыныстар жасалады.

73-82 228
Аннотация

Көне дәуірдегі сақ-скифтердің әлемдегі қалдырған мұралары мен мәдениеті, тілі мен әдет-ғұрыптары айтарлықтай мол болса, осы жайт әлемдегі лингвистика, тарих пен филология ғылымдары арқылы сараланған.

82-94 342
Аннотация

Соңғы жылдары аударылған немесе жасалынған терминдердің көпшілігі тілімізге сіңісіп кетті, ал кейбірі жалпы қолданысқа түсе алмады. Оның себебі – ондай терминдер термин жасау заңдылықтарына, табиғатына жауап бере алмайтын жасанды терминдер еді. Өткен жылдары Елбасы бас болып, жалпы қазақ қоғамы мен Терминком қостап бұрынғы, кейбір терминдердің халықаралық атауын қайта қайтару жайы сөз болуда. Мұның өзі терминжасам процесінде кезінде науқаншылыққа, асығыстыққа жол берілгенін көрсетеді. Егер бекітілген терминдерді жиі ауыстыратын болсақ, терминдерді қалыптастыру жүзеге аспайтын болады.

94-99 309
Аннотация

Мақалада профессор Ж.Манкееваның өлі түбір жайындағы зерттеулері және оны диахронды тұрғыдан зерттеу мәселесі қарастырылады. Сондай-ақ өлі түбірді зерттеу барысында ғалымның «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі», «Көне түркі жазбаларындағы Енисей ескерткіштерінің тілі» сияқты еңбектерді пайдалана отырып, тарихи- салыстырмалы зерттеу жүргізгендігі мысалар арқылы сипатталып беріледі. Ғалым зерттеулерінде өлі түбір табиғатын аша отырып, оны фонетика- морфологиялық тұрғыдан жан-жақты ашып берген.

99-102 328
Аннотация

Мақалада Ахмет Байтұрсынұлының 1922 және 1925 жылдары шыққан «Әліппесі» талданады. Екі оқулықтағы айырмашылықтар мысалдармен көрсетілген.

102-108 286
Аннотация

Ақпараттық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу оқытудың жаңа түрлерінің пайда болуына әкелді. Оқытудың осы формаларының бірі - қашықтықтан оқыту. Оқытудың бұл формасы оқу процесін мұғалім мен оқушының білім беру мекемесінің аумағынан тыс жерде болуға мүмкіндік беретін етіп ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жоғарыда келтірілген факт қашықтық формасының дәстүрлі формадан басты айырмашылығы. Оқытудың осы формаларының әрқайсысының оқу процесін ұйымдастыруда өзіндік ерекшеліктері мен оқыту кезінде қолданылатын құралдары бар. Мақалада дәстүрлі және қашықтықтан оқытудың айырмашылықтары туралы ақпарат берілген.

108-114 2748
Аннотация

Бұл мақалада адамдардың әртүрлі тұрмыстық және құқықтық қарым қатынаста қолданатын қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологизмдерге салыстырмалы түрде тоқталған. Екі тілдегі фразеологизмдерді жинақтап, олардың шығу тегі мен қолдану аясына талдау жасалынған.

114-120 303
Аннотация

Үш автор осы тақырыпты зерттеу барысында әртүрлі әдістерді қолдана отырып, Қазақстандық орыстілді мектеп оқулықтарында Абай шығармашылығының берілу деңгейі, қамтылу диапазоны туралы өз пікірлерін білдіріп, тілтанушы ретінде қортынды жасап, ұсыныстарын айтады. 1-11 кластар бойынша барлық орыстілді оқулықтар қарастырылды. Бұл зерттеу жұмысы «Абай – 175 жыл» мерейтойына орай жүргізіліп, «Абайдың сөздүниесі және мектеп өміріндегі Абай» атты онлайн дөңгелек үстелде баяндама жасалды. Мақала сол баяндаманың негізінде даярланды.

120-125 285
Аннотация

Бұл мақалада қазіргі оқу мен оқыту үдерісіндегі ағылшын тілін оқытуда оқушылардың коммуникативті орта қалыптастыру мен құзіреттіліктерін дамыту біліктілігін, оқушылардың қызығушылығын ұйымдастыруды қажеттілігі қарастырылған.

125-134 2161
Аннотация

Бұл мақалада біз ағылшын тіліндегі мақалалардың тілдің даму контекстіндегі аудармасының ерекшеліктерін қарастырамыз. Қазіргі адамның өмірі жылдам өзгеруде. Ақпарат алмасу үшін пайдаланатын тіл осы өзгерістерге тез жауап береді. Публицистикалық стиль осы өзгерістерді басқа сөйлеу стилімен салыстырғанда қабылдайды. Журналистік стильдің тұжырымдамасы кең болғандықтан, біз журналистиканың бір түрі - газет стилін қарастырамыз. Жаһандану дәуірінде халықаралық қатынастар қарқынды дамып келеді. Аудармашы үшін шетелдік баспасөздегі ақпараттың нақты таратылуы өте маңызды деп есептейміз. Сондықтан мақаланың тақырыбы өте маңызды. Газет мәтіндерінің призмасы арқылы біз шет тілінің дамуын, әсіресе, онда болатын өзгерістерді көріп отырмыз. Газет мәтіндерін аудару арқылы оқырман ағылшынша сөйлейтін елдердің және ағылшын тіліндегі қоғамдық өмірдегі өзгерістерді егжей-тегжейлі көре алады.

134-139 241
Аннотация

Дүниежүзілік саяси картаны құрастыру барысында өзге тілді географиялық атауларды игерудің кейбір тиімді жолдары біршама қарастырылды. Шеттілдік ономастикалық атаулар мемлекеттік басқару орындарында, халықаралық іс-қағаздарында, дипломатиялық, халықаралық қатынас, әлемдік ақпараттық кеңістікте, мектеп оқулықтарында берілетіндіктен, жаңа қазақ әліпбиінде қазақ тілінің заңдылықтары негізгі басшылыққа алынды. «Дүниежүзілік саяси картаға» енген географиялық атаулар енді. «Өзге тілді географиялық атаулар анықтамалығы» және мемлекет астаналары атаулары, елді мекен атаулары, әлемдегі негізгі ірі физика-географиялық нысан атаулары: гидрографиялық атаулар және орографиялық нысан атаулары қамтылды.

139-148 370
Аннотация

Мақалада аударма баламалығы жайлы қазақ, орыс және шет ел ғалымдарының бұл түсінікке берген зерттеулері мен анықтамалары қарастырылады. Сонымен қатар, М.Әуезовтің «Қилы заман» повесінің орыс тіліне аудармашы А.Пантиелев жасаған көркем аудармасымен сәйкестігі қарастырылады. Мақаланың мақсаты шығарманың өзге тілдерде жеткізілу сапасын талдау болып табылады. Ұлы жазушы М.Әуезовтің шығармалары зерттеліп, талданып жүргенімен, оның өзге тілдегі тәржімалары жете қарастырылмай келеді, осы тұрғыдан да мақала тақырыбы өзекті болып отыр. Сондай-ақ, зерттеуімізде түпнұсқа мазмұнының эстетикалық әсерін жеткізу мәселелері, тарихымыздағы шынайы оқиға желісіне негізделген «Қилы заман» повесінің көркем шындығының, стильдік ерекшелігінің, мазмұн бірлігінің орыс тіліне аударудағы мәселелері қарастырылады.
Аударма теориясындағы маңызды ұғымның бірі – баламалылық және оның түрлері. Түпнұсқа мәтін мен тәржіма мәтіннің бір-біріне сәйкестігін, түпнұсқа бөліктерінің тәржімадағы дұрыс баламаларын анықтау бүгінгі таңда қазақ аударматану ғылымы және көркем тәржіма тарихы және практикасы тұрғысынан маңызды болып табылады.



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)