Preview

TILTANYM

Кеңейтілген іздеу
№ 1 (2022)
Шығарылымды жүктеу PDF
https://doi.org/10.55491/2411-6076-2022-1

3-14 387
Аннотация

Сөйлесу диалогтарын түсінуге қабілетті жүйені құру үшін сөйлеуді тану мен табиғи тілді түсінуді біріктіруге тырысқанда, біз мәтінді өңдеуде кездеспейтін бірқатар мәселелерге тап боламыз.

Ауызекі сөйлеу әдетте қысқарақ, грамматикалық тұрғыдан кем тұстары көптеу, мәтінге қарағанда құрылымы аз әрі түсінігі екұдай. Ол жәйлап желдіртудің, ассимиляциямен редукцияның болмауымен, сөйлеудің жүйелілігінің бөлшектенуінің синтаксистік және просодикалық айырмашылығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, үзілістің ұзақтығы, хезатициялық үзілістердің болуы, сөйлеу бөліктерінің ұзақтығы, әуендік мінездемелердің темпоралды сипаттарымен ерекшеленеді. Фонетистердің қызығушылығы фонетикалық алуан нұсқалардың болуына, дыбыстық құбылыстардың типологиялық алуан нұсқаларының, жалпы лингвистикалық сипаттағы немесе ерекше, нақты тілдік топтарға тән екендігін зерттеуге, оның себептерін іздеуге бағытталған.

Сонымен қатар, сөздерді сөйлеуден шығаруға тырысатын сөйлеуді тану жүйелері, әдетте, дұрыс емес сегменттеу және тілді тану салдарынан сөздерді қою, жою немесе ауыстыру қателеріне әкеледі. Интонацияның просодикалық құралдары диалог құрылымын түсіну үшін, синтаксистік талдау сияқты пайдалы болуы мүмкін. Бұл мақалада дыбыстық дискурстағы мағыналық ерекшеліктерін жеткізудегі просодикалық құралдарды қолданудың кейбір нәтижелері, интонациялық функцияларды жүзеге асырудың және дыбыстық дискурстағы интонацияны зерттеудің түрлі жолдарын ұсынылған.

15-26 426
Аннотация

Тілдің қоғамдағы түрлі қызметі оның зерттеу бағыттарын анықтайтыны белгілі. Осыған байланысты, бұл мақалада соңғы уақытта әлеуметтік лингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, прагматика, педагогика т.б. ғылым салаларының зерттеу нысанына айналған тілдің кумулятивтік қызметі қарастырылады. Дәлірек айтқанда, тілдік тұлғаның бойында мәденитанымдық құзыреттілікті қалыптастырудағы тілдің кумулятивтік қызметінің рөлі талданады. Неге бұл мәселені талдаймыз? Өйткені тіл үйренушінің, тілдік тұлғаның белгілі бір тілді меңгеру процесінде қиындық турдыратыны осы кумулятивтік қызметі. Әсіресе, көптілді кеңістікте бұл мәселенің өзектілігі күннен күнге артуда. Еліміздегі тілдік кеңістікті ескере отырып, тіл үйренушілердің бойында әр деңгейге сәйкес түрлі құзыреттіліктерді қалыптастыру, оны бақылау, бағалау әрекеттерін де дұрыс жоспарлау, соған сәйкес жүзеге асыру ісі өте маңызды. Сондықтан мұндай маңызды құбылысты тереңірек зерттеу мәселесін мақалаға тірек етіп алынды. Яғни мақалада коммуникативтік және тілдік құзыреттілікті ғана емес, мәденитанымдық құзыреттілікті қалыптастыру үшін тілдің кумулятивтік қызметінің лингвистикалық тұлғаға әсері қарастырылады.

27-43 357
Аннотация

Мақалада терминдік әлеуеті бар жаңа сөздер мен жаңа ұғымдар – жаңа қолданыстардың 1995-2015 жж. аралығындағы қазақ және түрік газеттерінде қолданылу ерекшеліктері қарастырылды. Екі елдің БАҚ-тағы тілдік жағдаяты өзара салыстырылып, талданды. Мақаланың мақсаты – қазақ және түрік баспасөзінде белгілі бір уақыт аралығында (1995-2015 жж.) жарияланған жаңа қолданыстардың тілде орнығу // орнықпау, кей жағдайларда терминге ұласу үдерістерін өзара салыстырып, лингвокогнитивтік тұрғыдан зерттеу. Тілдің белгілі сәттегі хал-ахуалын бекітіп, тілдің ішкі даму заңына байланысты жаңалануын тіркейтін жалғыз құжат – баспасөз құралдары. Қазіргі таңда күнделікті баспасөз беттері мен теледидар, радиода, яғни егеменді Қазақстанның медиакеңістігінде кірме сөздердің бірқатары ауысып, жаңа қолданыстар жүйесін енгізу үдерісі жанданып, қалыптасуда. Түркияда бұл үдеріс сонау 1923 жылы, ресми түрде Түрік Республикасы жарияланғаннан кейін ұлт көсемі Ататүрік тарапынан қолға алынып, «Тіл реформасы» деген атпен басталып, тілді бөгде элементтерден тазалау науқаны бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Туысқан екі түркі еліндегі қазіргі заманғы жаңа атауларды қалыптастырып, түсіндірудің когнитивтік үлгілерін өзара салыстырып, талдап, анықтау – қазіргі тіл білімінің заманауи деңгейіне сәйкес аса өзекті, әрі тіл мамандарының қызығушылығын тудыратын мәселе.

44-54 489
Аннотация

Болмыстағы зат пен құбылыстар, оларға қатысты сын-сапалық белгілер, қимыл-қозғалыс – бәрі тілден көрініс табады. Дүниенің тілдік бейнесін таңбалауда тілде қалыптасқан жүйенің бірі – сөзжасам. Мақалада қазақ тіліндегі етістік сөзжасамына қатысты теориялық тұжырымдар талданып, қимыл мәнді лексикалық бірліктердің жасалуы, оның ішінде көмекші етістіктер арқылы жасалатын құранды етістіктердің лексика-семантикалық сипаты мен грамматикалық ерекшеліктері қарастырылған. Сөзжасамның аналитикалық тәсілінің нәтижесі болып табылатын құранды етістікті жасауға қатысатын сөзжасамдық тұлғалар – жетекші қызметтегі есім сөздер мен еліктеуіш сөздер және сөзжасамдық қызмет атқаратын көмекші етістіктер құрылымдық-семантикалық жағынан талданады. Сонымен қатар, құранды етістіктерге тән семантикалық тұтастық, морфологиялық тұтастық және синтаксистік тұтастық белгілері нақты тілдік деректерді мысалға келтіру арқылы дәйектеледі. Құранды етістіктердің өзіндік ерекшеліктері өзіне ұқсас тілдік құбылыстардан, атап айтқанда күрделі етістік, етістіктің аналитикалық формалары, идиомаланған етістіктер және еді көмекші етістігінің тіркесі арқылы жасалған күрделі грамматикалық формалармен салыстыра отырып айқындалады. Сондай-ақ, құранды етістіктерге тән морфологиялық тұтастық белгісін танытатын оның етістік категорияларының көрсеткіштерімен, атап айтқанда рай, жақ, шақ, болымды-болымсыздық, қимылдың өту сипаты категорияларының көрсеткіштерімен түрлену парадигмасы көрсетіледі

55-66 278
Аннотация

Тарихи лексикография қазақ тілінің тарихи сөздік қоры мен сөздік құрамын кешенді тілдік тұрғыдан зерттеуге мүмкіндік тудыратын тарихи лексикологиялық, тарихи диалектологиялық, тарихи фонетикалық, тарихи грамматикалық еңбектер мен дереккөздерді жүйелі түрде ғылыми зердеден өткізіп, оларды тарихи бағыттағы сөздіктер түзу ісіне пайдаланудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін белгілейді. Тарихи лексикография теориясы қазақ тілінің этимологиялық, тарихи-диалектологиялық, тарихи бағыттағы сөздіктерін жасау тәжірибесінде ғылыми-теориялық негіздеме ретінде қызмет етіп, оларды жетілдіруге мүмкіншілік береді. Сонымен бірге қазіргі лексикографияның ғылыми деңгейіне сәйкес қазақ тіл біліміндегі тарихи лексикографияның да мақсат-міндеттерін, құрылымдық ерекшеліктерін, ұстанымдық негіздерін айқындау қажеттігі туындап отыр. Қазіргі қоғамда жүріп жатқан ғылыми-ақпараттық кеңістіктің өркендеуі және лексикография саласының кемелденуіне байланысты тарихи лексикография мен компьютерлік тарихи лексикография салаларының да қарқындап дамуына әсер етуде. Қазақ тілінің XV−ХХ ғғ. мәтіндердің электрондық корпусын және қазақ мәденирухани, ұлттық құндылықтарының тілдегі көрінісін көрсететін тарихи электрондық картотекалық қорын (публицистикалық, эпистолярлық, көркем шығармалардан, ауыз әдебиетінен, тарихи жазбалардан т.б.), әр ғасыр бойынша жасалған тарихи сипатты сөздіктер, қазіргі қазақ тілінің тарихи сөздігін, қазақ тілінің тарихи-этимологиялық сөздігін жасау – бүгінгі қазақ тілтаным ғылымының маңызды міндеттерінің бірі. Түркітану саласы бойынша да, қазақ тіл білімі бойынша да тарихи-этимологиялық сөздік түзудің басты ұстанымдарын айқындап және электрондық тарихи сөздік жасалуы қажет. Бұны қазақ тілінің тарихи қабаттарын тереңірек ашудың, ана тіліміздің жаһандану дәуірінде жұтылып кетпеуінің бір кепілі деп білер едік.

67-81 219
Аннотация

Қай тілдің болмасын тұрақты тіркестерінің мағынасы көбінесе сол тілде сөйлейтін қауымға түсінікті. Алайда даяр қалпында тұлға, мазмұн ерекшеліктерімен тіпті ана тілін білетіндер үшін түсінікті бола бермейді. Өйткені тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер – ұзақ дәуірдің жемісі. Тілдің тұрақты тіркестері мен мақал-мәтелдері құрамындағы сан есімдердің мағыналық, символдық сипаты, сол тұрақты тіркестер құрамында қолданылу себебінің де халық үшін түсініксіз жайттары көп. Тіл тағдыры – ұлт тарихымен сабақтас. Халықтың салты, дәстүрі, әлеуметтік жағдайы, мәдени деңгейі сол халықтың тілінен көрініс табады. Тіліміздегі тұрақты тіркестер құрамындағы сан есімдердің қалыптасуы тарихи категория болғандықтан, өткен дәуірдің өмір шындығын, әдет-ғұрпын, шаруашылық, тұрмыс-жағдайын көрсететін тілдік деректер деуге болады. Қазақ тіл білімінде тұрақты тіркестердің алатын орны ерекше. Фразеологизмдер өз табиғатына сай лексикалық, этимологиялық, морфологиялық, синтаксистік, стилистикалық, когнитивтік тұрғыдан зерттелініп келеді. Әйтсе де әлі зерттеліну керек тұстары көп. Солардың бірі – тіліміздегі тұрақты тіркестер құрамындағы сан есімдер, олардың мағыналық, этимологиялық, стилистикалық, грамматикалық қыр-сырын анықтау.

Зерттеу жұмысына нысан етіп алып отырған тақырыбымыздың ерекшелігінің өзі тұрақты тіркестердің жасалу тарихымен байланыстылығында. Сан есімді тұрақты тіркестердің құрылымдық, мағыналық, грамматикалық ерекшеліктерін айқындау, сан есімдерді ғылыми тұрғыдан этимологиялық талдау жасаудың маңызы тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

82-89 342
Аннотация

Түркілер – дүние жүзіне біркелкі тараған, тарихы, мәдениеті, әдебиеті бай халық. Түркі халықтарының көпшілігі Орталық Азия мен Қазақстанда шоғырланған деп айтуға болады. Сонымен қатар, бұл аймақтар түркітілдес халықтарға ортақ тілдік топтармен толығымен қамтылған. Түркі тілдерінің фонетикалық жүйесіне, лексикасына, грамматикалық құрылымына қатысты мәселелерді салыстырмалы тарихи зерттеу әдісі олардың даму заңдылықтарын да сипаттайды. Осы тұрғыдан алғанда түркі халықтарына ортақ зат есімдер түркі сөздігінің бірегей қазынасы іспеттес.Түркі тілдерінің ғасырлар бойы қалыптасқан біртұтастығы мен шығу тегі, сонымен қатар бұл тілдердің қазіргі қоғамның жаңа лингвистикалық саясатында өз орнын алуы маңызды болып табылады. Мақалада жалпы түркі тілдеріне ортақ зат есімдердің өріс алуы, лингвотанымдық сипаты қарастырылады.

90-99 477
Аннотация

Тіл-адамдарды, ұлттарды бір-бірімен жақындастыратын, түсінуіне мүмкіндік беретін қатынас құралы. Тілді оқыту, үйрету-ең күрделі жұмыстардың бірі. Сондықтан қазақ тілін өзге ұлттарға оқыту барысында психологиялық негіздерге сүйенуді талап етеді. Белгілі бір ұлттың психологиялық ерекшеліктері өзге тілді үйренуде үлкен рөл атқарады. Сол себепті де тілді шет тілі ретінде оқытуды жоспарлауда, оқу материалдарын іріктеуде, алдымен жас ерекшелігі мен психологиялық ерекшелігі ескеріледі. Жалпы тілдерді шет тілі ретінде оқытудың психологиялық мәселелерін зерттеу жұмысы өткен ғасырдан бастау алған. Психология адам әрекеттерін зерттейтін ғылым саласы болғандықтан, әр методикаға байланысты салалармен тығыз байланыста болады. Осыған орай 20 ғасырдың 50-60-жылдарында психология мен лингвистика аралығындағы, адамның сөйлеу әрекеті, ана тілді, шет тілді меңгерудегі маңыздылықты қарастыратын психолингвистика ілімі пайда болды. Адам басқа тілді меңгергенде түрлі психологиялық процестерді басынан кешіреді. Сондықтан оқытушы оқушысының психикасын жіті бақылап, еш залалсыз, тілді меңгеруіне көмек беруі керек. Демек, оқыту процесі мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттесу процесі болып табылады, өйткені оқыту өзінің психологиялық табиғаты бойынша мұғалім мен оқушылардың бірлескен іс-әрекетінің нәтижесі. Оқытушы психолияны жақсы меңгеріп, өз мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарағанда ғана оқыту белгілі бір нәтиже беретіні сөзсіз. Мақалада қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың әдістері, психологиялық ерекшеліктері, тілді үйретудегі мұғалімнің жетекші маман екендігі, оқушының қабілетін, нышанын арттыру жолдары қарастырылады. Тіл үйренушілердің психикалық типтері анықталады.

100-111 266
Аннотация

Қазақ тіл білімі ғылымында, қазіргі жазба тілдің қоғамдағы қызметі мен әлеуетін анықтау мақсатында жаңаша зерттеулер жүргізілуі қажет. Мерзімді баспасөз тілі – қоғам мен билікті байланыстырушы, коммуникативтік-ақпараттық қызмет атқарушы, жазба тілдің жарқын көрінісі ретінде өзекті нысан. Сондықтан тілдегі өзгерістер мен тілдің даму динамикасын газет лексикасы арқылы сараптау маңызды. Газеттің маңызды құрылымдық бөлігі – газет тақырыбы. Газет тақырыбын тілдік тұрғыдан талдау газеттің хабар жеткізу және әсер ету функцияларын ескере отырып жүргізілуі қажет. Журналистер сөйлеу субъектілері ретінде жоспарланған коммуникативті мақсаттарды толық жүзеге асыра алатын әртүрлі тілдік құралдарды қолданады. Газет тақырыбының міндеті – мәтін композициясының негізгі элементі ретінде оқырман қабылдауына әсер етіп, қызығушылығын ояту. Осы мақсатқа жетуде көбіне прецедентті мәтін мен прецедентті есім қолданылады. Мақалада газет тақырыбының әсерлілікке ұмтылысы және лексика семантикалық ерекшеліктері қарастырылды.

112-122 417
Аннотация

Мақалада қазақтың лақап есім беру дәстүрі қозғалады. Зерттеуде тарихымыздағы хан-сұлтандар, ел билеген көсемдер, ғұламалардың лақаптары және қазіргі заманғы өнер мен спорттағы өнерпаздардың лақаптары сөз болады. Аталған кезеңдер бойынша тұлғалардың лақап есімдерді пайдалану себептері, қойылу уәждері мен прагматикасы, олардағы дәстүр сабақтастығы айқындалады. Сондай-ақ, лақап есімдердің қоғамдық-саяси мәніне назар аударылады. Жұмыс қазақ антропонимикасының бір тармағы лақап есімдер бөлімі бойынша жаңа ізденістерге жол ашпақ. Ономастика саласындағы этнолингвистикалық, тарихи және фоносемантикалық зерттеулердің жандануына үлес қоспақ. Зерттеуде салыстырмалы-тарихи, сипаттамалы әдістер қолданылды. Тарихи және заманауи лақап есімдердің лексика-семантикалық ұқсастықтары, дәстүр сабақтастығы, тарихилығы айқындалды. Этнонимдер мен табу, эвфемизм сөздерден болған лақаптар лақап есімдердің ерекше бір тобы ретінде сипатталады. Лақап есімдердің шығу тегі тым көнеден бастау алатыны және оның әлеуметтік құрылыстармен тікелей байланысы анықталды. Зерттеу нәтижелері этнография, лингвомәдениеттану және әлеуметтік лингвистикалық зерттеулерде қолданыла алады. Лақап есімдердің әйелдерге қарағанда ер адамдарда көбірек кездесетінін ұлттық діл, сонымен бірге, ұлттық және жалпыадамзаттық қоғамдық құрылыс тұрғысынан түсіндіріледі. Сондай-ақ, қазақтың лақап беру дәстүріндегі жеке тұлғаның және қоғамның рөліне назар аударылады. Лақап есімдердің қоғамдағы орны, қызметі әртүрлі заманалар тұрғысынан салыстырыла айтылады және дамуы сөз болады. Нәтижесінде лақап есім берудегі әр дәуірдің өзіне тән лексика-семантикалық, прагматикалық ерекшелігі мен сабақтастығы айқылдалды.

123-140 531
Аннотация

Жер-су атаулары тілді диахронияда үйренудің құнды негіздері болып табылады, сонымен қатар олар ұлттық мәдениеттің, ұлттық сана ерекшеліктері туралы мәліметтерді сақтайды. Олардың пайда болуы, өзгеруі мен жоғалуы тарихи процестің кейбір құбылыстарының дамуы мен және өзгеруіне байланысты. Алайда, топонимикалық деректердің маңызы тек ғылым және мәдениеттанумен шектелмейді, олар сонымен қатар қолданбалы маңызға да ие: ұлттық экономикалық мәселелерді шешуде, туризмді дамытуда. Топонимикалық деректердің өзектілігін ескере отырып, мақалада Башқұртстан Республикасындағы топонимикалық деректерді құру принциптері мен құрылымы талқыланады. Мақаланың авторлары топонимика негізінің құрылымын анықтаған кезде топонимикалық материалдың жіктелу түрін таңдауды анықтау қажет деп санайды. Мақалада топонимдердің қолданыстағы классификациясын қарастыру негізінде лингвистикалық және лингвистикалық емес ақпараттық өрістерді қамти-тын мәліметтер базасы ұсынылады: топоним орыс тілінде, топоним башқұрт тілінде, объектілер класы, объектілердің кіші класы (объект түрі), этимология, нысан атауының нұсқасы (жергілікті халықтың тіліндегi), нұсқаның этимологиясы, сөзжасам түрі, номинация сипаты, құжаттама, мекенжай, географиялық координаттар, тарихи-мәдени мазмұн, иллюстрациялық мазмұн. Мақала авторлары мәліметтер қорын құру процесінің қазіргі жағдайын ашып көрсетеді, алдағы жұмыстың кезеңдерін анықтайды.



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)