Preview

TILTANYM

Кеңейтілген іздеу
№ 3 (2025)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

ТЕОРИЯЛЫҚ ЛИНГВИСТИКА

12-23 249
Аңдатпа

Ұсынылған мақалада қазақ тілінің лексикалық қорындағы араб, парсы тілдерінен енген атаулар тек лексикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар өркениеттік, рухани-мәдени, тарихи-интеллектуалдық және діни ықпалдың көрсеткіші ретінде де бағаланып талданды. Тілімізге енген араб және парсы сөздерінің индикаторлық әлеуеті айқындалып, олардың тек кірме сөз ретінде емес, белгілі бір әлеуметтік, мәдени, тарихи әрі тілдік құбылыстардың көрсеткіші ретіндегі оң және теріс ықпалы анықталды. Зерттеу барысында индикатор және индикаторлық әлеует терминдерінің тіл біліміне қатысты қолданысы мен анықтамалары шетел ғалымдары еңбектері негізінде сұрыпталып, олардың араб, парсы сөздеріне қатысты қолданылу мүмкіндіктері жүйеленді және жаңа тұжырымдар ұсынылды. Тіліміздегі араб, парсы сөздерінің діни-рухани, мәдени-этикалық, әлеуметтік-тарихи, стратификациялық, білім-ғылым, ұлттық құндылық және әдеби тіл индикаторы ретіндегі қызметі сараланып, нақты мысалдар арқылы индикаторлық мәнге ие екендігі дәлелденді. Индикатор тек көрсеткіш қана емес, белгілі бір лингвистикалық ахуалдың жай-күйін сипаттайтын категория болғандықтан, мақалада араб, парсы сөздерінің индикаторлық әлеуетінің тіліміздегі оң және теріс ықпалы талданды. Сондай-ақ қазіргі кезеңде тіліміздегі араб және парсы сөздерінің медиалекттегі рөлі кодификацияланған тілдік норманың өзгеруіне ықпал етіп отырғаны нақты мысалдар арқылы дәйектелді.

24-34 246
Аңдатпа

Мақалада көне ұйғыр және қазақ тілдерінің лексикалық парадигматикасы қарастырылады. Біреуі көне біреуі жаңа екі туысқан тілдегі омоним, синоним және антоним сөздер өзара салыстырылып, ұқсас жақтары мен айырмашылықтары талданады. Мақаланың мақсаты – көне ұйғыр тілінде пайданылған омоним, синоним және антоним сөздердің қазіргі қазақ тіліндегі қолданысын анықтау, екі тілдің лексикалық парадигматикаларын салыстыру арқылы бүгінге дейін қолданылып келе жатқан тарихи сөздерді айқындау. Мақаланың өзектілігі қазақ және көне ұйғыр тілдерінде қазақ тілінде омоним, синоним және антоним парадигмалары бойынша жүйелі ғылыми шолу жүргізілмегендігімен анықталады. Ғ.Айдаровтың 1991 жылы жарық көрген, қазақ тілінде жазылған бірегей грамматикалық еңбек – «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» атты кітабында да омоним~синоним~антоним мәселелері жалпылама қарастырылған. Жұмысты жазу барысында мысал ретінде көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің бірі – «Секиз йүкмек йарук» (Säkiz Yükmäk Yaruq) сутрасынан алынған сөйлемдер пайдаланылды. Мақалада салыстырмалы, салыстырмалы-тарихи, топтау, талдау, аудару әдістері қолданылды. Мақаланың мақсатына жету үшін қойылған міндеттер орындалып, төмендегідей нәтижелерге қол жеткізілді: 1. Туысқан екі тілдегі ұқсас лексикалық парадигматикалар табылып, топталды; 2. Екі тілде қолданылатын тарихи сөздердің ұқсастықтары талданды; 3. Тұлғалық және мағыналық тұрғыдан айтарлықтай өзгеріске ұшыраған сөздердің өзгеру себептері анықталды. Көне ұйғыр тілі – түркі жазба дәстүрінің маңызды тармағы, оның деректері қазақ тілінің тарихын салыстырмалы тұрғыдан түсіндіру үшін аса құнды. Сондықтан бұл мақаланың практикалық және теориялық мәні ерекше. Оны қазақ тілі тарихы және көне түркі тілдері пәндерінде көмекші оқу құралы ретінде пайдалануға болады

35-48 246
Аңдатпа

Мақалада жалқы есімдерді зерттеу аспектілері, оның көпқырлы мәні, әртүрлі функциялары және түрлі экстралингвистикалық факторлармен байланысы қарастырылады. Жұмыста түркі эпосының ономастикасын зерттеудің келешек бағыттары да белгіленген. Шолу фольклорлық мәтіндер ономастикасына арналған ғылыми әдебиеттерді талдауға негізделген. Зерттеуде салыстырмалы-тарихи, құрылымдық-семантикалық, когнитивтік және этнолингвистикалық талдау әдістері қолданылады. Назар классикалық ономастикалық зерттеулерге де, эпикалық есімдерді зерттеудің заманауи үрдістерін көрсететін жаңа басылымдарға да аударылған. Жалқы есімдердің семантикалық, құрылымдық және функционалдық ерекшеліктеріне анықтама беріледі, сондай-ақ олардың эпикалық баяндауды қалыптастырудағы және этномәдени сәйкестікті айқындаудағы рөлі талданады. Қазақ батырлық эпосындағы жалқы есімдерді функционалдық-прагматикалық тұрғыдан зерттеу барысында фольклорлық ономастикалық кеңістіктің параметрлері анықталады, яғни эпостық мәтінде қызмет ететін жалқы есімдер санаттары (кластары) айқындалып, олардың сандық және тақырыптық құрамы белгіленеді, негізгі ерекше сипаттамалары анықталады. Авторлар қазіргі лингвистикалық парадигма тіл құбылыстарын зерттеудің пәнаралық байланысымен сипатталатынын, бұл эпикалық шығармалардың ономастикалық кеңістігін талдауға жаңа перспективалар ашатынын атап өтеді. Зерттеудің практикалық құндылығы – қазақ батырлық эпосындағы жалқы есімдерді зерттеу тек түркі халықтарының тілдік және мәдени ерекшеліктерін тереңірек түсінуге ғана емес, сонымен қатар олардың бірегей мұрасын сақтауға ықпал ететін маңызды ғылыми бағыт болып табылады.

49-60 217
Аңдатпа

Мақалада қазақ паремияларындағы көне сөздердің этимологиясы, стильдік қызметі жан-жақты зерделенеді. Зерттеу барысында халық ауыз әдебиетінің тұрақты бөлшегі ретінде мақал-мәтелдерде сақталып қалған көне сөздердің табиғаты, олардың көркем мәтіндегі қолданылу ерекшеліктері мен прагматикалық бағыттары қарастырылған. Сондай-ақ көне сөздерді тарихи-мәдени ақпарат көзі ретінде сипаттап, олардың қолдану аясы мен даму эволюциясына тоқталады. Сонымен бірге көне сөздердің этимологиясы, тілдік жүйедегі орны, құрылымдық ерекшеліктері мен мағыналық өзгерістері нақты мысалдармен дәлелденеді. Мақаланың теориялық бөлімі қазақ ғылымдары Ғ. Қалиев, Ә. Болғанбаев, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Ж. Манкеева, Ш. Сарыбаев, А. Ысқақов, А.Салқынбай, Р. Авакова т.б. ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп жазылған. Мақалада мақал-мәтел құрамындағы көне сөздердің ұлттық таным мен болмысты беруіндегі рөліне ерекше назар аударылып, олардың паремияларда көркемдікэстетикалық мақсатта шебер пайдаланылғаны көрсетіледі. Бұл тұрғыда көне сөздер лексиканың тек тілдік элементі ғана емес, сонымен қатар ұлттық рух пен тарихи жадының көрінісі екені дәлелденеді. Мақалада көне сөздердің этимологиясы, стилистикалық мәні ашыла отырып, тілдің көркемдік мүмкіндігі, халықтық дүниетанымды жеткізудегі әлеуеті жан-жақты сипатталады. Зерттеу нәтижесі қазақ тіл білімінің паремиология, стилистика, тарихи лексикология және фразеология сияқты бағыттары үшін маңызды тілдік-мәдени материал болып табылады. Мақала тілдегі көне сөздердің этимологиялық талдауы мен ұлттық тіл мұрасын зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар беретін көмекші еңбек болып саналады.

ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІ

61-73 190
Аңдатпа

Бұл мақалада «бақыт» концептісінің қазақ және ағылшын тілдеріндегі ұлттық-мәдени ерекшеліктері салыстырмалы-лингвомәдени және когнитивтік тұрғыдан талданады. Зерттеу сапалық парадигмаға негізделіп, тіл мен мәдениет арасындағы өзара байланысты, ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін анықтауға бағытталған. Зерттеудің мақсаты – қазақ және ағылшын тілдеріндегі «бақыт» ұғымының концептуалдық құрылымын, мағыналық өрісін, метафоралық модельдерін және ұлттық-мәдени репрезентацияларын анықтау. Талдау үш негізгі бөлімді қамтиды: этимологиялық шолу, паремиологиялық, тұрақты тіркестерге негізделген лингвомәдени талдау, және жартылай құрылымдалған сауалнама нәтижелерінің интерпретациясы. Этимологиялық тұрғыдан, қазақ тіліндегі «бақыт» сөзі көне түркі «бақ» ұғымымен байланысты, рухани, мистикалық және тағдыршыл сипатқа ие. Ағылшын тіліндегі «happiness» сөзі бастапқыда сәттілік, тағдырмен байланысты болса, қазіргі қолданыста ішкі қанағат, психологиялық жайлылық, жеке еркіндікке негізделеді. Паремиологиялық талдау барысында қазақ тілінде «бақыт» ұғымы көбінесе сырттан келетін сый, құт ретінде сипатталады («бақыт құсы», «бағы жану»), ал ағылшын тілінде «happiness» — адамның әрекетімен қалыптасатын, таңдауға негізделген күй ретінде көрініс табады («Happiness is a choice», «Happiness blooms from within»). Метафоралық модельдер қазақ тілінде – «нұр», «құс», «құт», «тағдыр сыйы», ал ағылшын тілінде – «жол», «гүл», «жарық», «таңдау», «өнім» ретінде танылды. Сауалнама Алматы және Ист-Лансинг қалаларында жүргізіліп, 30 қазақ және 30 ағылшын тілді респонденттердің жауаптары талданды. Сұхбат сұрақтары «бақыт» ұғымының дербес және мәдени қабылдануына бағытталды. Талдау нәтижесінде қазақ респонденттері үшін бақыт – отбасы, ата-ана разылығы, Құдаймен үйлесім сияқты сыртқы және рухани факторларға негізделсе, ағылшын респонденттері үшін бақыт – еркіндік, өзін-өзі дамыту, ішкі үйлесім сияқты ішкі, психологиялық факторларға байланысты. Мазмұндық доминанттар, уәжділік сипат пен мәдени ассоциациялар екі тілде де түбегейлі ерекшеленеді. Жобаның әдіснамалық негізіне интерпретациялық-феноменологиялық талдау, концептуалдық метафоралар теориясы, салыстырмалы және дискурстық лингвистикалық әдістер енді. Зерттеу материалы ретінде көркем мәтіндерден, мақалмәтелдерден, қанатты сөздер мен табиғи дискурстардан алынған деректер пайдаланылды. Барлық мәтіндік және сауалнамалық деректер Jupyter Notebook платформасында Python көмегімен визуализацияланды.

74-85 212
Аңдатпа

Бүгінгі таңда жасанды интеллект (ЖИ) және табиғи тілді өңдеу заманауи технологиялардың дамуына үлкен ықпал етіп отыр. ЖИ көптеген салаларда тиімділікті арттырып, уақытты үнемдеуге және еңбек үдерісін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беруде қолдану, соның ішінде тілдерді оқытуда пайдалану кеңінен таралды. Мақаланың өзектілігі: жаһандану дәуірінде тіл үйренуді заманауи шешімдер арқылы жетілдіру – өзекті және перспективалы қадам. Жасанды интеллект арқылы тіл үйренушілердің тілдік деңгейлеріне сәйкес бейімделген оқу жоспарларын жасауға, тиімділікті арттыру мен оқу материалдарын интерактивті түрде ұсынуға, тілдік дағдыларды автоматты түрде бағалауға және мотивацияны арттыруға көмектесетін, қазақ тілінің интеграцияланған платформасының моделін құрастырудың жолдарын қарастыру. Зерттеудің мақсаты: қазақ тілін транслингвалды аспектіде оқытуды қамтамасыз етіп, жасанды интеллектінің генеративті мүмкіндіктерін пайдалану арқылы тілдік және икемді дағдыларды (soft skills) қатар дамытатын интеграцияланған платформа моделін әзірлеу; осы мақсатта жасанды интеллект негізіндегі қолданыстағы платформаларды талдау, транслингвалды тәсілдің ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындау және модельдің архитектурасын жобалау міндеттері қарастырылды. Зерттеудің жаңалығы: оңтайлы қолданбаны таңдау үшін жасанды интеллект қолданатын желілік платформаларға талдау жасалып, икемді дағдыларды дамытатын, ана тілін салыстыра отырып (транслингвалды аспектіде) екінші тілді үйренуге арналған платформаның моделі құрастырылып ұсынылды. Зерттеу барысында Course Hero, Gradescope, Cognii AI, Socratic және Praktika AI қолданбаларының тіл үйрету мақсатындағы артықшылықтары мен кемшіліктерін сипаттау, салыстыру әдістері қолдана отырып талданып, Cognii AI және Praktika AI платформаларының білім алушының талаптарын қамтамасыз етуге ыңғайлы екені анықталды. Зерттеудің практикалық маңызы: зерттеу нәтижелерін қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытып, тіл үйренушілердің икемді дағдыларын ЖИ көмегімен дамытқысы келетін оқытушыларға және онлайн платформа құрастыратын мамандар мен ізденушілерге көмекші бола алады деп ойлаймыз. Сонымен қатар білім беру жүйесінде ЖИ арқылы тілді дамытуға практикалық жолсілтегіш ретінде қолдана алады. Зерттеу транслингвалды тәсілді жасанды интеллектіге негізделген оқыту платформалары арқылы жүзеге асыруды ұсынады. Бұл тәсіл ана тілі мен үйренетін тілді салыстыра отырып, коммуникативтік, сыни ойлау және эмоциялық интеллект сияқты икемді дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

86-95 255
Аңдатпа

Мақалада Абай өлеңдерінің морфологиялық белгіленімін түзуде сатылы кешенді талдау технологиясының орны мен қызметі қарастырылады. Абай Құнанбайұлының «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңі құрамындағы сөздердің морфологиялық ерекшелігіне сатылы-кешенді талдау жасалады. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін төмендегідей зерттеу міндеттері қойылады: сатылы құрылым арқылы талдау жасаудың ерекшеліктері сараланады. Абай өлеңдеріне морфологиялық талдау жасаудың ерекшеліктері сөз етіледі. Сатылы-кешенді талдау технологиясының білім алушыларға қазақ тілінің дыбыс құрамын, сөз құрамын, грамматикалық құрылысын, әдеби тіл нормасын үйретіп, дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдысын қалыптастыруға бағытталатындығы сөз етіледі. Абай Құнанбайұлының бір шумақ өлеңі беріледі. Өлең құрамындағы көңілім – сөзіне төл технология негізінде талдау жасау ерекшеліктері қарастырылады. Көңілім сөзінің құрамы анықталып, сөзге тән морфологиялық ерекшеліктер қамтылады. Негізгі және дара түбірге тән анықтамалар беріледі. Берілген сөздің жалпы және категориялық грамматикалық мағыналары сатылы-кешенді талдау технологиясы көмегімен айқындалады. Өлеңнің бір тармағына ықшамдау тәсілі арқылы талдау жасаудың ерекшелігі арнайы сызба арқылы көрсетіледі. Абай өлеңдеріне цифрлық өңдеу жасаудың қажеттілігі сөз етіледі. Абай шығармаларын заманауи технология көмегімен зерттеу, талдау, өңдеу, статистикалық мәліметтерді алуға зор мүмкіндік жасалады. Абай өлеңдерін корпустық технология көмегімен модельдеудің ерекшеліктері қарастырылады.

96-104 247
Аңдатпа

Мақалада қазақ тілінің сөйленім синтезінің просодикалық және орфоэпиялық норма мәселесі қарастырылды. Қазіргі таңда қазақ тілінің сөйленім синтезін жасау және оны жетілдіру жұмыстарына қажеттілік туындап отыр. Өйткені қазіргі техника мен технологияның және жасанды интеллектінің жылдам дамуымен байланысты зерттеулер жүргізіліп жатыр. Мақала сөйленім синтезін жетілдіруге бағытталған, әсіресе дикторлардың орфоэпиялық нормаларды сақтап оқуы мен просодикалық ерекшеліктерін дәл жеткізу мәселелеріне баса назар аударылады. Зерттеуге 62 беттен тұратын 11-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығының мәтіні алынды. Мәтін іштей синтагмаға бөлініп ондағы дауыстылардың үндесуі мен дауыссыздардың үйлесімі, түбір мен қосымша аралығындағы және ырғақты топ арасындағы өзгерістер, ассимиляция, диссимиляция, редукция, вариант пен вариация, элизия т.б. қатысты сөздер қарастырылып, орфоэпиялық нормаға сай берілді. Сондай-ақ сөздің орфоэпиялық және просодикалық нормаға сай шынайы синтезделуін қамтамасыз ету үшін сөз ішіндегі және сөздер жігіндегі дыбыстық өзгерістер мен ырғақты топтар арасындағы өзгерістерді сипаттайтын алгоритм әзірленіп, мәтінге просодикалық белгіленім жасалды. Бұл ретте оқулық мәтіні просодикалық тұрғыдан талданып, талдау барысында З.М. Базарбаева ұсынған қазақ тіліне тән сегіз интонема пайдаланылды.

105-121 202
Аңдатпа

Мақалада мемлекеттік тілді меңгерту стандарттары негізінде ЖОО-дағы қазақ тілін оқытудың қарапайым деңгейіне қажетті негізгі лексикалық бірліктерді анықтау мәселесі қарастырылады. Ол үшін ЖОО-дағы А1 деңгейіне арналған оқу құралдары таңдалып, 800 лексикалық бірліктің қолданылу жиілігі есепке алынады. Шетел тілі ретіндегі қазақ тілінің лексикалық минимумы студенттердің бастауыш деңгейде меңгеруі тиіс құзыреттіліктерге сәйкестігі тұрғысынан талданып, теориялық, практикалық негіздері тілдік стандартқа сай жетілдіріледі. Зерттеу жұмысымыздың мақсатына сай ЖОО-ның қазақ тілі қарапайым деңгейіне (А1) арналған оқу құралдарындағы лексикалық минимумға талдау және сараптама жасау арқылы қазақ тілін меңгерудің қарапайым деңгейіне қажетті негізгі лексикалық бірліктер анықталады. ЖОО-ға арналған оқу құралдарындағы лексикалық минимум мәселесін қарастыру қолға алынбаған. Мақала осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталып, тіл үйренушілерге нақты тілдік материал ұсынуға көмектеседі. Зерттеу барысында мәліметтерді жинау, лексикалық талдау, жиілік талдау, салыстыру әдістері қолданылады. Зерттеу нәтижелері мен негізгі ұсыныстар оқу материалдарына енгізілуі тиіс ең негізгі және жиі қолданылатын лексикалық минимумды анықтауға мүмкіндік береді, студенттердің қажетті коммуникативті дағдыларын дамытуға көмектеседі. Сапалы оқулықтар мен мен оқу құралдарын әзірлеуге бағыт-бағдар болады.

122-136 197
Аңдатпа

Мақалада түркі тілдеріне ортақ терминологиялық қор қалыптастырудың ғылыми және қоғамдықәлеуметтік негіздері қарастырылады. Мақсаты – түркі халықтарының тілдік ерекшеліктерін, тарихи және мәдени сабақтастығын ескере отырып, ортақ терминжасам тәсілдері мен тетіктерін айқындау арқылы өзара түсінікті әрі бірізді терминологиялық кеңістік құру. Зерттеу өзектілігі – жаһандану жағдайында түркітілдес елдердің ғылыми, мәдени, техникалық байланыстарын нығайту үшін ортақ әрі түсінікті терминқор қажеттілігінің артуында. Авторлар термин жасаудың тиімді жолдарына (калькалау, түбірлес сөздер, семантикалық бейімдеу және т.б.) талдау жасап, олардың ғылыми және практикалық тұрғыдан артықшылықтары мен қолданыс мүмкіндіктерін саралайды. Мақалада ұсынылған идеялар мен тұжырымдар түркі халықтарының тілдік интеграциясына және ортақ коммуникациялық кеңістік қалыптастыруға үлес қосады. Жұмыстың құндылығы – түркі тілдері негізінде ортақ термин жасаудың теориялық негіздерін ашу, ал практикалық маңызы – білім беру, ғылым салаларында ортақ терминдерді қолдану мүмкіндігін көрсету. Қорытындыда түркі халықтарының тілдік интеграциясына ықпал ететін нақты ұсыныстар берілді. Зерттеу нәтижелері түркітілдес халықтардың тілдік интеграциясы мен терминологиялық үйлесімін қамтамасыз етуге бағытталған нақты ұсыныстар жасауға негіз болатынына сенеміз.

137-150 220
Аңдатпа

Қазіргі уақытта интернет арқылы жасалатын коммуникация өз қарқындылығымен, ақпарат ағынының шексіздігімен және жаппай қолданымдылығымен адам өмірінің ажырамас, маңызды бөлігіне айналды. Интернеттегі байланыс түрлері сан алуандығымен және берер түрлі мүмкіндіктерімен қоғамның барлық салаларын қамтып отыр. Интернет-коммуникацияның ең танымал жанрларының бірі – блог. Блог – бұл авторлар әртүрлі тақырыптар бойынша өз пікірлерін, идеяларын немесе түрлі ақпараттар мен жазбаларды жариялайтын, тұрақты жаңартылатын веб-сайт. Интернет-коммуникация қарапайым ақпаратты қараудан бастап, ғылыми деректерді іздеу, оларға түсініктеме беру, жеке мәліметтерді өңдеу мен енгізу сияқты сан алуан мәселелерді қамтуы мүмкін. Ресми тұлғалардың блогтары азаматтарға түрлі мәселелер бойынша ақпарат беруде, өтініштерге жауап беруде, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өзіндік ықпалы бар. Бұл мақалада Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік органдарының өзара әрекеттесуінің ресми алаңы – «Ашық диалог» порталындағы блогтардың жанрлық және стильдік ерекшеліктері қарастырылған. Зерттеудің мақсаты – қоғамдық пікірді қалыптастыру және адам санасына әсер ету құралы ретінде блог жазбаларын талдау. Зерттеу барысында ресми тұлға жазбаларына сандық және сапалық талдау қатар қолданылды. Аралас талдау түрі арқылы эксперимент жасалды. Блог жазбалары арнайы ақпараттық модель ретінде алынып, ресми тұлғалардың халықпен ақпараттық кеңістіктегі коммуникациясы, медиа мәдениеті, интерактивті белсенділігі аспектісі тұрғысынан қарастырылды. Жұмыста интернет-коммуникацияның бір жанры ретінде блог ерекшелігіне зерттеушілердің көзқарастары сараланды. Аталған жанрдағы ресми тұлғалардың жазбаларының стилі, құрылымы, мазмұны талданды. Сондай-ақ сандық технологияның интернет-дискурсы бойынша зерттеулердің нәтижесі берілді. Зерттеу әдістемесі ретінде аталған блог жазбаларын мазмұндық және құрылымдық тұрғыдан талдау негізге алынды. «Ашық диалог» порталы арқылы көрсетілгендей, ресми блогтар, азаматтармен тиімді өзара байланыс үшін формальды билік элементтері мен жеке, интерактивті дискурсты үйлестіретін гибридтік тәсілді қажет ететіні анықталды. Зерттеу нәтижелері интернет-дискурстың дамуын жан-жақты түсіндіру және болашақ зерттеулерде сандық қарым-қатынас табиғатын тану теориясын кеңейтеді. Бұл зерттеу ресми контент құрушыларға, лингвистерге, мемлекеттік қызметшілерге өз пайдасын тигізеді деп санаймыз.

151-162 207
Аңдатпа

Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар ұлттың ғасырлар бойы жинақтаған танымы мен тәжірибесін, рухани болмысын, құндылықтар жүйесін және даналық дүниетанымын сақтайтын құрал. Тіл арқылы халықтың дүниеге көзқарасы, өткенінен қалған өмірлік бай мұрасы көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, тілдің сөздік қоры мен грамматикалық жүйесі ұрпақтардың тәжірибесін, ойлау ерекшеліктерін және байқауларын жинақтап, келесі ұрпаққа жеткізудің негізгі арнасы болып табылады. Әсіресе, лексикалық құрамда этномәдени мазмұнның орны ерекше. Соның бірі – ұлттық болмысты танытатын музыкалық аспаптар атаулары. «Қобыз» ұғымының этномәдени болмысын ашу үшін ұлттың тарихымен, тұрмыс тіршілігімен, таным-түсінігімен ажырамас бірлікте қарастырылып, ұлт тіліне тән мағыналық кеңістікті түзетін лексикалық топ ретінде қараудың маңызы зор. Қазақ тіл білімінде этномәдени лексикалық бірліктердің мағынасы, этимологиясы, таныммен байланысы, этнографизмдердің мәдениетпен байланысы зерттелгенімен, ұлттық аспаптардың этномәдени болмысының репрезентациясы қарастырылмады. Осы зерттеуде «қобыз» ұғымы негізінде тілдің өміршеңдігін айқындау мәселесі қарастырылады, бұл тақырып ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан өзекті. Этностың дүниетанымындағы «қобыз» аспабының қазіргі кезеңдегі ассоциативтік бейнесін зерттеу – жұмыстың негізгі мақсаты. Атап айтқанда, «қобыз» сөзімен байланысты этномәдени санадағы ұғымдарды талдау арқылы тіл мен ұлттың тұтастығын терең түсінуге, ұлттық кодтың сақталу үдерісін бағалауға және жаһандану жағдайында ұлттың бірегей болмысын ана тілі арқылы танып-білуге жол ашылады. Қобызға қатысты ұжымдық сананың мазмұны еркін ассоциациялар әдісі мен сауалнама жүргізу арқылы анықталды. Алынған нәтижелер жастардың танымында музыкалық аспаптар халық тұрмысы мен дәстүрімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Бұл дерек тілдің ұлтты сақтаудағы қызметін, сондай-ақ қазақ дүниетанымындағы киелі ұғымдарды ұрпаққа жеткізудегі маңызын дәлелдейді. Зерттеу барысында мұндай тұжырымдар «қобыз» сөзін ассоциациялық стимул ретінде қолдану арқылы айқындалды.

163-173 211
Аңдатпа

Лингвоелтаным – тілді ұлттық мәдениет, тарихи сана және этникалық дүниетаныммен өзара сабақтастықта қарастыратын кешенді ғылыми бағыт ретінде сипатталады. Мақалада лингвоелтанымдық зерттеулердің теориялық-әдіснамалық негіздері айқындалып, ұғымның мазмұны мен қызметі түрлі ғалымдардың көзқарастары негізінде талданды. Зерттеу барысында қазақ халқының дүниетанымын бейнелейтін лексикалық бірліктер: туыстық атаулар, этикалық ұстанымдар, дастарқан мәдениеті, ұлттық киім атаулары, туған жер мен тарихи оқиғаларға байланысты тілдік деректер, сондай-ақ белгілі тұлғаларға қатысты бірліктер таңдалып, олардың лингвомәдени мазмұны кешенді тұрғыда қарастырылды. Әдіснамалық негіз ретінде сипаттамалы, құрылымдықсемантикалық және интерпретациялық талдау әдістері қолданылды. Сөздікке енгізілген материалдар шетелдік тіл үйренушілерге бағытталып, қазақ халқының ұлттық болмысын, мәдениетін және дүниетанымдық ерекшелігін тереңірек түсіндіруге мүмкіндік беретін түсінікті әрі көрнекі форматта ұсынылады. Ақпарат визуалды және мультимедиалық құралдармен (сурет, карта, бейнематериал, QR-код) толықтырылып, практикалық тұрғыдан тіл үйренуге қолайлы ресурстар ретінде қарастырылады. Зерттеу нәтижелері қазақ тілін оқытудың мәдениетаралық аспектісін күшейтуге, ұлттық құндылықтарды насихаттап, мәдени-танымдық әлеуетін арттыруға бағытталған. Осы негізде әзірленген лингвоелтанымдық сөздік – қазақ тілін үйренушілер мен шетелдік саяхатшыларға қазақ халқының салт-дәстүрі, ұлттық тілі мен рухани мәдениеті жайлы кешенді мәлімет беретін, қазақ тіл білімінде баламасы жоқ жаңа үлгідегі танымдық құрал болмақ.

174-186 211
Аңдатпа

Мақалада соңғы жылдары белсенді қолданылып жүрген «лингвосинергетика» терминінің мәнмағынасы қарастырылады. Зерттеу жұмысының мақсаты – синергия құбылысының шығу тарихына шолу жасау, «лингвосинергетика» терминінің мән-мағынасын ашу, Scopus дерекқорында жарияланған 2005-2025 жылдар аралығындағы мақалаларға талдау жасай отырып, нәтижесін ұсыну. Жалпы синергия мәселесі көптеген ғылымдар тоғысында орналасқандықтан, түрлі ғылым саласында жүргізіліп жатқан зерттеулер бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін айқын көрсетеді. Зерттеудің теориялық маңыздылығы лингвосинергетикаға қатысты білімді жүйелеу және осы саладағы қазіргі заманғы зерттеулердің сипатын тереңірек түсіну болса, практикалық маңызы синергия және лингвосинергетика бойынша ізденушілердің зерттеу, талдау нәтижесі негізінде тереңірек білім қалыптастыруға қосқан үлесі арқылы көрінеді. Терминнің шығу тарихына, ғылыми материалдар мен түрлі дереккөздеріне сүйене отырып, авторлар қоғамдағы күрделі де ашық жүйелерді, оның ішінде тіл жүйесін зерттеуде синергия заңдылығын білу маңызды деген қорытындыға келеді. Мақалада салыстырмалы-хронологиялық және статистикалық талдау әдістері қолданылады. 2005-2025 жылдар аралығындағы Scopus дерекқорында жарияланған синергия және лингвосинергетикаға қатысты жүздеген зерттеу жұмысына шолу жасалып, нәтижесі салыстырмалы түрде диаграммалар арқылы ұсынылады.

187-201 203
Аңдатпа

Мақала Қазақ тілінің ұлттық корпусының веб-құралы ретіндегі Қазақ тілінің әмбебап электрондық сөздігінің құрылымы мен мазмұнына, оны әзірлеу мен пайдалану тәсілдеріне арналады. Мақалада электрондық сөздіктердің баспадан шыққан сөздіктерден айырмашылықтары, өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары, түрлері ғылыми әдебиеттерге сілтеме жасала отырып қарастырылды. Сапалық сипаттама әдісі арқылы электрондық сөздіктерге сипаттама беріліп, талдау жасалды. Отандық электрондық сөздіктер баспадан шыққан сөздіктердің электрондық нұсқаларын жинақтаған веб-сөздіктер, пайдаланушы үшін электрондық платформаларда әзірленген вебсөздіктер және жиынтық сөздіктер сияқты түрлерге бөлініп, әрбір электрондық сөздік туралы қысқаша ақпарат берілді. Тәуелсіз мемлекеттер достығына мүше мемлекеттердің электрондық сөздіктеріне жалпы шолу жасалды. Ал шетелдік электрондық сөздіктер мазмұны, құрылымы мен ерекшеліктеріне қарай әмбебап, түсіндірме, жиынтық, тарихи, сленг, визуалды және аударма тәрізді түрлерге жіктеліп талданды. Осы аталған отандық және шетелдік тәжірибелерді ескере отырып, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында әзірленген «Қазақ тілінің әмбебап электрондық сөздігінің» жасалу барысы, бағдарламалық құрылымы, өзіндік ерекшеліктері мен әмбебаптылығы сипатталды. Бұл сөздік Қазақ тілінің ұлттық корпусының веб-құралы ретінде қызмет етеді. Себебі ұлттық корпус пен веб-сөздік – тілдік деректерді бір-бірімен толықтырып отыратын цифрлық ресурс. Зерттеу барысында салыстырмалы талдау әдісі арқылы аталмыш әмбебап сөздіктің өзге де отандық электрондық сөздіктермен ұқсастығы және олардан айырмашылығы анықталды.

202-214 193
Аңдатпа

Бұл мақала қазақ тілінің урбандану құбылысын ән мәтіндері негізінде қарастырады. Қазақстанда урбандану үдерісі, яғни қалаларға қоныс аудару 2000 жылдардың басынан бастау алып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бұл құбылыс Қазақстан тұрғындарының табиғи кеңістігінің өзгерісімен ғана шектелмейді, сонымен бірге олардың дүниетанымындағы трансформацияны да қамтиды. Осы ретте ел тұрғындарының қалалық ортаны қабылдауын және жаңа ортаға сіңісуін тілдік тұрғыдан бақылау өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі қалалық кеңістікті игеруді жеңілдету әрі жеделдету ісінде тіл факторы маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты біз «Қалаға көшіп келген қазақтілді тіл иелменінің санасындағы қала бейнесі қандай?» деген сауалға жауап іздеп көрдік. Қалалану үдерісінің көрінісін қазақ тілінде жарияланған ән мәтіндерін талдау арқылы көрсетуді зерттеу мақсатына айналдырдық. Зерттеу материалы ретінде 2014-2025 жылдар аралығында қазақ эстрадасында танымал болған қазақ тіліндегі ән мәтіндерін алдық. Мақалада ән мәтіндеріндегі қала аттарының кездесу жиілігі, Қазақстан қалаларын сипаттаудағы негізгі паттерндер және қалалық ортаға қатысты қатынастар талданған. Мақалада урбанданудың музыкалық мәдениетке және ағымдарға әсері көрсетіліп, қалалық өмір ырғағының ән мәтіндеріндегі көрінісі және қалалық ортаға тән мәдени құбылыстар сипатталған. Зерттеуде cтатистикалық талдау, дескриптивтік талдау, семантикалық талдау, салыстыра талдау әдістері қолданылған. Зерттеу нәтижелері Қазақстанда жүріп жатқан қалаға қоныстану үдерісінің әлеуметтік табиғатын айқындап, урбандануды жаңа қырынан көрсететін еңбек болады деген сенімдеміз. Қоғамның урбандануға қатысты көзқарасын ән мәтіндері негізінде талдау әлеуметтік-тілтанымдық үдерістерді зерттеудің теориялық деңгейін тереңдетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

215-228 234
Аңдатпа

Әртүрлі этностардағы әзілді лингвомәдени тұрғыдан салғастырмалы зерттеу қазақ және ағылшын мәдениеттерінің рухани маңызды құндылықтарына, олардың өзгеру сипаттарына ерекше мән бере қарастыруды көздейді. Мәдени құндылықтар әр халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып жатқан әзіл-оспақ мәтіндерінде де түрліше сипатта көрініс табады. Осыған байланысты қазақ-ағылшын тілдеріндегі әзіл-оспақты таңбалық сипаттары тұрғысынан-прагматикалық, синтаксистік және синтагматикалық қырынан қарастыруды көздейді. Жұмыста прагматикалық аспекті нормативтік-бағалау мен ситуациялық-қорытынды сәйкессіздіктерге негізделсе, синтаксистік аспекті комикалық элементтердің жанрлық өзгерістерінде, ал синтагматикалық аспекті-комикалық әсер мен таңбалық тұлғаның арақатынасы ретінде көрініс табады. Зерттеудің мақсаты – қазақ және ағылшын әзіл-оспақ дискурсын құру тетіктеріндегі мәдени және тілдік айырмашылықтарды анықтау. Сондай-ақ ол коммуникациялық байланыстарды (прагматикалық, синтаксистік және синтагмалық) түсіндіруді айқындайтын құрылымдық ерекшеліктерді сипаттауға бағытталған. Мақсатқа қол жеткізу мынадай міндеттерді айқындайды: әзіл-қалжың арқылы қарым-қатынас берілуіндегі құрылымдық белгілер – прагматикалық қолданыстарды, синтаксистік сәйкессіздік пен синтагматикалық жақтарын талдай отырып, олардың ерекшеліктерін көрсету. Мақалада лингвистикалық, лингвомәдени және прагмалингвистикалық талдау әдістері қолданылып, зерттеу материалдары танымал әдеби, мәдени және интернет көздерінен алынған қазақ әзілдері мен ағылшын репликалары болып табылады. Қазақ тіл білімінде бұған дейін жанжақты зерттеу нысаны ретінде терең зерттелмеген әзіл-оспақ дискурсының тілдік құрылымы қазақ және ағылшын тілдері материалдары негізінде салғастырмалы сипатталуы зерттеудің ғылыми жаңалығын айқындайды. Зерттеу нәтижесі лингвомәдениеттану саласында дискурс теориясының дамуына өзіндік үлесін қосады. Зерттеудің практикалық нәтижелері жалпы тіл білімі, сөйлеу мәдениеті, прагматика және мәтін лингвистикасына қатысты ЖОО курстарында пайдаланылып, әзіл-оспақ пен сөйлеу актілерінің прагматикасы туралы ғылыми түсініктерді байытуға көмектеседі.

229-243 180
Аңдатпа

Мақалада қазақ тіліндегі терминдердің көпмағыналылық, синонимділік мен жарыспалылық мәселелері талданып, оларды шешу жолдарының бірі терминологиялық дерекқорлар мен терминологиялық ішкорпустар әзірлеу екендігі дәйектеліп, мұндай ресурстардың терминологияны стандарттаудағы қызметі тілтанымдық және экстралингвистикалық тұрғыдан сипатталды. Зерттеу барысында шетелдік және отандық терминологиялық ресурстардың (UNTERM, IATE, Терминком, терминологиялық ішкорпус және т.б.) құрылымдары, техникалық, лингвистикалық және т.б. салыстырмалы түрде талданып, оларды жасауда ескерілетін талаптар, атқаратын міндеттері айқындалып, білім беру, ғылыми зерттеу және кәсіби салада қолданылу маңызы ашылып көрсетілді. Сонымен қатар терминологиялық дерекқорлар әртүрлі ерекшеліктері (құру мақсаты, адресат, тілге қатысы, пайдалану түрі) бойынша жіктелді. Зерттеу нәтижесінде терминдерді стандарттауға қатысты негізгі принциптер (ұғым мен мағынаны дәл беру, терминнің тілдің ерекшеліктеріне сәйкес келуі, жаңа терминдер жасау, терминді өзге тілдердегі баламалармен үйлестіру) айқындалып, қазақ терминологиясын стандарттау бағытында атқарылатын жұмыстар (терминологияны цифрлық кеңістікке енгізу, стандартталған терминдердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету, ғылыми және оқу үдерісін жетілдіру жолдары) белгіленді. Зерттеу барысында терминологиялық стандарттар әзірлеудің негізгі әдіс-тәсілдері, өлшемшарттары (критерийлері), принциптері мен модельдері және т.б. мәселелер қарастырылған ғылыми еңбектер, шетелдік және отандық терминологиялық дерекқорлар мен терминологиялық корпустар, салалық терминологиялық сөздіктер пайдаланылып, терминдердің көпмағыналылық мәселелерін қарастыруда жинақтау, сипаттау, салыстыру, талдау (анализ), модельдеу әдістері қолданылды.

244-255 168
Аңдатпа

Мақалада Қазақстанның полиэтностық қоғамындағы мектеп оқушыларының ұлттық бірегейлігін нығайту құралы ретінде орыс тілін оқыту үдерісіне лингвомәдени компонентті кіріктіру мәселесі қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – қазақ авторларының көркем мәтіндері, фразеологизмдер мен мәдени рәміздерді оқу үдерісіне енгізу арқылы оқушылардың мәдени танымын және этномәдени құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған әдістемені әзірлеу және сынақтан өткізу. Мақалада лингвомәдениеттану мен лингводидактика бойынша теориялық тәсілдер талданып, дәстүрлі және инновациялық оқыту әдістері салыстырылып, Алматы облысының 7-сынып оқушылары арасында жүргізілген педагогикалық эксперименттің нәтижелері ұсынылған. Эксперимент нәтижесінде бақылау тобымен салыстырғанда эксперименттік топтың оқушыларында тілдік және мәдени құзыреттілік деңгейінің артқаны байқалды. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептерде этномәдени материалдарды қолдануға кедергі келтіретін факторлар сараланып, әдістемелік қиындықтарды еңсеру жолдары ұсынылады. Орыс тілі сабақтарында мәдениетаралық диалогты қамтамасыз ететін бейімделген тапсырмалардың үлгілері берілген. Зерттеудің жаңалығы – мәдени мазмұнды тапсырмаларды мектеп деңгейіне бейімдеу және этномәдени әлеуметтендіру мақсатында мультимедиалық ресурстарды қолдану. Практикалық маңыздылығы – мұғалімдерге арналған лингвомәдени элементтерді мектеп бағдарламаларына кіріктіруге бағытталған әдістемелік ұсынымдар әзірлеу.

256-269 220
Аңдатпа

Аталмыш мақала мәтін, мәтін лингвистикасы және мәтінді бейімдеу тақырыптарын қозғайды. Мақаланың негізгі тақырыбы қазіргі лингвистикалық парадигмадағы өзекті мәселелердің бірі – мәтінді бейімдеуге арналған. Сонымен қатар мәтін лингвистикасын зерттеуші ғалымдардың тұжырымдары мен ұстанымдары талданып, аналитикалық шолу жасалды. Қазіргі таңдағы мәтінді бейімдеу жолдары талқыланды. Соңғы жиырма-отыз жыл ішінде тіл білімінің бұл бағытына деген қызығушылық шетелдік және отандық ғалымдардың назарын ерекше аударды. Осыған орай осы мақалада зерттеушілердің еңбектеріне аналитикалық шолу ұсынылды. Мақалада жалпылау, салыстыру, талдау, редукция және басқа әдістер қолданылды. Сонымен қатар қазіргі уақытта дамып келе жатқан мәтін лингвистикасының бірнеше бағыты қарастырылды. Мақаланың зерттеу нәтижелері және талқылау бөлімінде «Таза бұлақ» әңгімесінің бастапқы үш сөйлемінің бейімделген нұсқасы берілді. Редукция әдісі арқылы түпнұсқа мәтінді екіншілік мәтін етіп бейімдеп беруге болатындығы көрсетілді. Түпнұсқа мәтін мен екіншілік мәтін арасындағы байланыс талданды. Мәтінді бейімдеу үдерісіндегі негізгі бағыттардың бірі – оны тілдік деңгейге сәйкестендіре беру, бұл қазіргі таңда аса өзекті мәселе болып отыр. Өйткені оқырман екінші тілді меңгеру барысында өзінің деңгейіне сай лексикалық бірліктерді игеру арқылы тіл үйренуге деген ынтасын арттыра алады. Осыған байланысты мақалада тіл үйрету үдерісінде мәтінді бейімдеудің маңызы қарастырылды.

  



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)