Preview

TILTANYM

Кеңейтілген іздеу
№ 3 (2021)
https://doi.org/10.55491/2411-6076-2021-3

3-14 357
Аннотация

Мақалада қазақ тіліндегі тіркесімділік жүйесі мен валенттілік категория құрау әлеуеті қарастырылады. Валенттілік жүйесін құрайтын тіркестердің типтік түрлерін ажырату үшін эксперимент жүргізіледі. Қазақ тіліндегі тіркестерді синтаксистік және лексикалық тіркестер тобы деп екі бөлікке ажыратып қою жеткіліксіз. Қазақ тілінің тіркесімділік қабілетін терең зерттеп, түрлерін кеңейту, заңдылықтарын нақтылау мәселесі көтеріледі.  Тіркесімділік – синтагматикалық қатынасқа негізделген тіл бірліктерінің басты қасиеті. Синтагматикалық қатынас – бұл тілдік таңбалардың мәтін, сөйлем, сөз құрамында бірінен кейін бірі қатар орналасу тәртібіне қарай тіл заңдылығына сәйкес үйлесімді тіркесу қабілеті. Тіркесімділік – барлық тіл саласында қызмет ететін лингвистикалық категория. «Тіркесімділік – сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің тіркесуі» деген стереотиптік түсінік тек грамматикалық тіркесімділік нысаны ретінде танылады. Негізінен тіл білімінде дыбыстардың да тіркесе алу, тіркесе алмау әлеуеті болады. Қосымшалардың да түбірге таңдап, талғап тіркесу заңдылығы болады. Сөз бен сөздің де мазмұн және тұрпат межесіне қарай мәнді әрі дұрыс тіркесу қабілеті ескерілетінін білеміз. Ендеше тіркесімділік құбылысы фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік тіл заңдылықтарын айқындауда маңызды рөл атқаратын категория болып саналады. Бұл жерде тіркесімділік валенттілік ұғымымен тең дәрежеде қарастырылып отыр. Себебі валенттіліктің өзі дыбыс қабатынан бастап мәтін құрылымындағы барлық тіл бірліктерінің тіркесу қабілетін танытатын негізгі көрсеткіш.

15-27 278
Аннотация

Қазақтың дәстүрлі сөзсаптам үлгілерінің қайнар көзі –  көркем шығармада.  Көркем шығармадағы әрбір жекелеген  мәтін – сөйлеудің туу процесінің жемісі ретінде белгілі бір ойдың синтезделген көрінісі.  Мәтін – тілдік қызметтің, тілдік танымның «лабораториясынан» қайнап шығатын нәтиже.  Мәтін жазушының  сөзсаптау мәдениетіне де байланысты. Демек, мәтіндегі сөзсаптамдық жүйені танып-білу дегеніміз – ойдың құралу жолдарын тануға ұмтылу дегенмен сәйкес.  Ал ойлау сөздің байласымы мен тұтасымынан көрінеді.  Сондықтан мақалада Ғ.Мүсіреповтің сөзсаптауындағы  байласым мен тұтасым сияқты  мәтін лингвистикасының негізгі  категориялары өзара байланысты қарастырылады.

Сөзсаптамның іргелі компоненті ретінде алынған мәтін кез келген сөйлемдердің кездейсоқ жиынтығы емес, мағыналық, логикалық, грамматикалық жағынан ұйымдасқан сөзжұмсам бірлігі ретінде қарастырылады. Сөзсаптамда мәтінді құрайтын бірліктер тілдік жақтан бір-бірімен байласымға түсіп, ойдың басталуы, дамуы, аяқталуына назар аудартады. Бұл мәтін нормасына да тиесілі болса да,  сөзсаптам үшін де  маңызды, себебі сөзсаптамда  жекелеген сөздің емес, тұтас  мәтіннің өзі қандай орында,  қандай жерде, қандай ортада, қолданылуы орынды, лайықты деген мәселеге де бақылау жасайды. Тіл және сөз мәдениетінің, стилистиканың, мәтін лингвистикасының объектісіне жататын сөз, мәтін нормасын  қарастыру арқылы сөзжұмсам нормасын анықтау да алдағы міндеттердің бірі.

28-36 254
Аннотация

Мақалада жастардың тілдік сәйкестендіру процестеріндегі орыс тілінің рөлі қарастырылады. Әлеуметтік-лингвистикалық сауалнаманың нәтижелері келтірілген, оның негізгі міндеттері тілдік жағдайдың мынадай аспектілері туралы ақпарат алу қажеттілігіне негізделе отырып анықталған: жастардың мемлекеттік, орыс және басқа тілдерді меңгеру дәрежесі; өмірдің әртүрлі салаларында тілдерді пайдалануға қатысты әлеуметтік артықшылықтардың деңгейі мен сипаты; жас халықтың әлеуметтік және тілдік қалауларының сипаты. Осы тақырып бойынша қазақстандық және шетелдік ғалымдардың теориялық жұмыстарына шолу жасалды. Зерттеу нәтижелері тарихи шындыққа ғана емес, ұзақ уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан тіл саясатына, сондай-ақ тілді саналы таңдауға байланысты орыс тілінің тілдік тұлғаны қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. Жүргізілген зерттеулер тілді білу және оны қолдану жастардың әлеуметтенуінің факторы болып табылатындығын және адамның әлеуметтік ортамен өзара әрекеттесу стилін анықтайтындығын дәлелдейді.

37-52 407
Аннотация

Мақалада ұлттық корпустың құрамындағы мәтіндерді металингвистикалық белгілеу мәселесі қарастырылған. Ұсынылған қазақ мәтіндерінің мета-белгілеу жүйелері сипатталған. Мета-белгілеуде мәтінді тұтасымен сипаттайтын параметрлер мәтініне сілтеме жасау жатады. Мета-таңбалау, қолданушының көрсетілген қасиеттері бар ішкі құрылымды құрастыру үшін мәтіндерді іздеу және таңдау мүмкіндігін береді. Метабелгіленімдер – ғылыми-зерттеу жұмыстарында белгілі бір кезеңге, стильге, авторға, тақырыпқа т.б. қатысты материалдар жинаудың таптырмас дереккөзі десек те болады. Корпус жасауда әдебиеттер таңдауда мәтіндердің жанрлық түрлілігін ескеру ең басты міндеттердің бірі саналады. Корпус жасауда метабелгіленімдерді енгізу қажеттігі дау тудырмайды. Олар корпусты пайдаланушыға, әсіресе тілші-зерттеушілерге кез келген қажетті ақпаратын тез әрі оңай тауып алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, лингвистикалық ақпараттар мүмкіндігінше барлық тіл деңгейлерінен алынады. Ал, бірақ, корпус жасауда бірден барлық деңгей бойынша лингвистикалық ақпарат беру аса күрделі әрі мүмкіндігі де шектеулі. Солай бола тұра, «Қазақ тілінің мәтіндер корпусында» метамәтіндік белгіленімдер мен лингвистикалық белгіленімдерден – морфологиялық, сөзжасамдық, фонетикалық, морфосемантикалық белгіленімдер программасы іске қосылған. Мақалада корпусқа метабелгіленімдердің түрлері (23 параметр), лингвистикалық белгіленімдер программасының жұмыс істеу механизмдері туралы сипатталады.

53-60 6041
Аннотация

 Берілген мақалада қысаң, езулік дауысты ы, і дыбыстарының ауызша және жазбаша коммуникациядағы қолданысы қарастырылады. Жалпы қазақ тіл білімінде қысаң, езулік дауыстыны білдіретін ы әрпінің кездесу жиілігі үшінші орында, ал і әрпінің кездесу жиілігі сегізінші орында. Ы, і әріптері  барлық позицияда кездеседі: ырғақ, ырым, ықылас; қыран, мұсылман, жұмыс; тары, тасы, қырмызы; іскер, ісмер, ізгілік; кіріспе, көрік, мінбер; күйші, негізі, тәтті. Аталған әріптер барлық позицияда кездескенімен, қысаң, езулік ы, і әріптерінің жазылуы туралы пікірлер әртүрлі. Бірқатар зерттеушілер ы, і әріптерін мағынаға әсер етпеген жағдайда түсіріп жазуға болады десе, ал бірқатар ғалымдар ы, і әріптерін толық сақтап жазуды қолдайды. Нақты айтқанда, ы, і әріптерінің кейбір сөздерде селбесіп жазылуы, ал кейбір сөздерде түсіріліп жазылуы тілдік деректер негізінде нақтылауды және осымен байланысты талдауды қажет етеді. Себебі қазіргі жазу практикасында ы, і әріптері бірде түсіріліп, бірде толық сақталып жазылып жүр. Айталық, ауыз – аузы // ауызы; дауыс – даусы // дауысы; ауыл – аулы // ауылы; қойын – қойны // қойыны және т.б. деген сөздерде ы, і әріптері бірде түсірілсе, бірде селбесіп сақталып жазылып жүр. Ал қазіргі жазу практикасында  саңылау//саңлау, ықылас // ықлас, ықылық // ықлық және т.б. деген сөздерде сөз ішіндегі ы, і әріптерін жазарман кейде түсіріп, кейде селбестіріп жазады екен. Сондықтан ы, і әріптерінің жазылуы арнайы қарастыруды қажет етеді. 

61-73 396
Аннотация

Мақалада1950,1951және1953жылдарыжарықкөргенортамектептің 5-6 сыныбына арналған «Қазақ тілі грамматикасы» оқу құралының «Морфология» бөлімі өзара және 2002 жылғы «Қазақ грамматикасымен» салыстырыла талданады. Оқу құралдарының терминдерді қолдану, грамматикалық категорияларға жіктеу және лексика-семантикалық топтарды ажырату мәселелері және стильдік ерекшеліктері басты назарға алынды. 2002 жылы шығарылған академиялық «Қазақ грамматикасынан» талданып отырған оқу құралдарының теориялық базасының ерекшеліктері көрсетілді, сондай-ақ 2021-2022 жылдарға жоспарланған жаңа Грамматикаға қажетті мәліметтер жинақталды.

Қазақ тілі морфологиясында қарастырылатын грамматикалық білімдер жүйесі терминдік, теориялық және практикалық маңызы тұрғысынан тереңірек зерттеуді қажет етеді. Сөз таптарын жіктеу, рай, жақ, шақ, септік секілді грамматикалық категорияларды анықтау, тілдегі сөздерді белгілі бір лексика-грамматикалық топтың құрамына қосу мәселелері қазіргі қазақ тілінде де аса өзекті. Себебі мектеп оқулықтарында және қазақ тілі лингвистикасында грамматиканың атқаратын рөлі зор. Морфология тілдің және тіл құрылымының моделін құрастырушы тілдік бірліктерді зерттеу нысанына алады.

Аталған зерттеудің негізінде «Ескертулер», дискурстағы қазақ тілінің ерекшеліктеріне баса назар аудару және термин жасау кезінде қазақ тілінің лексикасын ұтымды пайдалану сияқты артықшылықтар анықталды. Әр жылдағы басылымдардың теориялық тұжырымдарының жетіліп, ғылыми тұрғыдан жүйелене түскені кестелер мен салыстырулар негізінде мақалада талдап көрсетілді. Одан бөлек, аталған оқу құралдарын жазудағы негізгі мақсат пен ХХ ғасырдың екінші жартысындағы олардың атқарған қызметі, «білім» және «ғылымдағы» орны айқындалды.

74-88 312
Аннотация

Мақалада заң саласы терминдерінің заңнамадағы, бекітілген терминдер сөздігіндегі, заңтану, іс жүргізу және мұрағат ісі, экономика және қаржы салаларының  қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктердегі  қолданысына талдау жасалды.

Заң саласы терминдері қарастырыла келе, мынадай жалпы жайттар бөлініп көрсетілді: 1)  орыс тіліндегі бір терминнің қазақ тілінде екі немесе одан да көп нұсқада қолданылуы (қазақ тіліндегі осы нұсқалар орыс тіліндегі басқа терминнің баламасы ретінде де қолданылуы кездеседі); 2) қазақ тіліндегі бір терминнің орыс тіліндегі екі немесе одан да көп терминнің баламасы ретінде қолданылуы (орыс тіліндегі осы нұсқалар қазақ тіліндегі басқа терминнің баламасы ретінде де қолданылуы кездеседі); 3) орыс тіліндегі бір түбірлі немесе бір түбірден тараған терминдердің қазақ тілінде әртүрлі нұсқада қолданылуы (сонымен қатар бір ғана сөздің әртүрлі қосымшалар жалғанып немесе жалғанбай аударылуы да кездеседі).

Заң саласы терминдерінің қолданысындағы кейбір сәйкессіздіктердің себептері бірқатар лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлармен (мысалы, сала мамандарының ғылыми тұрғыда негізделген тұжырымдары, «тілдік қалыптасу факторы», терминдердің семантикалық әлеуеті, шығу төркіні және т.б.); заңнамада қолданылған терминдерді өзгертуге болмайды деген уәждің алға тартылуымен; салалық терминологиялық сөздіктерде қамтылған терминдердің бекітілген нұсқалармен қатаң түрде біріздендірілмеуімен түсіндіріледі.

89-100 284
Аннотация

Мақаладан қазақтың халықтық өлшем бірліктерінің шығу төркіні, қолданылу мақсаты, өміршеңдігі, аталу сәттілігі жағынан да басқа халықтардың ұлттық өлшемдерімен деңгейлес болғанын байқауға болады. Алайда, түрлі тарихи себептерге байланысты өлшеулік мәні бар байырғы терминдеріміз ұлт шеңберінен аса алмай, нақты мәнге ие бола алмаған. Халықтық өлшемдер жүйесінде өлшемнің өзіне тән ерекшелігі мағына мен тақырып ауқымы жағынан өлшемдердің бір саласына ғана емес, олардың әртүрлі салаларына (сандық, сапалы, уақыт-мезгіл, алыс-жақын, ұзын-қысқа, биік-аласа т.б.) түгел қатыстылығында және өлшемдік ұғымдардың қайсысын болмасын, жалпылама, жобалы және абстракты түрде сипаттауында. Міне, осы тәсіл арқылы өзімізді қоршаған табиғи ортадағы көптеген құбылыстар мен тұрмыс-салтымыздағы сан алуан заттарды, адам мен жануарларды, қоғамдық қарым-қатынастарға байланысты көріністердің мөлшерін, ауқымын, санын, сапасын, т.б. ерекшеліктерін өлшемдік таным тұрғысынан бейнелі түрде сипаттаудан қалыптасқан тілдік бірліктердің біразын жүйелеп беруді жөн көрдік.

101-110 482
Аннотация

Аталмыш мақалада ф әрпінің грамматологиясынан бастап,  қазіргі  ауызша және жазба коммуникациядағы қолданысы қарастырылады. Себебі латынграфикалы жаңа әліпби құрамына енген кірме таңбалардың бірі – Ff  әрпі туралы тілтанушы ғалымдардың пікірлері әртүрлі. Бірқатар ғалымдар f әрпі бар кірме сөздер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес келмейді, яғни бұл әріпті фонетикалық принцип бойынша p әрпімен игеру керек десе, ал кейбір ғалымдар f әрпі қазақ тілінің артикуляциялық базасында орын алған, сондықтан жаңа әліпбилің құрамына енуі керек деген ұсыныстар айтады. Тілімізде қолданылатын ф әрпі бар сөздер араб, парсы тілінен және орыс тілі арқылы енген еуропа сөздерінде кездесетіні белгілі. Сондықтан зерттеу жұмысымызда лингвостатистикалық талдау әдістері негізінде нормативтік сөздіктердегі ф әрпі бар діни және орыс тілі арқылы енген еуропа сөздерінің  қолданысы  (қазіргі қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігі және 30 томдық салалық терминдер сөздігі) талданады. Аталмыш әріптің діни дикурстағы ерекшелігі және ономастикадағы қолданысы айқындалады. Ф әрпінің жетілдірілген жаңа әліпби құрамына алынудың себептері аталады. Ұсынылған зерттеу жұмысы кірме сөздерді игеру мәселесін талдауда пайдалануға болады.



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)