Preview

TILTANYM

Кеңейтілген іздеу
№ 2 (2021)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)
3-11 336
Аннотация

Ғалым-қайраткердің жазу мәдениетін ұлт игілігіне айналдыруда, біріншіден, аса бай ауыз әдебиетін, фольклорлық мұраларды аса тереңнен таныды; екіншіден, ұланғайыр Ұлы Даланы кеңінен жайлаған қазақ елінің тіл бірегейлігі мен тұйығын айқын аңғаруы концептуалды ұстанымына негіз болды. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы тағылымын ала отырып, қазақ жазуын түбегейлі реформалау арқылы оған ұлттық сипат беру кезек күттірмес өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

12-21 380
Аннотация

Мақала көрнекті тілтанушы ғалым академик Н.Сауранбаевтың ғылыми мұрасына арналған. Ғалым әсіресе қазақ тілі синтаксисінің маманы ретінде танымал. Ғалымның фонетика мен фонологияға арналған жұмыстары ұзақ уақыт зерттеу аясынан тыс қалды. Мақалада ғалымның сегменттік фонетикаға қатысты ұстанымы талқыланады. Фонемалардың дифференциалды белгілері, олардың жіктелуі, дауысты және дауыссыздардың артикуляциялық сипаттамалары, дыбыстар мен әріптердің арақатынасы, екпін мен буын мәселелері талданған.

22-33 321
Аннотация

Бұл мақалада Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық еңбектері талданады. Ұлттың ұлы ұстазы қазақ топырағында алғаш дүниеге келген бұл ізденісті ізашар еңбектерінде әрбір ғылыми ұғым-түсінікке атаулық мән берілген, қазақ тіл білімі мен әдебиеттанымының тұтас терминдік жүйесін қалыптастырды.

34-39 221
Аннотация

Мақалада этнолингвистиканың даму кезеңдерінің бірі, сондай-ақ осы кезеңде жазылған ғылыми еңбектер қарастырылады. Атап айтқанда, профессор Е.Жанпейісовтің қазақ этнолингвистикасын  зерттеудегі  рөлі  мен  үлесі  туралы сөз болып отыр. Мақалада ғалымның ғылыми еңбектері, соның ішінде «Қазақ ескіліктері» атты соңғы монографиясы талданады. Кейбір лексикалық бірліктер егжей-тегжейлі сипатталады.

40-47 258
Аннотация

Мақала кәсіби қазақ поэзиясының бастау көзі мен тарихи арналарын, дәстүр мен сабақтастығын, жалғастық пен жаңару үрдісін XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының сөз үлгілері негізінде жан-жақты кешенді (филологиялық, тарихи-лингвистикалық т.б.) зерттеген көрнекті тілші-ғалым Қ. Өмірәлиевтің еңбектерін бүгінгі тіл білімі жетістіктері биігінен бағалауға арналған.

48-52 270
Аннотация

Қазақ орфографиясындағы маңызды мәселелердің бірі – күрделі сөздердің (сын есім, есімдік, үстеу) жазылуы. Мақалада «әр» сөзінен жасалған күрделі сын есімдер, сондай-ақ екі сөзден жасалған есімдіктер мен үстеулердің орфографиялану мәселелері қарастырылады.

Аталған сөздерге құрылымдық-семантикалық талдау негізінде олардың орфографиялануын реттеу жөнінде ұсыныстар жасалады.

53-56 214
Аннотация

Бар ғұмырын өзін толғандырып жүрген көне түркі жазба ескерткіштері мен одан кейінгі дәуірлердегі XV-XIX ғғ. мәтіндерін түгендеуге, оларды тарихи, әдеби және тілдік тұрғыдан талдап, сүбелі ғылыми еңбектер жазуға арнаған бірегей ғалым – Құлмат Өмірәлиевтің көне жазбаларға қатысты кешенді түрде сатылай-сабақтастыра жүргізген талдауларын оқи отырып, бүгінгі зерттеушілерге үлгі боларлық ерекше зерттеу әдістеріне куә боламыз.

57-62 295
Аннотация

Мақалада алғашқы қазақ емле ережелерінің құрылымдық ерекшелігі талданады. 1914 жылғы және 1918, 1920, 1923, 1924, 1925, 1927 жылдары толықтырылған қазақ емлесінің құрылымы сипатталып, қазіргі емле баптарымен салыстырылады. Ахмет Байтұрсынұлының негіздеуімен жасалған емле баптары 1929 жылғы латын графикасына негізделген емлеге, сондай-ақ қазіргі кирил графи-касына негізделген емленің бастауы екені баяндалады. Мақалада әр жылдары толықтырылған емле баптары өзара салыстырылып, емле баптарындағы құрылым-дық ерекшеліктер талданады.

63-67 209
Аннотация

Мақалада көрнекті ғалымдардың күй категориясындағы сөздердің сөйлеудің дербес бөлігіне жататындығы туралы әртүрлі көзқарастары қарастыры-лады. Қарастырылып отырған сөздердің мәртебесін мағыналық синтаксис деңгейінде анықтауға әрекет жасалды.

68-75 27112
Аннотация

Мақала аналитикалық тәсілдің түрлері, олардың сөзжасамдық қабілеті мен қызметі туралы мәселелерді қозғайды. Тіл білімінде күрделі сөз жасауда аналитикалық тәсілдің өте өнімді қызмет атқаратыны белгілі. Үстеудің сөзжасамдық жүйесінде ең көп күрделі үстеу жасаған – қайталау тәсілінің ерекшеліктері баяндалады. Күрделі үстеулер мәселесін зерттеу барысында тіл біліміндегі қос сөздер теориясы негізге алынған. Қос сөздер мәселесі ғылымда жан-жақты зерттелгеніне қарамастан, сөз таптарының сөзжасамдық жүйелеріндегі күрделі сөз мәселелері толық зерттелмеген. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеу сөзжасам жүйесінде қайталау тәсілі арқылы жасалған күрделі қос сөзді үстеулер анықталып, ерекшеліктері көрсетілді.

Сонымен қатар қайталау тәсілімен жасалған бір текті сөздің түрлі формада қайталануы арқылы жасалған күрделі үстеулердің түрлері анықталып, ерекшеліктері нақтыланды. Қос сөзді күрделі үстеулердің сыңарларын негізге ала отырып, олардың түрлері көрсетіледі.

76-82 398
Аннотация

Мақалада шет тілі сабағында сөздік қорды байытудың әдістері мен тәсілдері туралы айтылған. Болашақтың бүгінгіден нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын күш тек білімде ғана. Бүгінгі таңда көп тілді меңгерген жастың болашағы бұлыңғыр болмайды дегендей, жас ұрпаққа сапалы, мәнмағыналы білім беру – бүгінгі күннің басты талабы. Оқушылардың сөздік қорын дамытуда, ақпараттық-коммуникациялық технологияның, түрлі қарапайым ойындар мен рөлдік ойындардың, диалогтың, яғни, коммуникативтілік әдістің, сондай-ақ түрлі көрнекіліктерді қолданудың маңызы зор.

83-88 287
Аннотация

Мақалада құрылымы жағынан өте ұқсас, мәндік-семантикалық тұрғысынан жақын жануарлардың атаулары кездесетін 23 мақал-мәтел және құрамындағы кейбір сөздері ауысқанымен бір-біріне мағыналық жағынан ұқсайтын жануарлардың атаулары кездесетін 9 мақал-мәтел бар екені анықталды. Сонымен қатар, қазіргі қазақ тіліндегі фонетикалық тұлғасы сәл өзгеріске ұшырағанымен, мағынасы толық сақталған 33 жануар атауы, қазақ тіліндегі фонетикалық тұлғасы түгелдей өзгерсе де, мағыналары жағынан ұқсайтын 11 жануар атауы және орта түркі дәуірінен бүгінгі күнге дейін жалғасын таппай, қолданыстан шығып қалған 2 жануар атауы ортаға шықты.

89-93 427
Аннотация

Бұл мақалада шетел тілінде пәндерді оқытудың жаңа бағдары ретінде CLIL – әдісіне түсініктеме беріліп, маңыздылығы, арттықшылығы қарастырылған. Тіл үйретудегі сәтті қолданылған әдістерінің бірі – пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту (CLIL) болып табылады, бұл оқуды біріктіруге мүмкіндік береді, мысалы, ағылшын немесе неміс және арнайы пән, яғни, шет тілін үйренудің функционалдық тәсілі арқылы жалпы білім беру кеңістігін кеңейту. Сонымен қатар, тілді қолданудың мотивациясын айтарлықтай арттырады. Осы әдісті қолдана отырып, оқыту үрдісін жаңарту және жақсарту қажеттілігі айтылады.

94-97 539
Аннотация

Қазақ және жапон тілдеріндегі туыстық атаулар туралы екі тілде жеке-жеке зерттеу еңбектері көптеп кездескенімен, екі тілдегі туыстық атаулардың ерекшелігін салстыра зерттеген еңбектер тым аз. Біз бұл еңбегімізде қазақ және жапон тілдеріндегі туыстық атаулар жайында жазылған ғылыми зерттеу еңбектерін жеке-жеке салыстыра зерттей отырып, екі халықтың ұлттық ғұрып-әдеті, тілі мен мәдениетіндегі ұқсастықтар мен өзіне тән ерекшеліктерін айқындаймыз.

98-104 212
Аннотация

Мақалада қазақ тіл білімінің тарланы, профессор, филология ғылым-дарының докторы Ербол Жанпейісовтың ғылыми мұрасын дәріптеу, насихаттау, таныстыру мақсатында ғалымның ғылыми өміріне, еңбектеріне шолу жасалынды, кейбір идиоэтникалық бірліктер этимологиялық тұрғыдан талданды. Профессордың қазақ тілі этимологиясын, сөзжасам, функционалды грамматикасын ғылыми пән ретінде дамытудағы қосқан үлесі, жаңалығы, орны, мақсаты анықталып, соның нәтижесінде ғалымның ғылыми лингвистикалық мұраларының құндылығы айқындалды.

105-113 268
Аннотация

Мақалада көне түркі жазба ескерткіштерінің жанрлық сипаты, ерекшеліктері қарастырылады. Көне түркі әдеби ескерткіштерінің жанрын  айқындау – тек олардың көркемдік қуатын, поэтикалық құнарын саралау ғана емес, аталмыш туындылардың тарихи, стратегиялық маңызын, негізгі идеялық мұратын, миссиясын бағалау болып табылады. Аталмыш мәселе бойынша соңғы бір ғасырдан астам уақытта көптеген тарихшылар мен әдебиеттанушылар,  тілші-ғалымдар ғылыми пікірлер білдірген. Еңбекте жазба ескерткіштерді поэзиялық және прозалық туынды деп таныған ғалымдардың негізгі ғылыми дәлелдері және мәтін негізіндегі талдаулары беріліп, салыстырылады. Сонымен қатар көне түркі әдеби жәдігерлерін зерттеуші Құлмат Өмірәлиевтің аталмыш мәселеге байланысты зерттеу еңбектерінің ерекшеліктері, негізгі тұжырымдары мен қорытындылары сараланып, ғылыми маңыздылығы көрсетіледі.



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)