Preview

TILTANYM

Кеңейтілген іздеу
№ 4 (2025)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

ТЕОРИЯЛЫҚ ЛИНГВИСТИКА

12-21 55
Аңдатпа

Қазақ лексикасы XVIII ғасырдың соңғы ширегінен бастап құрастырыла бастаған орысша-қазақша сөзтізбелерде, орысша-қазақша сөздіктерде, көптілді оқу құралдарында, екітілді және көптілді лұғаттарда, орысша-қазақша тілашарлар мен тілдескіштерде, жол бойы сөйлесу сөздіктерінде, қазақша-орысша сөздіктерде, бұлардан да басқа алуан түрлі лексикографиялық еңбектерде көрініс тауып келеді. XVIII-XX ғасырлардағы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктерде жарияланған қазақ тілінің материалдары осы зерттеудің басты нысаны болып табылады. Әрбір тіл атаулының ішкі тілдік заңдылықтардың және сыртқы экстралингвистикалық жағдаяттардың әсерінен өзгерістерге ұшырауы заңды құбылыс екендігі даусыз. Осыған орай, өткен ғасырларда жасалған сөздіктердегі қазақ лексикасының құрамы мен құрылымын қазіргі заманауи ғылым биігінен қарастырудың әлдеқайда маңызды әрі бағалы болары айқын. Зерттеудің басты мақсаты – қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық сипаттарын ашу, атап айтқанда жекелеген сөздердің құрылымдық және мағыналық ерекшеліктерін айқындау. Зерттемеде тілдік материалды жинақтау, сұрыптау, құрылымдық тұрғыдан жүйелеу, сондай-ақ, талдау жасаудың сипаттамалы және салыстырмалы тәсілдері қолданылады. Зерттеудің алынған нәтижелері мен қорытындылары қазақ тілінің тарихын, оның тарихи лексикологиясы мен лексикографиясын  зерттеу ісінде айтарлықтай теориялық үлес болып қосылады. Зерттеме сонымен бірге қазақ тілінің тарихын оқыту тәжірибесінде де пайдалы болмақ.

22-35 61
Аңдатпа

Мақалада етістіктердің зерттелуі, күрделі етістіктердің грамматикалық және семантикалық тұрғыдан бөлінісін түркі кеңістігінде зерттеген М.А. Казембек, А.Н. Кононов, С.М. Малов, Н.Б. Баскаков т.б. зерттеушілердің еңбектеріне тоқтала отырып, қазақ тіл білімінде күрделі етістіктер грамматикалық көрсеткіштеріне қарай, болмаса семантикасына қарай бөлінді ме, қайсысы басым түсетінін түсіндіру мақсаты болды. Күрделі етістіктердің лексикалануы Ж.Шакенов талдаулары негізінде қарастырылды. А.Байтұрсынұлы, А.Ысқақов, Ы.Мамановтардың күрделі етістіктерді жіктеудегі принциптері, пікір айырмашылықтары, терминдердің тұрақтануы т.б. мәселелер назарға алынды. Морфологиялық категориялардың бірі – күрделі етістіктер функционалды семантикалық категорияның бастауы. Күрделі етістіктердің функционалдық тұрғыдан мағыналық мүмкіндіктерінің ашылуы семантикалық категория ретінде өмір сүруінің критерийі екені рас, ал өрістің әртүрлі тілдік құралдардың жиынтығынан тұруы семантикалық өрістің негізгі белгісі болса да, арнайы сөз болмайды. Фунционалдылық мәселесі М.Жолшаева, С.Құлманов, А.Жаңабековалардың т.б. еңбектерінде қарастырылған. Ал бұл зерттеуде күрделі етістіктердің қолданысы, семантикасы қазіргі баспасөз мәтіндерінде қалай көрініс тауып отырғаны айтылады.

36-44 46
Аңдатпа

Түркі тілі тарихында өзіндік орны бар -а, -е және -ұ, -ү  көсемше тұлғалары сонау орхон жазбаларынан бастап кейінгі қараханит, хорезм,  шағатай жазба әдеби тілдерінің барлығында дерлік кездеседі. Мәмлүк қыпшақ ескерткіштері тілінде -а, -е көсемше жұрнақтарын актив қолданылған дей алмаймыз. Дегенмен 6 түрлі мәнде біршама кездестіруге болады. Баяндауыш қызметіндегі етістіктің білдіретін амал-әрекетпен бір мезгілде болған амал-әрекетті білдіру мәні ең актив, әрі негізгі қызметі болса, ауыспалы осы шақ мәнінде жұмсалуы ең пассив қызметі екенін көреміз. -ұ, -ү жұрнақтары болса түркі тілінің ешбір дәуірінде актив жұрнақтар қатарында болмаған. Көп жағдайда -а, -е формаларының көлеңкесінде қалып отырған. Тіпті XIV-XV ғасырлардан кейін бірте-бірте қолданыстан шығып қалған. Алғашқы дәуірлерде -а, -е жұрнақтарымен жарыса қолданылса, кейінгі дәуірлерде тек -йұ, -йү формасында дауысты дыбыстарға аяқталған етістіктерге ғана жалғанатын, -а, -е формасының бір фонетикалық варианты күйіне түскен. Уақыт өте келе жұрнақтың негізі саналатын -ұ, -ү дыбыстары элизияға ұшырап, жұрнақтың мағынасы й сына дыбысына жылысқан. Бағзы зерттеушілер -а, -е және -ұ, -ү жұрнақтарын бір-бірінен бөлек жұрнақтар деп қараса, кейбірі мағыналары ұқсас синонимдес, енді бірі бір жұрнақтың фонетикалық варианттары деп қарайды. Зерттеу нәтижесінде бұлардың диалектілік параллель формалар екенін аңғардық. Яғни -ұ, -ү және -а, -е диалектілік параллельдер болып табылады.

45-58 57
Аңдатпа

Бұл мақалада тілдің тарихын, грамматикалық құрылымдарын және сөздік қорын зерттеудің маңыздылығы қарастырылады. Тілдің дамуы мен тарихи кезеңдерін анықтау сол тілдегі сөздік қорды талдау арқылы жүзеге асады. Қазақ тілінің қазіргі қолданыстағы формалары жалпыхалықтық және жергілікті тіл, яғни диалект ретінде сипатталады. Диалектологиялық зерттеулерде тілдің табиғи сипатына қарай оның ерекшеліктерін бағалау, даму үдерісін бақылау және сөздік қорын ашу – тіл біліміндегі өзекті бағыттардың бірі. Мақаламызға арқау болған жергілікті тіл туралы зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, жергілікті тіл ұғымына анықтама, жергілікті тілдердің қалыптасуы және оған әсер ететін факторлар, жергілікті тілдердің жіктелуі және бұл жіктеулердің саналуандығы, диалект пен әдеби тіл арасындағы ерекшелік, диалектілердің әдеби тілге немесе терминдік қорға енуі және оның оң және теріс тұстарын айқындауға тырыстық. Сонымен қатар мақаламызда еліміздегі жергілікті тіл зерттеулері дамуының қысқаша хронологиясын, қазақ тілінде диалектілердің бар-жоғына қатысты ғалымдардың пікірлерін, бұл көзқарастың екі топқа бөлінетіндігін, және осы екі түрлі көзқарасты ұстанатын топ өкілдерінің еңбектеріне де орын берілді. Мақала қазақ диалектологиясының қазіргі жағдайы мен оның әдіснамалық, техникалық және әлеуметтік мәселелерін кешенді түрде талдауға арналған. Қолданыстағы диалектілер классификацияларының үйлесімсіздігі, бірыңғай критерийлер мен әмбебап типологияның жоқтығы атап өтіледі. Осыған байланысты фонетикалық, морфологиялық және лексикалық ерекшеліктерді қамтитын интегративті классификация құрудың маңызы атап өтіледі. Екінші мәселе ретінде транскрипцияның біріздендірілмеуі қарастырылып, әртүрлі зерттеушілерде бір ғана дыбыстың бірнеше таңбамен белгіленуі салыстырмалы зерттеулерге кедергі келтіретіні дәлелденеді. Мұны шешудің жолы ретінде IPA (Халықаралық фонетикалық алфавит) негізінде бірыңғай транскрипция жүйесін қабылдау ұсынылады.

59-69 40
Аңдатпа

Мақалада Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларындағы «өлім» семалы паремиялардың  лексика семантикалық өрісі талданады. Зерттеудің мақсаты – «өлім» концептісінің мағыналық ерекшеліктерін Ш.Құдайбердіұлы туындыларындағы мақал-мәтелдер негізінде талдау. Зерттеуде лингвомәдениеттану аясында тіл мен мәдениеттің байланысын анықтауға, концепт ұғымын, оның құрылымы мен зерттеу әдісін, «өлім» семалы паремиялардың лексика-семантикалық өрісін анықтауға талпыныс жасалды. Зерттеудің ғылыми-әдіснамалық негізіне когнитивті лингвистика, психолингвистика бойынша жазылған зерттеулердегі ғылыми тұжырымдар басшылыққа алынды. Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдерінен жинақталған тілдік деректер, түрлі сөздік мақалалар зерттеу материалы ретінде қарастырылды. Ғылыми зерттеудің жаңалығы Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының паремиологиялық кеңістігіндегі «өлім» концептісінің лексика-семантикалық өрісіне тілдік және лингвомәдени талдау арқылы кешенді сипаттама берумен анықталады. Зерттеу нәтижелерінің теориялық құндылығы ақын өлеңдеріндегі дүние бейнесінің «өлім» концептісі арқылы өзектелуінің анықталуымен және зерттеу барысында алынған нәтижелердің когнитивті лингвистика мен лингвомәдениеттану саласындағы алдағы зерттеулерге негіз болуымен сипатталады. Зерттеуде сөздік анықтамаларда ұсынылған концептілік өріс, оның фразеологиялық бірліктер мен мақал-мәтелдерде берілуі және ақын өлеңдеріндегі «өлім» семалы паремиялардың лексика семантикалық өрісі талданды.

70-80 95
Аңдатпа

Мақалада тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның ономастикалық кеңістігінде орын алған өзгерістер мен оларды зерттеу мәселелері қарастырылған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдерде ұлттық сананың қайта жаңғыруы нәтижесінде жер-су, елді мекен, көше атауларында айтарлықтай өзгерістер болды. Қазіргі таңда ұлттық ономастика мәселесі мемлекет тарапынан үлкен саяси-идеологиялық мәнге ие болып отыр. Себебі ономастикалық атаулар – халықтың тарихи жадын, мәдени болмысын және ұлттық бірегейлігін айқындайтын рухани құндылық. Ономастикалық атаулардың ұлттық мазмұнға сай қайтадан жаңғыруы – елдің отарсыздану саясатын, тарихи әділдікті қалпына келтіру үрдісін және ұлттық сананы нығайтудың нақты көрінісі болып табылады. Осымен байланысты ономастика тек тілдік немесе географиялық жай атау ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси әрі мәдени маңызы зор сала екендігін көреміз. Егемендік алғанға дейін отаршылдық саясат халықтың ұлттық жады мен тарихын ұмыттыру мақсатында көптеген дәстүрлі атауларымызды өзгерткені мәлім. Егемендік алғаннан кейін Үкімет тарапынан арнайы Мемлекеттік Ономастика комиссиясы құрылып, жүйелі жұмыс атқарып келеді. Ұлттық ономастика мәселесіне Президент Қ-Ж.К. Тоқаев та ерекше назар аударып, биыл өткен Ұлттық құрылтай жиынында: «Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет» – деген болатын. Қалалар мен көшелер, жер-су және елді мекен атауларын ұлттық құндылыққа сәйкес реттеу негізінде ұлттың тарихи жады мен мәдени коды қайтадан жаңғыратыны сөзсіз.

81-92 40
Аңдатпа

Зерттеу жұмысы қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі тілдің медиациялық қызметін қарастыруға арналған. Зерттеудің негізгі мақсаты – қазақ қоғамының тарихи-мәдени тәжірибесінде тілдің келісімге келтіру, дауды реттеу, әлеуметтік қатынастарды үйлестіру құралы ретіндегі қолданылу ерекшеліктерін айқындау. Осы мақсатқа сәйкес мақаланың міндеттері: дәстүрлі қазақ қоғамындағы тілдік медиацияның мәдени-әлеуметтік негіздерін талдау; дауды тіл арқылы шешу институттарының тілдік құрылымдары мен прагматикалық стратегияларын сипаттау; ұлттық мәдениеттегі татулыққа бағытталған тілдік нормалардың мағыналық ерекшеліктерін анықтау. Мақалада аталған міндеттерді шешу барысында қазақтың ауызша шешендік мұрасы тілдік-прагматикалық тұрғыда талданады. Зерттеу нәтижесінде қазақ дәстүрлі мәдениетінде тілдің медиациялық қызметі тек коммуникациялық қызметімен шектелмейтіндігі, ол қоғамдық татулықты сақтау, әлеуметтің моральдық кодексін реттеу және даулы жағдайларды бейбіт жолмен шешу механизмдерінің негізін құрайтыны анықталды. Сондай-ақ ел ішіндегі топ бастаған көсем мен сөз бастаған би-шешендердің сөйлеу мәдениеті медиацияның ерекше ұлттық моделін қалыптастырғаны және бұл модельдің тілдік стратегиялары (әдеп формулалары, жанама сөйлеу тактикалары, метафоралық-символдық құрылымдар, прагматикалық жұмсарту тәсілдері) қазіргі медиация теорияларымен өзара үндес келетіні дәлелденді. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы – қазақ мәдениетіндегі медиация феномені лингвистикалық-прагматикалық аспектіде алғаш рет жүйелі түрде қарастырылып, дәстүрлі тілдік тәжірибенің жалпы медиация теориясына қосатын үлесі көрсетіледі. Практикалық құндылығы – алынған тұжырымдар медиаторларды даярлау бағдарламаларында, келіссөз жүргізудің этномәдени модельдерін құруда, қазақтың ауызекі тілде сөйлеу мәдениетін жаңғыртуға бағытталған жобаларда қолданыс таба алады.

ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІ

93-111 47
Аңдатпа

Мақалада англофондарға қазақ тілін оқытудың интерактивті корпус базасын – Learner Corpus әзірлеу барысы жан-жақты сипатталады. Зерттеу шетелдік және отандық корпустық лингвистика тәжірибесіне, ағылшынтілді үйренушілерге арналған қолданыстағы оқулықтар мен оқыту материалдарының сапасына салыстырмалы талдау жүргізуден басталады. Талдау нәтижесінде қазіргі оқу құралдарының едәуір бөлігі ағылшынтілді инофондардың когнитивтік, лингвистикалық және коммуникативтік қажеттіліктеріне толық бейімделмегені анықталды: мәтіндердің деңгейге сәйкес келмеуі, жасандылығы, грамматикалық және логикалық қателері, мәдени ақпараттың дәл еместігі сияқты жүйелі кемшіліктер байқалды. Осы негізде Learner Corpus базасына арналған мәтіндерді іріктеу критерийлері айқындалып, 250-ден астам сюжеттік және коммуникативтік мазмұндағы бірегей мәтіндер, лексика-грамматикалық білімдер жүйесі, салғастырмалы грамматикалық материалдар әзірленді. Корпус мазмұнын құрастыру Стивен Крашеннің «i+1» қағидасына, тіл меңгерудің табиғи реттілігіне, қазақ және ағылшын тілдерінің типологиялық айырмашылығына сүйене отырып жүзеге асты. Англофондар жиі жіберетін интерференциялық қателер (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық және прагматикалық деңгейлерде) анықталып, олардың корпусқа енгізілетін материалдар арқылы қалай түзетілетіні көрсетілді. Зерттеуде салғастырмалы талдау, теориялық шолу, сапалық мәтіндік талдау, үлгілеу және корпус құрастырудың әдістемелік принциптері қолданылды. Материалдарды таңдау мен құрылымдаудың ғылыми негіздері ұсынылып, фонетикалық-графикалық, лексикалық, грамматикалық және лингвомәдени деңгейлерді қамтитын кешенді жүйе жасалды. Learner Corpus платформасы Оксфорд университетінде әзірленіп жатқан түркі тілдерін оқыту бағдарламаларымен сәйкестендіріліп, 2026-2027 оқу жылынан бастап факультативті құрал ретінде қолдануға арналған прототип ретінде ұсынылады. Мақалада әзірленіп жатқан корпус базасының алғаш рет англофондарға бағытталған әмбебап, көпдеңгейлі, дидактикалық тұрғыдан жүйелі цифрлық ресурс ретінде қарастырылатыны көрсетіледі. Оның теориялық маңызы – қазақ тілін оқытудың корпустық әдістерін жаңа тұрғыдан түсіндіру және интерференциялық құбылыстарды жүйелеу болса, практикалық маңызы – алынған материалдарды оқыту тәжірибесіне тікелей енгізу, оқу үдерісін дараландыру және оқу жүктемесін деңгейлік тұрғыдан оңтайландыру мүмкіндігі.

112-131 43
Аңдатпа

Педагогикалық дискурсты лингвистикалық маңызды өзгерістер тұрғысынан зерттеу лингвистиканың қазіргі даму кезеңінде өзекті болып табылады, өйткені мұғалім мен оқушылардың сабақтардағы коммуникативті қызметі тек оқу мен тәрбие процесіне ғана емес, сонымен қатар оқушылардың психоэмоционалды жағдайына да әсер етеді. Зерттеудің мақсаты қазақ педагогикалық дискурсы туралы түсінік қалыптастыру, Қазақстанның орта және жоғары оқу орындарын прагмалингвистикалық және этикалық сипаттағы лингвистикалық маңызды өзгерістер тұрғысынан бақылау болды. Кешенді зерттеу үшін келесі әдістер қолданылды: аналитикалық-синтетикалық, коммуникативті, фреймді, салыстырмалы-салыстырмалы. Бұл зерттеу педагогикалық дискурс теориясына қатысты келесідей мәселелерді қарастырды: дискурс ұғымы, институционалдық дискурс, педагогикалық дискурстың сипаттамалары мен ерекшеліктері, кәсіби этика. Алматыдағы мектептер, колледждер мен университеттер мысалында қазақстандық педагогикалық практикадағы лингвистикалық маңызды өзгерістердің әркелкі түрлерінің жиілігін бағалау жүргізілді. Мұғалім-оқушы қарым-қатынасының негіздері туралы түсінік қалыптасты және прагмалингвистикалық параметрлер (педагогикалық стратегиялардан ауытқулар, педагогикалық дискурс мақсаттары) және этикалық ойлар (белгілі бір оқушыға немесе студенттер тобына бағытталған) бойынша ауытқулар қарастырылды. Сондай-ақ, педагогикалық дискурста лингвистикалық маңызды өзгерістердің фреймдік моделі құрылды, ол Алматының оқу орындарын бақылау кезінде қолданылды. Бұл жұмыс әлемнің әртүрлі елдеріндегі педагогикалық дискурсты және лингвистикалық маңызды бұзушылықтарды зерттеуде, білім беру мекемелерінің әртүрлі түрлерін салыстырмалы талдауда және оқу барысында этикалық тұрғыдан дұрыс емес сөздерді анықтаудың машиналық әдістерін енгізуде қолданыла алады.

132-144 60
Аңдатпа

Мақалада қазақ тіліндегі жазбаша мәтіндерде (шығарма, эссе, диктант және басқа жазба жұмыстарда) кездесетін тілдік қателер кешенді түрде талданады. Зерттеу корпустық тәсілге негізделіп, орфографиялық, пунктуациялық, грамматикалық, лексикалық, стильдік және техникалық сипаттағы 100-ден астам қатені қамтиды. Мақалада әртүрлі жастағы оқушылардың мәтіндерінде жиі кездесетін типтік жазбаша қателер талданған. Жұмыстың өзектілігі қазақ тіліндегі жазбаша қателерді жүйелі сипаттау және цифрлық түрде тіркеу қажеттілігімен айқындалады. Бұл бағытта арнайы Қателер корпусы қалыптастырылып, тілдік интерференция заңдылықтарын, тілдік сана ерекшеліктерін және жазба нормалардың динамикасын айқындауға мүмкіндік береді. Қателер корпусы тек тілдік ауытқуларды объективті сипаттауға ғана емес, олардың когнитивтік және психолингвистикалық себептерін түсіндіруге де жол ашады. Зерттеуде корпустық лингвистика мен когнитивтік модельдеу әдістері үйлестірілген кешенді тәсіл қолданылды. Нәтижелер орыс тілінің интерференциясы мен когнитивтік ақпарат өңдеу ерекшеліктерінен туындайтын орфографиялық, лексикалық, грамматикалық және пунктуациялық қателердің жиі кездесетінін көрсетті. Алынған деректер қазақ тілінің Қателер корпусын дамытуға, жазба тіл нормаларын жетілдіруге және оқыту әдістемесін жақсартуға негіз болады.

145-165 65
Аңдатпа

Мемлекеттік тілдің ғылым мен кәсіби салалардағы қолданысын кеңейту және нығайту – еліміздегі тіл саясаты мен ұлттық даму стратегиясының басым бағыттарының бірі. Осыған байланысты қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі мәртебесін арттыру үдерісінде салалық терминологияны, соның ішінде медицина терминжүйесін ұлттық тілдік нормаларға бейімдеу аса өзекті. Сүйек-буын атауларының терминдік табиғатын зерттеу медицина саласындағы ұлттық терминологияның іргелі лексикалық қабатын анықтауға, құрылымдауға және жүйелеуге мүмкіндік береді. Сүйек-буын атаулары анатомиялық терминологияның құрылымдық өзегі ретінде медициналық диагноздардың, ауру атауларының және клиникалық дискурстың негізін құрайды. Бұл атауларды қазақ тілінде біріздендіру, кодификациялау және лексикографиялау – медициналық білім беру, аударма, денсаулық сақтау жүйесінде қазақ тілінің толыққанды қолданысын қамтамасыз ететін маңызды қадам. Сүйек-буын атаулары қазақ тілінің байырғы сөздік қорына тиесілі, этнолингвистикалық және фразеологиялық өрісте жиі қолданылатын бірліктер екеніне қарамастан, қазіргі салалық оқулықтардағы, сөздіктер мен анықтамалықтардағы, ең бастысы клиникалық дискурстағы сүйек-буын атауларының қолданысы әркелкі сипатқа ие. Қазақ халқының дәстүрлі медицинасында, ұлттық танымында және құндылықтар жүйесінде қалыптасқан сүйек-буын атаулары тарихи, тілдік және мәдени негізге ие. Осы атауларды ұлттық терминжүйенің құрамдас бөлігі ретінде қарастыру ғылыми-практикалық тұрғыдан аса маңызды. Мақалада медицина терминжүйесін қазақыландыру үдерістерінің тілтанымдық негізі қарастырылады. Зерттеу нысаны ретінде сүйек-буын атауларын зерттеудің өзектілігі дәйектеліп, олардың қазақ тіліндегі баламаларының кодификациялану деңгейі, терминжасам үлгілері және лексикографиялану жай-күйі талданады.

166-179 56
Аңдатпа

Мақалада Қазақ тілінің ұлттық корпусы құрамында әзірленіп жатқан жарнама мәтіндері ішкорпусының құрылымы мен мазмұны, оны әзірлеудің кезеңдері мен ғылыми әдіснамасы сипатталады. Зерттеу мақсаты – жарнама мәтіндерінің тілдік және әлеуметтік-коммуникативтік ерекшеліктерін корпустық лингвистика әдістері арқылы талдау және олардың заманауи қазақ қоғамындағы қызметін анықтау. Зерттеу материалы ретінде ішкорпус базасына енгізілген жарнама мәтіндері алынды. Ішкорпус құрылымы жарнаманың таралу кеңістігі (сыртқы, БАҚ және ғаламтор) бойынша жүйеленіп, мәтіндерге экстралингвистикалық және мазмұндық метабелгіленім қойылды. Жарнама мәтіндері ішкорпусын әзірлеу барысында Microsoft Office Excel, CSV, Notepad бағдарламалық құралдары қолданылып, деректерді құрылымдау мен сүзгілеу кезеңдері жүзеге асырылды. Эмпирикалық база ретінде ішкорпус деректері лингвопрагматикалық және әлеуметтік лингвистикалық тұрғыда талданды. Талдау нәтижесінде жарнама мәтіндерінде әсер ету маркерлерінің (әрекетке шақыру, назар аударту, ішкі сезімді ояту, шектеулі ұсыныс, кепілдік пен уәде беру) жиілігі мен функционалдық сипаты айқындалды. Зерттеу нәтижелері жарнама дискурсын қазақ тіліндегі қоғамдық коммуникацияның маңызды құралы ретінде сипаттауға және оны сандық деректер негізінде кешенді зерттеуге мүмкіндік береді. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы қазақ тіліндегі жарнама мәтіндерінің алғаш рет корпустық лингвистикада зерделеніп, олардың лингвопрагматикалық, әлеуметтік лингвистикалық тұрғыда ғылыми талдау жасалатындығымен айқындалады, ал практикалық мәні – ішкорпус базасының жарнама тілі мен қоғам байланысын зерттеуге арналған ұлттық дереккөз ретіндегі қолданбалы маңыздылығында.

180-195 32
Аңдатпа

Зерттеуде ұжымдық санада/тілдік санада азаматтың бейнесін қалыптастыратын орыс және қазақ студенттерінің ассоциативтік реакциялары қарастырылады. Сауалнама, ассоциативтік эксперимент және лингвомәдени өріс әдістері пайдаланылады. Тұрақты ядролық және перифериялық ассоциативтік реакциялар анықталды. Тілдік санадағы азамат бейнесі мәдени-тарихи құзыреттілікті, тілдік (лингвомәдени) және жеке (құндылық) аспектілерді қамтиды деген пікір айтылады. Азаматтың бейнесі әртүрлі ұлттардың өкілдерін біріктіруге қабілетті, жалпыланған, белгілі бір шамада әмбебап мазмұнға ие болуы тиіс көпмәдениетті ортада ерекше маңызға ие болады. Сондай-ақ мәдениетаралық коммуникацияны мәдениеттану тұрғысынан оқыту мәселелері баяндалады, заманауи мәдениеттану тәсілдеріне сипаттама беріледі, тілдік материалдармен жұмыс істеу кезінде мәдени компонентті есепке алуға баса назар аударылады. Азаматтың бейнесi көптiлдi және көпмәдениеттi халық өмiрi бойы сақталып келе жатқан орнықты тарихи-мәдени, тiлдiк және құндылықтық компоненттерге толы. Авторлар лингвомәдени бейнені зерттеу перспективалары шет тілі/екінші тіл ретінде ұлттық тілді оқып-үйренетін студенттер мен шетелдіктердің көпмәдениетті құзыреттілігінің салыстырмалы базасын кеңейтумен байланысты болуы мүмкін деп пайымдайды. Алынған нәтижелер екі топтың да ортақ тарихи өткенін және олардың азаматтық құндылықтарындағы ұқсастықтарды көрсетеді, бірақ жеке күндердің, тарихи оқиғалардың және азаматтық қасиеттердің маңыздылығындағы айырмашылықтарды анықтайды.

196-209 50
Аңдатпа

Мақалада қазақ тіл білімінде бір ғасырдан бері талас тудырып жүрген /у/ мен /и/ дыбыстарының жазылуының фонологиялық және графикалық ерекшелігі қытай тілімен салыстырыла отырып талданады. Мақала аталған дыбыстарды /ұу/, /үу/, /ыу/, /іу/, /ый, /ій/ түрінде алты қосар таңбамен таратып жазу салдары қазақ тілінің буын тұрпатын қытай тіліне ұқсатып, айтылу ерекшелігін өзгертуі мүмкін деген қауіпті ашып беруді мақсат етеді. Бұл мақсатқа жету үшін өзара тәуелді, бірін-бірі толықтырып отыратын 4 міндет желісі құрылып, осыған сәйкес зерттеу 4 кезең бойынша жүргізілді. Бірінші кезеңде қазіргі заманғы қытай тілінің академиялық сөздіктерінен қытай тіліндегі барлық 420-ға жуық буын түрлері жинақталып, олардың ішіндегі /у/ (u, w) мен /и/ (i, y) дыбыстарына қатысты түрлері, саны анықталып, тізімі жасалды. Зерттеудің бұл кезеңінде сандық әдіс, жүйелеу, жинақтау тәсілдері қолданылды; екінші кезеңде қазақ тілінде алты түрлі буын типі (V, VC, CV, CVC, VCC, CVCC,) бойынша 28 төл дыбыс қанша буын құрай алатыны математикалық әдіспен анықталып, олардың ішінде /у/ мен /и/ дыбыстарына қатысты буындардың саны, түрлері анықталып, нақты тізімі жасалды. Бұл екі кезеңде зерттеу нәтижелері ғана мақалаға енгізілді, зерттеу барысы мен әдістері, материал жинау кезеңі туралы ақпарат берілмеді; үшінші кезеңде қазақ және қытай тілдеріндегі /у/ (u, w) мен /и/ (i, y) дыбыстарына қатысты буындардың графикалық және фонетикалық сипаты кесте түрінде өзара салыстырып, ерекшеліктері мен ұқсастықтары анықталды. Бұл кезең үшін тарихи-салыстырмалы әдіс қолданылды. Нәтижесінде /у/ мен /и/ дыбыстары таралытып жазылған жағдайда, қытай тілі буындарына графикалық тұрпаты дәл түсетін, соның салдарынан оқылуы да бірдей болып кету қауіпі бар қазақ тілінің 27 буыны анықталды; зерттеудің соңғы кезеңінде қазақ тіліндегі /у/ және /и/ дыбыстарын таңбалаудағы қауіптер мен мүмкіндіктер анықталып, қорытынды тұжырымдар жасалып, ғылыми қауымға ұсынылды. Зерттеуде қазақ және қытай тілдерінің тарихи байланысы, буын түрлері мен типтері жазу теориясы аспектісінде алғаш қарастырылып отыр.

210-223 45
Аңдатпа

Бұл мақалада қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуда қолданылатын лексика-грамматикалық сөздікке қажетті грамматикалық минимумды анықтаудың теориялық және әдістемелік негіздері қарастырылады. Зерттеуде тіл үйренушінің коммуникативтік қажеттіліктері, жиілік, құрылымдық жеңілдік, мәдени-танымдық маңыздылық сияқты өлшемдер негізінде минимумды іріктеу критерийлері жүйеленеді. Қазақ тілінің негізгі сөз таптары (зат есім, етістік, сын есім, сан есім, есімдік, үстеу, модаль сөздер, шылау, одағай) бойынша грамматикалық категориялар, тіркесу үлгілері мен функционалдық қызметтері контрастивті талдау арқылы беріледі. Қазақ тіліндегі әр сөз табының ерекшеліктері, онда қолданылатын қажетті грамматикалық формалардың қызметі тіл үйренушінің деңгейін ескере отырып, сөздер мен тіркестер, қысқа сөйлемдер арқылы таныстырылады. Қазақ тіліндегі грамматикалық формалардың ағылшын тіліндегі баламалары беріледі. Бұл жерде тікелей бір-біріне сәйкестендіріп тікелей аудару емес, әр формаға сәйкес ағылшын тілінде түсіндіру немесе түсіндірмелі баламасын беру көзделеді. Нақты баламасы болмаса, сол грамматикалық форманың қолданылу мәні мен қызметін мысалдар арқылы көрсете отырып, оқытушы мен тіл үйренушіге оның логикасы мен қолдану тәсілі түсінікті болады. Мақаланың негізгі мақсаты – қазақ тілінің грамматикалық минимумын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қарастырып, оны қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту үдерісінде қолданудың тиімді жолдарын ұсыну.

224-238 54
Аңдатпа

Бұл мақала қазіргі қоғамдағы Қазақстан жастарының тілдік қолданысындағы инвективті лексиканың рөліне арналған. Жұмыста инвективті лексиканың мәні мен мақсаттары, сондай-ақ оның мағыналық түрлері айқындалады. Соңғы үш жылда жарияланған рецензияланған лингвистикалық мақалалардағы инвективті лексиканың бағыты мен қызметіндегі өзгерістер талданады. Мақаланың мақсаты – инвективті лексиканың қазіргі қоғам тілдік дискурсындағы орнын айқындау. Бұл мақсатқа жету үшін зерттеу алдына келесі міндеттер қойылды: 1) 18-40 жас аралығындағы қазақ және орыс тілді аудитория арасында сауалнама жүргізу; 2) алынған деректер негізінде инвективті лексиканы қолданудың мақсаты мен қызметін анықтау; 3) инвективті лексиканы ұлттық бірегейлікті білдіретін жеке тілдік бірлік ретінде талдау. Зерттеу нәтижелері инвективті лексиканың көбінесе ашу, күйіну сияқты эмоцияларды білдіру үшін қолданылатынын көрсетті. Объективті емес сөздерді қолдану қазақтілді ортада әдетте қолайсыз құбылыс ретінде қабылданса, сауалнама нәтижелері орыстілді респонденттердің мұндай лексикаға анағұрлым төзімді екенін көрсетті. Бұл жағдай менталитет пен тәрбие ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Сонымен қатар «ит», «шошқа», «мал» сөздеріне лингвистикалық және мәдени талдау жүргізілді (ағылшын тілінде –  “dog”, “pig”, “cattle”). Зерттеу белгілі бір тілдік бірліктердің бір тілде бірнеше мағынаға ие бола алатынын, алайда басқа тілдерде міндетті түрде жағымсыз коннотация тудырмайтынын анықтады. 



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)