Preview

TILTANYM

Кеңейтілген іздеу
№ 1 (2026)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

ТЕОРИЯЛЫҚ ЛИНГВИСТИКА

12-21 233
Аңдатпа

Саха ұлты – ерте замандарда Орта Азия жерінен солтүстікке қоныс аударып, түркілік емес ұлттардың тілдік, мәдени ықпалына ұшыраған ұлт. Оңтүстік түркі тілдері секілді араб-парсылық ықпалға ұшырамаған бұл тіл көне түркілік қалыпты сақтаған. Алтай тілдерінің үш бірдей тармағы: түркілік, моңғолдық, тұңғыс-манчьжурлық тілдер тоғысында орналасқан саха тілі зерттеушілерді қызықтырары сөзсіз. Саха тіліндегі моңғолдық, эвенкілік қабатты аршып алса, көне түркілік қалыпқа қол жеткізуге болады деген ғылыми пікір қалыптасқан. Мақалада қазақ және саха тілдеріндегі «бас» соматизмі ұйытқы болуымен жасалған фразеологизмдердің этномәдени семантикалық өрісі, концептілік танымы сөз болады. Зерттеудің басты мақсаты – қазақ және саха тілдеріндегі «бас» сомафразеологизмдерінің этномәдени семантикасын, концептілік таным моделін айқындау. Зерттеу жұмысының міндеттері – қазақ және саха тілдеріндегі соматикалық тұрақты тіркестерді жинақтау, топтастыру, сомафразеологизмдерге семантикалық, ішінара тарихи грамматикалық, концептілік талдау жүргізу. Зерттеу барысында сомафразеологизмдер жинақталып, олардың құрылымдық және мазмұн межесі салыстырыла қарастырылады. Семантикалық әдіс, диахрондық талдау әдісі, антропоөзектік парадигма негізіндегі концептілік талдау әдісі арқылы екі тілге тән параллельдік айқындалады. Қазақ және саха тілдерінің лексикасемантикасын салыстырмалы-тарихи әдіс арқылы зерделеу – тарихи қазақ тіл білімі үшін өзекті мәселе. Осы орайда көне түркілік сөзформаны барынша сақтаған саха тілін қазақ диахрондық лингвистикасында салыстырмалы әдіс арқылы зерттеудің тиімді тұстары бағамдалады. Қазақ және саха тілдерінде ортақ фразеологизмдердің кездесуі екі тілдің тарихи тамырластығын, екі тілдегі тұрақты сөз орамдарының қалыптасу кезеңі түбірлес болғанын аңғартады. Екі тілдегі лексикологияның терең қабатында орналасқан сомафразеологизмдерді антропоөзектік парадигма тұрғысында қарастыру көне түркілік концептілік таным моделіне реконструкция жасауда ғылыми-теориялық маңыздылыққа ие.   

22-34 155
Аңдатпа

Қазіргі кезде ауызша сөз қоғамда ерекше мәртебеге ие болып, оның әлеуметтік мәнділігі күшейе түсті. Ауызша сөз электрондық коммуникациялық жүйелерінде, аудиовизуалды бұқаралық ақпарат құралдарында, сахна өнерінде тілдік қарым-қатынастың негізгі құралы болып отыр. Қазақ тілінің  дыбыс жүйесі синхронды, диахронды аспектіде теориялық және қолданбалы бағытта зерттеліп келеді. Қазақ тілінің өзіндік заңдылықтарының басы ашылып, соған лайық зерттеу ғылыми аппараты қалыптастырылды. Фонема – күрделі абстрактілі дыбыстық бірлік және әртүрлі акустикалық-артикуляциялық қасиеттердің жиынтығы. Сөйлеу ағынында олар сигнификативтік (мағына ажыратушы) қызмет атқарады. Тілдің фонетикалық жүйесінің құрамдас бөлігі бола отырып, фонема әртүрлі өзгерістерге ұшырайды. Егер бір позицияда бір дыбыстың орнына басқа дыбыс қолданылса, сөз мағынасы өзгереді. Мұндай дыбыстар екі фонеманың көрінісі ретінде танылады. Осындай қасиет [u] және [ü] қысаң дауысты дыбыстарының арасында байқалады. Мысалы, tus сөзіндегі [u] қысаң дыбысын [ü] қысаң дыбысына алмастырсақ, tüs деген жаңа сөз пайда болады. Ал егер туыстас екі дыбыс бір позицияда кездеспесе, олар бір фонеманың комбинаторлық варианты деп есептеледі. Дыбыстардың жасалым, айтылым, естілім сипаттамасы жан-жақты анықталды. Дегенмен, әр дәуірдің өзіне лайық теориялық жетістіктері мен практикалық талаптарына сай қазақ тілінің дыбыс құрамы мен жүйесін тиянақтап отыру қажет. Ұсынылып отырған зерттеуде қазақ тілінің дыбыс қоры тіл білімінің жаңа бағыттары шеңберінде сипатталады: спектралды, просодикалық, фонологиялық, артикуляторлыакустикалық талдау негізінде аудиторлық, экспериментті-компьютерлік әдістер қолданылады.  

35-45 195
Аңдатпа

Мақалада түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының дүниетанымындағы киелі «төрт», «он», «қырық» сандарының тілдегі, фразеологиядағы, салт-дәстүрдегі, мифологиялық және тарихи санасында сақталған көріністері кешенді түрде талданады. Бұл сандардың бастапқыда тек сандық мәнді ғана емес, кеңістік пен уақыт тұтастығын, көптік пен толықтықты, кемелдік пен шексіздікті білдіретін мәдени-семантикалық код ретінде қалыптасқаны тілдік және тарихи деректер негізінде дәлелденеді. Зерттеу барысында «төрт» санының дүниенің төрт бағытына негізделген көне кеңістік моделін, «он» санының саусақпен санауға байланысты ең жоғарғы мөлшер ретінде орныққанын, ал «қырық» санының осы екі ұғымның синтезі ретінде көптік пен киеліліктің көрсеткішіне айналғаны айқындалады. Мақалада фразеологиялық бірліктер, мақал-мәтелдер, этнонимдер, топонимдер, тарихи жазба ескерткіштер, ауыз әдебиеті үлгілері мен этнографиялық деректер кеңінен тартылып, киелі сандардың халықтың дүниетанымы мен әлеуметтік тәжірибесінің тілдегі көрінісі екені көрсетіледі. Сонымен қатар «қырық» санының киелілік мәнінің қалыптасуы төрттік кеңістік таным мен ондық санау жүйесінің тоғысуынан туындағаны туралы жаңа тұжырым ұсынылады. Зерттеу нәтижелері киелі сандардың тек сандық категория емес, этномәдени ақпаратты сақтаушы, ұлттық дүниетанымды бейнелейтін когнитивтік-мәдени құбылыс екенін айқындайды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – «төрт», «он», «қырық» сандарының семантикалық эволюциясын өзара байланыста қарастырып, «қырық» санының көптік әрі киелілік мәнінің шығу тегін төрттік кеңістік моделі мен ондық санау жүйесі арқылы түсіндіруінде. Алынған нәтижелер қазақ тіл біліміндегі лингвомәдениеттану, этнолингвистика және «Қазақ тілінің ұлттық корпусын» мазмұндық тұрғыдан толықтыру бағытында маңызды дереккөз бола алады. 

46-54 163
Аңдатпа

Замануи гуманитарлық ғылым этностардың мәдениеті, менталитеті және әлеуметтік құрылымдары туралы дербес әрі мазмұнды ақпарат көзі ретіндегі бейвербалды коммуникация формаларына  барған сайын жиі жүгінуде. Осы зерттеу аясында қазақ гастикасын кешенді зерделеуге талпыныс жасалады. Гастика – ас ішу рәсімін және оның коммуникативтік, символдық, мәдени қызметтерін қарастыратын бейвербалды семиотиканың аз зерттелген, бірақ келешегі зор салаларының бірі. Зерттеудің мақсаты – мәдени кеңістік ретіндегі арнайы дастарқанның семиотикалық табиғатын анықтау, сол арқылы көрініс табатын қазақ халқының архетиптік бейнелері, этномәдени құндылықтары мен менталдық ұстанымдарын айқындау. Осы орайда арнайы жайылатын дастарқан (ас, той, мерекелік дастарқан және т.б.) негізінен мәдени жад құрылымы мен мәдени репрезентация механизмдері ретінде қарастырылады. Жұмыстың ғылыми және практикалық маңыздылығы бейвербалды коммуникацияның зерттелу шеңберін кеңейту және лингвомәдени талдау нысаны ретіндегі гастрономиялық мәдениетті өзектендіруден көрінеді. Зерттеуде алғаш рет қазақ гастикасының ұғымдық аппаратын жүйелеп, оны таңбалық жүйе ретінде саралауға талпыныс жасалады. Зерттеу әдістемесі лингвостилистикалық талдау элементтеріне сүйенген семиотикалық және мәдениеттанушылық тәсілдерге негізделген. Эмпирикалық материал ретінде ас ішу рәсімдері мен олардың символдық мәні көрініс тапқан қазақ әдебиеті туындылары (М.Әуезов, О.Сәрсенбаев, Т.Әсемқұлов және т.б.) алынған. Зерттеу нәтижелері арнайы дастарқандардың құрылымдық және мазмұндық компоненттерін таңбалық жүйе ретінде сипаттауды, ұлттық тағамдардың символикасын бейнелеу және гастрономиялық кеңістікті этномәдени бірегейліктің элементі ретінде талдауды қамтиды. Зерттеудің негізгі нәтижелері таңбалық жүйе ретіндегі дастарханның құрылымдық және мағыналық компоненттерінің сипаттамасын, ұлттық тағамдар символикасының интерпретациясын, сондай-ақ этномәдени бірегейлік элемент ретіндегі гастрономиялық кеңістік талдауын қамтиды. Зерттеу қорытындылары қазақ мәдениетінде тұрақты түрде қызмет ететін ерекше бейвербалды тағам семиотикасының бар екендігі туралы гипотезаны растайды. Жұмыстың құндылығы этнолингвистика мен семиотика бағыты ретіндегі гастиканы одан әрі зерттеуге арналған теориялық негіздерді қалыптастыратындығынан көрінеді. Практикалық маңыздылығы алынған нәтижелерді лингвомәдениеттану, этнология, мәдениетаралық коммуникация курстарында, сондай-ақ материалдық 

55-65 159
Аңдатпа

Тіл – халықтың мәдениеті мен дүниетанымын бейнелейтін маңызды құралдардың бірі. Әр халықтың ұлттық танымы мен өмір салты тілдегі концептілер арқылы көрініс табады. Қытай мәдениетінде «үй» концептісінің негізгі бір бөлігі – «есік» (门) ұғымы тек материалдық нысан ғана емес, рухани және мәдени мәнге ие символ ретінде қарастырылады. Ал қазақ мәдениетінде «шаңырақ» ұғымы отбасы, бірлік және өмір жалғастығының белгісі ретінде ерекше мағынаға ие. Мақаланың мақсаты – қытай тіліндегі «есік» (门) концептісінің қытай халқы мәдениеті мен салт-дәстүріндегі маңызын олардың тұрмыс-тіршілігі, өмір сүрген ортасы, наным-сенімі мен дүниетанымы негізінде этномәдени аспектіде талдау және оны қазақ тіліндегі «шаңырақ» концептісімен салғастыра қарастыру. «Есік» (门) концептісі – қытай халқы үшін материалдық болмыс қана емес, рухани өркениеттің тасымалдаушысы. Феодалдық этикет жүйесінің бір бөлігі ретінде есіктің өзіндік қытай дәстүріне тән мәдени ерекшеліктері бар. Қытай танымында есіктер иерархиялық және мәдени символизмге бай. Қытай тіліндегі «есік»      (门) концептісінің тілдік таңбасын этномәдени қырынан қарастыру қытай халқының мәдениеті мен дүниетанымын тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазақ тіліндегі «шаңырақ» концептісінің этномәдени негізіне үңіле отырып, оны салғастыра зерттеу арқылы екі халықтың мәдени ерекшеліктеріндегі айырмашылықтары мен ұқсастықтарын анықтау зерттеу жұмысымыздың маңыздылығын құрайды. Зерттеу нәтижелері қытай халқының ежелден отырықшы өмір салтын ұстануына байланысты үй кеңістігі қауіпсіздік пен қорғаныс ұғымымен тығыз байланысты қалыптасқанын көрсетеді. Осыған байланысты «есік» сыртқы әлеммен байланыс орнататын негізгі өткел ретінде ерекше мәдени мәнге ие болған. Қытай мәдениетінде есік иерархиялық жүйемен, дәстүрлі этикет нормаларымен және түрлі ырым-салттармен тығыз байланысты символ болып табылады. Ал қазақ халқының көшпелі өмір салтына байланысты киіз үй құрылымындағы «шаңырақ» отбасының бірлігі мен өмірдің жалғастығын білдіретін маңызды мәдени белгі ретінде қалыптасқан. Зерттеу нәтижелері қытай және қазақ халықтарының дүниетанымындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды айқындауға негіз болады. Алынған ғылыми тұжырымдар тіл мамандарын даярлау, аудармашыларды оқыту, сондай-ақ магистранттар мен докторанттардың зерттеу жұмыстарында қолданылуы мүмкін.

66-78 156
Аңдатпа

Қазақ тілінің лексикалық қоры – ұлттың тарихи даму жолын, дүниетанымын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін айқын көрсететін негізгі қабаттардың бірі. Әсіресе байырғы қазақ сөздері тілдің ең көне қабаты. XVIII-XX ғасырлар аралығында түзілген сөздіктердегі қазақ тіліне қатысты мәліметтер тіліміздің дамуы мен қалыптасу кезеңдерін айқындауда айрықша маңызға ие құнды дереккөз болып табылады. Бұл сөздіктерде қамтылған байырғы қазақ сөздері тек атауыштық қызметімен ғана емес, сол дәуірлердегі қоғамдық қатынастарды, тұрмыс-салт ерекшеліктерін, этномәдени құндылықтарды танытатын тілдік бірліктер. Бұл кезеңдегі лексикографиялық еңбектерде тіркелген байырғы сөздердің мағыналық құрылымын талдау олардың семантикалық дамуы мен ауыспалы мағыналарының қалыптасуы сияқты үдерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Мақаланың мақсаты – XVIII-XX ғасырлардағы сөздіктерде тіркелген байырғы қазақ сөздерінің семантикалық құрылымын талдау арқылы олардың тарихи даму ерекшеліктерін айқындау. Сондай-ақ бұл зерттеу байырғы сөздердің тарихи-әлеуметтік және мәдени факторлармен байланысын көрсетуге бағытталған. XVIII-XX ғасырлардағы сөздіктерге енген байырғы қазақ сөздерінің семантикалық ерекшеліктерін зерттеу тарихи лексикография, тарихи лексикология мен тарихи семасиология салалары үшін өзекті мәселелердің бірі және тіл тарихын кешенді түрде тануға бағытталған маңызды ғылыми міндеттердің бірі. Мақалада байырғы сөз мағыналарының тарихи-әлеуметтік, мәдени факторлармен байланысы айқындалды және олардың ұлттық дүниетанымдағы орны көрсетілді.  Зерттеу нәтижелері тіл тарихы, тарихи лексикология, тарихи сөзжасам мәселелерін зерттеуде маңызды дереккөз бола алады. 

79-89 114
Аңдатпа

Бұл мақалада Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі публицист Ә. Кекілбайұлының әлеуметтік-экономикалық мәселелерді арқау еткен «Нарыққа да парық керек» мақаласына талдау жасалады. Мақалада мәтін тек мазмұндық тұрғыдан ғана емес, автор мен оқырман арасындағы коммуникативтік өзара әрекеттестік, автордың мақсатты ықпал ету стратегиялары, сондай-ақ мәнмәтіндік және әлеуметтік факторлар кешенді түрде талданады. Автордың ұлттық дүниетанымға, қоғамдық санаға және тәуелсіздік кезеңіндегі әлеуметтік трансформацияларға қатысты көзқарастарына тілдік талдау жасалады. Жүргізілген мәтіндік талдау негізінде авторлық интенцияны, адресатқа әсер етудің тілдік амалдарының мүмкіндіктерін көре аламыз. Автордың тілдік стратегиялары, бағалауыштық лексикасы, ұлттық-мәдени кодтарды пайдалану ерекшеліктері, прецеденттік бірліктерді қолдану тәсілдері арнайы қарастырылады. Зерттеуде прагматикалық талдау, сыни дискурстық талдау (CDA), риторикалық талдау, стилистикалық талдау, интенционалдық талдау (T. van Dijk контекст моделі), интертекстуалдық талдау әдістері қолданылған. «Нарыққа да парық керек» мақаласы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі экономикалық қиындықтарды, қоғамдағы әлеуметтік бөлініс пен рухани дағдарысты  бейнелейтін маңызды публицистикалық дереккөз ретінде бағаланады. Талдау барысында автордың идеологиялық ұстанымдары, моральдық-этикалық бағдары айқын көрінеді. Мәтінде қолданылған көріктеуіш құралдар дискурстың әсер ету қуатын күшейтетін тілдік-когнитивтік тетіктер ретінде айқындалады. Жалпы алғанда мақала Ә. Кекілбайұлының публицистикалық дискурстағы мүмкіндігін ашып көрсететін жан-жақты ғылыми талдау сипатына ие. Зерттеу нәтижелерін тұлғатану, дискурс талдау, кекілбаевтану, мәтін стилистикасы және прагматика саласындағы ғылыми еңбектерде қолдануға болады.  

 

90-101 143
Аңдатпа

Мақалада А. Байтұрсынұлының «Маса» жинағының қолжазба нұсқасына ғылыми сипаттама беріледі. Ұлт ұстазы, ағартушы, реформатор әрі сан қырлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларының баспа түріндегі нұсқалары ғылымға кеңінен белгілі болғанымен, ғалымның қолжазба мұралары бүгінге толық күйінде жетпеген. Осы тұрғыдан алғанда, «Маса» жинағының бұрын ғылыми айналымға толыққанды енгізілмеген, тек жекелеген мәліметтер арқылы ғана белгілі болып келген қолжазба нұсқасының сақталуы ерекше мәнге ие. Мақалада алғаш рет аталмыш қолжазбаның кешенді түрде ғылыми сипаттамасы жасалып, оның құрылымы, мәтіндік ерекшеліктері,  автордың редакторлық қырлары мен авторлық қолтаңба белгілері жан-жақты талданады. Қолжазба материалдарының ғылыми айналымға енгізілуі Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығының текстологиялық табиғатын тереңірек ашуға, «Маса» жинағының қалыптасу тарихын нақтылауға және автордың шығармашылық эволюциясын жаңа қырынан пайымдауға мүмкіндік береді. Теориялық тұрғыдан бұл зерттеудің ғылыми құндылығы бірнеше аспектіде көрініс табады. Біріншіден, әдебиеттанудағы Алаш мұраларын жүйелеу мен түгендеуге үлес қосады. Екіншіден, ахметтану саласында бұрын белгісіз болып келген маңызды деректерді анықтап, ғалым мұрасының корпусын толықтыра түседі. Үшіншіден, қазақ қолжазбатану және мәтінтану ғылымдары үшін сирек кездесетін түпнұсқа материал негізінде мәтіндік салыстырулар жүргізуге, мәтіннің генезисін зерттеуге мүмкіндік береді. Практикалық тұрғыдан мақала ғылыми айналымға алғаш рет ұсынылып отырған «Маса» жинағының қолжазбасын жан-жақты талдау арқылы А. Байтұрсынұлы шығармашылығына қатысты тың деректерді жүйелеп, түркітану, алаштану, ахметтану және қазақ мәтінтану ғылымдары үшін мән-маңызы жоғары жаңа ғылыми нәтиже береді.

102-111 126
Аңдатпа

Мақалада қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі дәнді дақылдар атауларына байланысты фразеологизмдер қарастырылады. Осыған орай, зерттеудің мақсаты – қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі дәнді дақылдар атауларын когнитивтік аспектіде салыстыра зерттеуге негізделеді. Әр ұлттың ерекшелігін оның тілі арқылы танып-түсіну қазіргі тілдік коммуникацияның маңызды мәселесі болып табылады. Сол себепті, алдымен, қазақ тіліндегі дәнді дақылдар атауларының мәнді семантикалық ерекшеліктерін сипаттау; екіншіден, орыс және ағылшын тілдеріндегі «дәнді дақылдар» ұғымының фразеологиялық мәнді семантикалық ерекшеліктерін сипаттау және туыс емес тілдердегі дәнді дақылдар атауларының лингвомәдени ерекшеліктерін салыстыра зерттеу міндеттері қойылды. Бұл мақаланың басты проблемасы – қазіргі уақытта осы тілдердің фразеологиялық жүйелерін салыстырмалы зерттеу жеткіліксіз дамығандығында. Айта кету қажет, ұзақ уақыт бойы қазақ тілінің фразеологизмдері терең ғылыми талдаудан өтізілмеген. Бұл мақалада тіларалық фразеологиялық бірліктерді зерттеуге және олардың арасындағы сәйкестікті анықтауға бағытталған орыс, ағылшын және қазақ тілдерінің фразеологиялық бірліктеріне салыстырмалы талдау жасалады. Мақаланы жазу кезінде теориялық және эмпирикалық әдістер қолданылды. Материал келесі зерттеу әдістерінің топтары арқылы жиналды: талдау, салыстыру, бақылау, модельдеу және үздіксіз іріктеу әдісі. Зерттеуге рецензиялау критерийлеріне сәйкес келетін 10 дереккөз енгізілді. Бұл зерттеудің материалын беделді қазақ, орыс және ағылшын фразеологиялық сөздіктерінен таңдалған қазақ, орыс және ағылшын фразеологиялық бірліктері құрады. Мақаланың негізгі қорытындылары – әр тілдің өзіндік фразеологиялық бірліктерінің болуында. Яғни, фразеологиялық бірліктердің белгілі бір ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар, олар көбінесе тілдің, ұлттық мәдениеттің, құндылық басымдықтарының және әр халықтың менталитетінің айырмашылығына байланысты болады. Осыған орай зерттеудің құндылық деңгейі айқындалады. Зерттеу нәтижелерін этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвистика т.б. салалар бойынша зерттеулерде, дәрістер мен практикалық сабақтарда, сөздіктер, мәтіндер құрастыруда қосымша дерек ретінде пайдалануға болады. 

112-123 166
Аңдатпа

Мақалада түркі тілдеріндегі (қазақ және башқұрт тілдері) гидронимдік атаулардың қалыптасуындағы ландшафттық негіздер кешенді түрде қарастырылады. Түркі халықтары мекен еткен кеңістіктің физика-географиялық ерекшеліктері (жер бедері, климаттық жағдай, гидрологиялық жүйе, экожүйелік сипат) су нысандарына берілген атаулардың семантикалық құрылымы мен уәждік механизмдеріне тікелей ықпал еткені айқындалады. Осы тұрғыда өзен, көл, бұлақ, теңіз, қайнар, бастау тәрізді гидронимдердің лексика-семантикалық табиғаты, морфологиялық модельдері және атау беру принциптері талданады және гидронимдер құрамында сақталған көне түркілік географиялық терминдер мен табиғи-кеңістіктік концептілердің қызметі айқындалып, олардың тарихи-салыстырмалы және этимологиялық негіздері сараланады. Түркі тілдері арасындағы ортақ гидронимдік модельдер мен аймақтық вариативтіліктің арақатынасы анықталып, ұқсастықтар мен айырмашылықтардың тілдік және экстралингвистикалық факторлармен байланысы көрсетіледі. Сонымен қатар гидронимдердің қалыптасуында ландшафттық доминанттардың (су ағысының сипаты, түсі, тереңдігі, дәмдік қасиеті, маусымдық өзгерісі, қоршаған рельеф) уәждік белгілер ретінде көрініс табуы талданады. Су атауларында халықтың дәстүрлі дүниетанымы, шаруашылық-мәдени тәжірибесі, мифологиялық танымы мен сакралды түсініктері бейнеленетіні негізделеді. Осы арқылы гидронимдер тек географиялық идентификатор ғана емес, тарихи-мәдени ақпаратты кодтаушы ономастикалық бірлік ретінде сипатталады. Мақалада гидронимдік жүйенің ономастикалық кеңістіктегі орны, оның этномәдени мазмұны мен тарихи жадыны сақтаудағы рөлі айқындалып, түркі тілдеріндегі су атауларының ландшафтпен сабақтастығы когнитивтік және семиотикалық аспектіде талданады. Зерттеу нәтижелері түркі ономастикасы, тарихи лексикология және этнолингвистика салаларындағы ғылыми ізденістерге теориялық және әдіснамалық тұрғыдан үлес қосады.

124-134 170
Аңдатпа

Эпонимдер – белгілі бір тарихи тұлғалардың, мәдени құбылыстардың немесе әлеуметтік оқиғалардың атауымен байланысты қалыптасқан тілдік бірліктер. Олар тілде тек атау қызметін ғана атқармай, белгілі бір кезеңнің мәдени тәжірибесін, тарихи жадын және қоғамдық түсініктерін сақтайтын лингвомәдени құбылыс ретінде көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда эпонимдерді зерттеу тіл мен мәдениеттің өзара байланысын ашуға мүмкіндік береді. Зерттеудің мақсаты – эпонимдердің лингвомәдениеттанудағы орнын анықтау, олардың қалыптасу жолдарын, семантикалық ерекшеліктерін және қазақ, ағылшын тілдеріндегі қолданыс сипатын қарастыру. Сонымен қатар эпонимдердің мәдени ақпаратты жеткізудегі қызметін айқындау негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Зерттеу барысында лингвомәдени талдау, этимологиялық талдау, салыстырмалы талдау, квалитативті талдау әдістері қолданылды. Талдау материалы ретінде әртүрлі ғылыми салаларда және қоғамдық қолданыста кездесетін эпонимдік атаулар қарастырылды. Зерттеу нәтижелері эпонимдердің тек терминологиялық бірлік ретінде емес, мәдени-танымдық мазмұны бар тілдік құбылыс екенін көрсетеді. Олар тарихи тұлғалармен, мәдени тәжірибемен және әлеуметтік өзгерістермен байланысты қалыптасып, уақыт өте келе жалпы тілдік қолданысқа енеді. Сонымен қатар жаһандану, мәдени ықпалдастық және тарихи-саяси өзгерістер эпонимдердің таралуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі екендігі анықталды. Жүргізілген зерттеу эпонимдерді лингвомәдениеттану тұрғысынан қарастырудың маңызын айқындайды және олардың ұлттық мәдени кодты танытудағы рөлін көрсетеді. Зерттеу нәтижелері эпонимдерді жүйелеу мен түсіндіруде, сондай-ақ лингвистика, ономастика және мәдениеттану салаларындағы зерттеулерде қолданылуы мүмкін. 

ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІ

135-149 240
Аңдатпа

Мақалада 2024-2026 жылдары қазақ тіліне бағдарланған үлгі ретінде жасанды интеллект негізіндегі Үлкен тілдік модельді (ҮТМ) құрудың ғылыми-тәжірибелік қырлары талданады. Зерттеудің өзектілігі цифрландыру жағдайында қазақ тілінің толыққанды цифрлық репрезентациясын қалыптастыру, ұлттық бірегейлік пен тілдік егемендікті сақтау міндеттерімен айқындалады. Жұмыстың басты мақсаты – қазақ тіліне бейімделген ҮТМ-нің теориялық қағидаттарын, трансформер типіндегі нейрожелінің құрылымын, деректер жиынтығының құрылымы мен таңбалау принциптерін сипаттап, олардың ұлттық және халықаралық этикалық-құқықтық нормаларға сәйкестігін көрсету. Жоба аясында құрылған деректер жиынтығы ұлттық болмысты, тарихи-мәдени дәстүрлер мен қазіргі заңнаманы қамтиды. Материалдар бірнеше санатқа жүйеленіп, әр үлгіде сұрақ-жауаптар сараптамалық түсіндірме және этикалық талаптармен үйлеседі. Мақалада мәтінді өңдеудің заманауи тәсілдері, модельдің қате немесе ойдан құрастырылған жауаптарын азайту жолдары, алынған нәтижелерді сапалық тұрғыдан бағалау қарастырылады. Мақаланың ғылыми жаңалығы – қазақ тіліне арналған алғашқы кешенді ҮТМ-нің жүйелі сипатталуында, ал практикалық маңыздылығы – модельді білім беру, ғылыми талдау, цифрлық сервистер және мемлекеттік тіл саясаты салаларында қолдану мүмкіндігінде. 

150-163 158
Аңдатпа

Мақалада қазіргі цифрлық қоғам жағдайындағы виртуалды қатысым этикетінің тілтанымдық табиғаты жан-жақты қарастырылды. Зерттеу жұмысы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен әлеуметтік желілердің тіл мәдениетіне, сөйлеу әдебіне және прагматикалық нормаларға тигізетін ықпалын анықтауға бағытталды. Эмпирикалық материал ретінде 2023-2025 жылдары WhatsApp, Telegram, Zoom, Instagram сияқты платформалардағы қатысым үлгілері және 20 респондентке жүргізілген сұхбат нәтижелері пайдаланылды. Зерттеу барысында виртуалды этикет құрылымының үш когнитивтік өлшемі айқындалды: технологиялық когниция (платформалық және техникалық бейімделу нормалары), эмоциялық-әлеуметтік когниция (реакциялар мен эмодзилер арқылы сыпайылық пен эмоция білдіру) және мәдени-құндылық когниция (ұлттық сөйлеу әдебінің цифрлық формада сақталуы). Зерттеу нәтижесінде виртуалды этикеттің дәстүрлі мәдени нормаларға сүйене отырып, цифрлық кеңістік логикасына бейімделетін гибридті мәдени-прагматикалық феномен екені анықталды. Талдау нәтижесінде виртуалды қатысымда этикеттік амалдардың ықшамдалуы, визуалды кодтардың (эмодзи, пиктограмма, қысқартулар) белсенді қолданылуы және ұлттық мәдени кодтардың жаңа формадағы көрінісі анықталды. Виртуалды этикет жүйесі адам мен технологияның өзара әрекеттесуінің когнитивтік және әлеуметтік тетігі ретінде қарастырылып, мультимодальді коммуникация мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде сипатталды. Зерттеу нәтижелері цифрлық тіл мәдениетін дамыту, медиалингвистикалық зерттеулер мен цифрлық этикетті оқыту салаларына қолданбалы маңыз береді.

164-174 130
Аңдатпа

Қазіргі таңда Қазақстанның жоғары оқу орындарында (ЖОО) білім алушылардың ғылыми жазылым дағдысын қалыптастыру мақсатында «Академиялық жазылым» пәні кеңінен оқытылуда. Дегенмен пәннің өзіндік ерекшелігіне байланысты жазылым дағдысын қалыптастыруда біршама қиындықтар туындап отыр. Бұл мақалада сапалы зерттеу негізінде педагогикалық ЖОО-да оқитын студенттердің академиялық жазылым пәніне көзқарасын анықтау мақсатында төрт университеттің 28 студентінің қатысуымен фокус-топтық сұхбат жүргізілді. Сұхбат нәтижелері тақырыптық талдау арқылы қарастырылып, академиялық жазылымның кәсіби және академиялық дағдыларды қалыптастырудағы маңыздылығы анықталды. Дегенмен студенттерде оқу үдерісіне, тәртіпке және тілдік дағдыларға байланысты әртүрлі деңгейдегі алаңдаушылық, сенімсіздік және мотивацияның төмендігі байқалды. Сондай-ақ студенттер академиялық жазылымның ғылыми, оқу және зерттеу үдерісіндегі маңыздылығына сенімді. Зерттеу нәтижелері тіл мен жазылымды үйлестіре оқытатын, инклюзивті және білім алушыға қолдау көрсететін, оқу контексіне бейімделген педагогиканың қажеттілігін көрсетеді. Бұл зерттеу академиялық жазылым бойынша жүргізілетін зерттеулерге үлес қосып, академиялық жазылым дағдыларын қалыптастыру үшін оқу бағдарламаларын әзірлеуге ықпал етуі мүмкін. 

175-185 157
Аңдатпа

Соңғы жылдары SMART-технологияларды білім беру процесінде қолдану, әсіресе шет тілдерін оқытуда ерекше маңызға ие бола бастады. Бұл зерттеу ағылшын тілін оқытуға арналған «E-agent» цифрлық білім беру платформасының тиімділігін анықтауға бағытталған. Зерттеудің мақсаты – әртүрлі CEFR деңгейлеріне бейімделген сараланған оқыту аясында SMART-технологиялардың ағылшын тілін меңгеруге әсерін бағалау. Зерттеу барысында SMART-технологиялардың жекелендірілген оқытудағы мүмкіндіктері қарастырылып, «E-agent» платформасының интерактивті және адаптивті білім беру ортасын қалыптастырудағы рөлі талданды. Зерттеудің ғылыми маңыздылығы – заманауи цифрлық құралдарды тіл оқыту әдістемесіне енгізу арқылы теориялық негізді кеңейтуінде. Гипотеза салыстырмалы педагогикалық эксперимент арқылы тексерілді, бұл SMARTтехнологиялардың нақты танымдық әсерін уақытша «жаңалық әсерінен» ажыратуға мүмкіндік берді. Осылайша, цифрлық агенттерді білім беру процесіне енгізудің деректерге негізделген дәлелдемесі ұсынылды. Зерттеу әдістемесі 6-сыныпта оқитын 50 оқушының қатысуымен жүргізілген экспериментке негізделді. Негізгі зерттеу құралы – Tilda Publishing платформасында әзірленген «E-agent» сайты. Платформаның тиімділігі алдын ала және қорытынды тестілеу нәтижелерімен, сондай-ақ сауалнама мәліметтерімен бағаланды. Нәтижелер «E-agent» оқушылардың оқу мотивациясын арттырып, ағылшын тілін меңгеру нәтижелерін жақсартатынын көрсетті. Қорытындыда SMART-технологиялар мен «E-agent» платформасының ағылшын тілін оқытуда тиімді құрал екендігі дәлелденді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы білім беру мекемелерінде оқыту сапасын арттыру және студенттердің уәждемесін нығайту мақсатында «E-agent» сайтын енгізу мүмкіндігімен айқындалады. 

186-195 134
Аңдатпа

Қазіргі таңда виртуалды қарым-қатынас форматы кейде шынайы қарым-қатынасты алмастырып жатады, бұл интернет-коммуникацияда тіркелген құбылыстарды (соның ішінде полилингвизм жағдайында жиі кездесетін феномендердің бірі ретінде тілдік кодтардың ауысуын) лингвистикалық шындықтың өзіндік көрінісі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеудің мақсаты виртуалды коммуникация үдерісіндегі тілдік кодтардың ауысу ерекшеліктерін анықтау және оның функцияларын айқындау болды. Зерттеу материалы ретінде Қазақстан Республикасында кең таралған WhatsApp мессенджеріндегі чаттардан коммуникацияға қатысушылардың әлеуметтік мәртебесі мен білім деңгейі шамалас болып келетін әрі тілдік кодтардың ауысуын айқын көрсететін 137 сөйлеу жағдаяты таңдап алынды. Коммуниканттардың көпшілігі – би- және полилингвтер. Полилингвизмнің көрініс тапқан басым түрі – координативті билингвизм (орыс-қазақ / қазақ-орыс). Сонымен қатар қарым-қатынас жағдайында үшінші тілдің (әдетте ағылшын тілінің) қатысуымен болатын код ауыстыру құбылысы байқалады. Зерттеу нәтижесінде интернет-коммуникация кезіндегі код ауысуының ең жиі кездесетін қызметі референциалдық функциясы екені анықталды. Сонымен бірге материалдың едәуір бөлігі эмотивтік қызметінің жоғары жиілігін, сондай-ақ метатілдік және директивтік функциялардың бар екенін де көрсетеді. Жүргізілген зерттеу интернеткоммуникация ерекшеліктерін зерттеуге және қазақ-орыс / орыс-қазақ билингвизмі жағдайындағы (үшінші – ағылшын тілінің элементтерімен) код ауысуының басым функцияларын зерделеуге белгілі бір дәрежеде үлес қосады. Зерттеу нәтижелерін социолингвистика мәселелері мен көптілділік жағдайындағы тілдердің қызмет етуіне қатысты элективті курстарды оқыту барысында практикалық тұрғыдан қолдануға болады.  

196-205 144
Аңдатпа

Мақала Қазақ тілінің ұлттық корпус базасында анықталған этномәдени бірліктерді ішкорпусқа енгізу мәселелесіне арналған. Осымен байланысты этномәдени бірліктердің қазақ тілінің ұлттық болмысын, дәстүрін, дүниетанымын, рухани және материалдық құндылықтарын сақтаудағы кумулятивтік қызметін айқындауға назар аударылады. Мақалада этномәдени атаулардың үлгісі ретінде «тұсаукесер» рәсімінің лексикалық, мәденисемантикалық және мәтіндік-контекстуалды деңгейдегі көріністері талданып, олардың мәдени коды айқындалады. Аталған бірлік негізінде ұлттық мәдени кодтың тілдегі көрінісі және оның символдық мәні, прагматикалық қызметі талданады. Бұл өз кезегінде тілдік деректерді тек құрылымдық емес, мазмұндық-мәдени қырынан да жүйелеудің маңызын көрсетеді. Зерттеу барысында лексика-семантикалық талдау мен алгоритмдік бағдарламалық тәсілге сүйенген модельдеу әдісі қолданылады. Зерттеу маңыздылығы этномәдени бірліктерді цифрландыру, оларды ұлттық корпус аясында жүйелеу арқылы қазақ тілінің ұлттық болмысын сақтауға, тіл мен мәдениеттің бірлігін жаңа технологиялық деңгейде дамытуға және заманауи лингвистикалық зерттеулердің әдіснамалық базасын кеңейтуге бағытталуымен өзектеледі. Зерттеу нәтижесі Қазақ тілінің ұлттық корпусын жетілдіруге, этномәдени бірліктерді цифрландыруға, жүйелеуге, тіл мен мәдениеттің сабақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.  

206-221 219
Аңдатпа

Мақалада дискурсологиядағы жаңа бағыт саналатын цифрлық дискурс қарастырылған. Зерттеудің мақсаты – цифрлық дискурстың тілдік сипатын анықтау. Осыған сәйкес мақаланың негізгі бағыты – дискурсология, негізгі идеясы: интернет кеңістігінде орындалатын дискурс цифрлық дискурсқа жатқызылады, оның өзіне тән тілдік ерекшеліктері бар. Цифрлық дискурс – бұл интернеттегі тілдік қарым-қатынастың барлық формаларын, соның ішінде сайт, блог, әлеуметтік желідегі жазбалар ұғымдарын қамтитын термин. Ұсынылған мақалада цифрлық дискурстың тілдік сипаты Instagram, Facebook, Threads әлеуметтік желі материалдарын, цифрлық қарым-қатынас стилін талдау негізінде анықталды. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы зерттеу нәтижесінің дискурсология теориясын жаңа тұжырымдармен толықтыруымен, практикалық маңыздылығы әлеуметтік желі материалдарына дискурстық талдау жасау үлгісінің осындай бағыттағы өзге жұмыстарға пайдалануға жарамдылығымен анықталады.  Зерттеу әдіснамасын цифрлық дискурсқа қатысушылардың Instagram, Facebook, Threads-тегі тілдік қолданыстары мен стилін танытатын материалдарды талдауда пайдаланған лексика-семантикалық және дискурстық талдау әдістері құрайды. Зерттеудің негізгі нәтижелерімен талдау: 1) цифрлық дискурстың тілдік сипаты, негізінен, арнайы символдық таңбалар жұмсалуымен, мысалы: #хэштег, эмодзилер, пост фонын таңбалау (обложка) ерекшеленеді; 2) цифрлық дискурстың лексикалық және грамматикалық ерекшеліктері: қысқартулар, инверсия, сөздерді созып қолдану, әріптердің түсіп қалуы, тіл шұбарлануы т.б. Зерттеу жұмысының қорытындылары: цифрлық дискурс – өзіндік тілдік ерекшелікке ие, интернет кеңістігінде интерактивті жүзеге асатын, қоғамға ықпалы зор және нәтижесі цифрлық мәтінде таңбаланатын сөйлеу әрекеті. Жүргізілген зерттеудің құндылығы дискурсология метатілін  дамытуға қосқан үлесімен (цифрлық дискурс, цифрлық мәтін т.с.с.) анықталады. Жұмыс қорытындысының практикалық маңызы: цифрлық дискурстағы тілдік қолданыстар мен коммуникациялық стиль ерекшеліктерін, сондай-ақ олардың мәдени үдерістерге ықпалы мен әлеуметтік маңызын талдау барысында алынған нәтижелерді лингвистикалық бағыттағы зерттеулерде қолдануға болады. 

222-232 159
Аңдатпа

Заманауи ақпараттық қоғамда медиамәдениет пен медиасауаттылық негізгі құзыреттерге айналуда. Мақалада студенттердің медиасауаттылығын қалыптастырудағы медиамәдениеттің рөлі қарастырылған. Қазіргі қоғамда студенттердің ақпараттық қоғамға тиімді бейімделуі мен саналы шешімдер қабылдау қабілеттерін дамыту маңызды болып табылады. Студенттерде сыни медиасауаттылық дағдыларын қалыптастыру, жастардың ақпаратты талдай білуге, оған сыни көзқараспен қарау және өз бетінше шешім қабылдау қабілетін жетілдіруге ықпал етеді. Зерттеудің мақсаты – медиасауаттылықты дамытуға байланысты негізгі ұғымдарды түсіндіру, тақырыпқа қатысты әдебиеттерді талдау, студенттерге берілген әртүрлі тапсырма негізінде медиамәдениет пен медиасауаттылықты қалыптастыру. Зерттеу барысында сапалық, сандық және тест әдістері негізінде жоғары оқу орындары студенттері арасында сауалнама жүргізілді. Заманауи ақпараттық технологияларды тиімді пайдалана білу, медианың ықпалын түсіну және бағалау дағдыларын дамыту олардың жеке және кәсіби өмірінде маңызды рөл атқарады. Медиасауаттылық студенттерге БАҚ хабарламаларын сыни тұрғыдан бағалауды, ақпаратты талдау және синтездеу дағдыларын жетілдіруді, сондай-ақ әртүрлі медиа форматтарын тиімді пайдалануды үйренуді қамтамасыз етеді. Бұл дағдылар жаңа идеяларды құруда тіл мен қарым-қатынасты дұрыс қолдануды түсіндіруде практикалық маңызы бар. Зерттеу көрсеткендей, медиасауаттылық студенттерге тілдік сабақтарда жалған ақпарат, фейк жаңалықтар және манипуляциядан сақтануға, оларды анықтап, шындықты ажыратуды үйренуге мүмкіндік береді. Осылайша, медиасауаттылық дағдыларын дамыту қазіргі ақпараттық қоғам жағдайында студенттердің практикалық, кәсіби және зерттеу қабілеттерін жетілдірудің маңызды құралы болып табылады. 



ISSN 2411-6076 (Print)
ISSN 2709-135X (Online)