Preview

«TILTANYM» журналы 2001 жылы құрылған. Журналдың құрылтайшысы және шығарушысы ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты болып табылады. Журналдың мұқабасы мен титулдық парақтары, шығыс деректері, ISSN, eISSN, редакциялық алқа құрамы, редакциялық саясаты, жарияланымдық этикасы және веб-сайты бар.

Журнал жылына 4 рет шығарылады.

Журнал мақалалары CrossRef ДБ тіркеледі және әрбір авторлық мақалаға міндетті түрде DOI объектінің цифрлық сәйкестендіргіші беріледі.

Журнал «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ (ҰМҒТСО) қазақстандық дәйексөз алу базасында (КазБЦ),  Ресейдің ғылыми дәйексөз индексі (РИНЦ) базаларында индекстеледі.

Журналдың редакциялық алқасының құрамында қазақстандық және шетелдік жетекші ғалымдар бар.

Журнал авторлардың жарияланымдарының ақпараттық ашықтығы және қолжетімділігі саясатына сәйкес келеді, мақалалар журналдың сайтында үш тілде толық мәтінді қолжетімділікте орналастырылады.

Ағымдағы шығарылым

№ 3 (2025)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

ТЕОРИЯЛЫҚ ЛИНГВИСТИКА

12-23 13
Аңдатпа

Ұсынылған мақалада қазақ тілінің лексикалық қорындағы араб, парсы тілдерінен енген атаулар тек лексикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар өркениеттік, рухани-мәдени, тарихи-интеллектуалдық және діни ықпалдың көрсеткіші ретінде де бағаланып талданды. Тілімізге енген араб және парсы сөздерінің индикаторлық әлеуеті айқындалып, олардың тек кірме сөз ретінде емес, белгілі бір әлеуметтік, мәдени, тарихи әрі тілдік құбылыстардың көрсеткіші ретіндегі оң және теріс ықпалы анықталды. Зерттеу барысында индикатор және индикаторлық әлеует терминдерінің тіл біліміне қатысты қолданысы мен анықтамалары шетел ғалымдары еңбектері негізінде сұрыпталып, олардың араб, парсы сөздеріне қатысты қолданылу мүмкіндіктері жүйеленді және жаңа тұжырымдар ұсынылды. Тіліміздегі араб, парсы сөздерінің діни-рухани, мәдени-этикалық, әлеуметтік-тарихи, стратификациялық, білім-ғылым, ұлттық құндылық және әдеби тіл индикаторы ретіндегі қызметі сараланып, нақты мысалдар арқылы индикаторлық мәнге ие екендігі дәлелденді. Индикатор тек көрсеткіш қана емес, белгілі бір лингвистикалық ахуалдың жай-күйін сипаттайтын категория болғандықтан, мақалада араб, парсы сөздерінің индикаторлық әлеуетінің тіліміздегі оң және теріс ықпалы талданды. Сондай-ақ қазіргі кезеңде тіліміздегі араб және парсы сөздерінің медиалекттегі рөлі кодификацияланған тілдік норманың өзгеруіне ықпал етіп отырғаны нақты мысалдар арқылы дәйектелді.

24-34 13
Аңдатпа

Мақалада көне ұйғыр және қазақ тілдерінің лексикалық парадигматикасы қарастырылады. Біреуі көне біреуі жаңа екі туысқан тілдегі омоним, синоним және антоним сөздер өзара салыстырылып, ұқсас жақтары мен айырмашылықтары талданады. Мақаланың мақсаты – көне ұйғыр тілінде пайданылған омоним, синоним және антоним сөздердің қазіргі қазақ тіліндегі қолданысын анықтау, екі тілдің лексикалық парадигматикаларын салыстыру арқылы бүгінге дейін қолданылып келе жатқан тарихи сөздерді айқындау. Мақаланың өзектілігі қазақ және көне ұйғыр тілдерінде қазақ тілінде омоним, синоним және антоним парадигмалары бойынша жүйелі ғылыми шолу жүргізілмегендігімен анықталады. Ғ.Айдаровтың 1991 жылы жарық көрген, қазақ тілінде жазылған бірегей грамматикалық еңбек – «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі» атты кітабында да омоним~синоним~антоним мәселелері жалпылама қарастырылған. Жұмысты жазу барысында мысал ретінде көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің бірі – «Секиз йүкмек йарук» (Säkiz Yükmäk Yaruq) сутрасынан алынған сөйлемдер пайдаланылды. Мақалада салыстырмалы, салыстырмалы-тарихи, топтау, талдау, аудару әдістері қолданылды. Мақаланың мақсатына жету үшін қойылған міндеттер орындалып, төмендегідей нәтижелерге қол жеткізілді: 1. Туысқан екі тілдегі ұқсас лексикалық парадигматикалар табылып, топталды; 2. Екі тілде қолданылатын тарихи сөздердің ұқсастықтары талданды; 3. Тұлғалық және мағыналық тұрғыдан айтарлықтай өзгеріске ұшыраған сөздердің өзгеру себептері анықталды. Көне ұйғыр тілі – түркі жазба дәстүрінің маңызды тармағы, оның деректері қазақ тілінің тарихын салыстырмалы тұрғыдан түсіндіру үшін аса құнды. Сондықтан бұл мақаланың практикалық және теориялық мәні ерекше. Оны қазақ тілі тарихы және көне түркі тілдері пәндерінде көмекші оқу құралы ретінде пайдалануға болады

35-48 11
Аңдатпа

Мақалада жалқы есімдерді зерттеу аспектілері, оның көпқырлы мәні, әртүрлі функциялары және түрлі экстралингвистикалық факторлармен байланысы қарастырылады. Жұмыста түркі эпосының ономастикасын зерттеудің келешек бағыттары да белгіленген. Шолу фольклорлық мәтіндер ономастикасына арналған ғылыми әдебиеттерді талдауға негізделген. Зерттеуде салыстырмалы-тарихи, құрылымдық-семантикалық, когнитивтік және этнолингвистикалық талдау әдістері қолданылады. Назар классикалық ономастикалық зерттеулерге де, эпикалық есімдерді зерттеудің заманауи үрдістерін көрсететін жаңа басылымдарға да аударылған. Жалқы есімдердің семантикалық, құрылымдық және функционалдық ерекшеліктеріне анықтама беріледі, сондай-ақ олардың эпикалық баяндауды қалыптастырудағы және этномәдени сәйкестікті айқындаудағы рөлі талданады. Қазақ батырлық эпосындағы жалқы есімдерді функционалдық-прагматикалық тұрғыдан зерттеу барысында фольклорлық ономастикалық кеңістіктің параметрлері анықталады, яғни эпостық мәтінде қызмет ететін жалқы есімдер санаттары (кластары) айқындалып, олардың сандық және тақырыптық құрамы белгіленеді, негізгі ерекше сипаттамалары анықталады. Авторлар қазіргі лингвистикалық парадигма тіл құбылыстарын зерттеудің пәнаралық байланысымен сипатталатынын, бұл эпикалық шығармалардың ономастикалық кеңістігін талдауға жаңа перспективалар ашатынын атап өтеді. Зерттеудің практикалық құндылығы – қазақ батырлық эпосындағы жалқы есімдерді зерттеу тек түркі халықтарының тілдік және мәдени ерекшеліктерін тереңірек түсінуге ғана емес, сонымен қатар олардың бірегей мұрасын сақтауға ықпал ететін маңызды ғылыми бағыт болып табылады.

49-60 13
Аңдатпа

Мақалада қазақ паремияларындағы көне сөздердің этимологиясы, стильдік қызметі жан-жақты зерделенеді. Зерттеу барысында халық ауыз әдебиетінің тұрақты бөлшегі ретінде мақал-мәтелдерде сақталып қалған көне сөздердің табиғаты, олардың көркем мәтіндегі қолданылу ерекшеліктері мен прагматикалық бағыттары қарастырылған. Сондай-ақ көне сөздерді тарихи-мәдени ақпарат көзі ретінде сипаттап, олардың қолдану аясы мен даму эволюциясына тоқталады. Сонымен бірге көне сөздердің этимологиясы, тілдік жүйедегі орны, құрылымдық ерекшеліктері мен мағыналық өзгерістері нақты мысалдармен дәлелденеді. Мақаланың теориялық бөлімі қазақ ғылымдары Ғ. Қалиев, Ә. Болғанбаев, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Ж. Манкеева, Ш. Сарыбаев, А. Ысқақов, А.Салқынбай, Р. Авакова т.б. ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп жазылған. Мақалада мақал-мәтел құрамындағы көне сөздердің ұлттық таным мен болмысты беруіндегі рөліне ерекше назар аударылып, олардың паремияларда көркемдікэстетикалық мақсатта шебер пайдаланылғаны көрсетіледі. Бұл тұрғыда көне сөздер лексиканың тек тілдік элементі ғана емес, сонымен қатар ұлттық рух пен тарихи жадының көрінісі екені дәлелденеді. Мақалада көне сөздердің этимологиясы, стилистикалық мәні ашыла отырып, тілдің көркемдік мүмкіндігі, халықтық дүниетанымды жеткізудегі әлеуеті жан-жақты сипатталады. Зерттеу нәтижесі қазақ тіл білімінің паремиология, стилистика, тарихи лексикология және фразеология сияқты бағыттары үшін маңызды тілдік-мәдени материал болып табылады. Мақала тілдегі көне сөздердің этимологиялық талдауы мен ұлттық тіл мұрасын зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар беретін көмекші еңбек болып саналады.

ҚОЛДАНБАЛЫ ТІЛ БІЛІМІ

61-73 12
Аңдатпа

Бұл мақалада «бақыт» концептісінің қазақ және ағылшын тілдеріндегі ұлттық-мәдени ерекшеліктері салыстырмалы-лингвомәдени және когнитивтік тұрғыдан талданады. Зерттеу сапалық парадигмаға негізделіп, тіл мен мәдениет арасындағы өзара байланысты, ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін анықтауға бағытталған. Зерттеудің мақсаты – қазақ және ағылшын тілдеріндегі «бақыт» ұғымының концептуалдық құрылымын, мағыналық өрісін, метафоралық модельдерін және ұлттық-мәдени репрезентацияларын анықтау. Талдау үш негізгі бөлімді қамтиды: этимологиялық шолу, паремиологиялық, тұрақты тіркестерге негізделген лингвомәдени талдау, және жартылай құрылымдалған сауалнама нәтижелерінің интерпретациясы. Этимологиялық тұрғыдан, қазақ тіліндегі «бақыт» сөзі көне түркі «бақ» ұғымымен байланысты, рухани, мистикалық және тағдыршыл сипатқа ие. Ағылшын тіліндегі «happiness» сөзі бастапқыда сәттілік, тағдырмен байланысты болса, қазіргі қолданыста ішкі қанағат, психологиялық жайлылық, жеке еркіндікке негізделеді. Паремиологиялық талдау барысында қазақ тілінде «бақыт» ұғымы көбінесе сырттан келетін сый, құт ретінде сипатталады («бақыт құсы», «бағы жану»), ал ағылшын тілінде «happiness» — адамның әрекетімен қалыптасатын, таңдауға негізделген күй ретінде көрініс табады («Happiness is a choice», «Happiness blooms from within»). Метафоралық модельдер қазақ тілінде – «нұр», «құс», «құт», «тағдыр сыйы», ал ағылшын тілінде – «жол», «гүл», «жарық», «таңдау», «өнім» ретінде танылды. Сауалнама Алматы және Ист-Лансинг қалаларында жүргізіліп, 30 қазақ және 30 ағылшын тілді респонденттердің жауаптары талданды. Сұхбат сұрақтары «бақыт» ұғымының дербес және мәдени қабылдануына бағытталды. Талдау нәтижесінде қазақ респонденттері үшін бақыт – отбасы, ата-ана разылығы, Құдаймен үйлесім сияқты сыртқы және рухани факторларға негізделсе, ағылшын респонденттері үшін бақыт – еркіндік, өзін-өзі дамыту, ішкі үйлесім сияқты ішкі, психологиялық факторларға байланысты. Мазмұндық доминанттар, уәжділік сипат пен мәдени ассоциациялар екі тілде де түбегейлі ерекшеленеді. Жобаның әдіснамалық негізіне интерпретациялық-феноменологиялық талдау, концептуалдық метафоралар теориясы, салыстырмалы және дискурстық лингвистикалық әдістер енді. Зерттеу материалы ретінде көркем мәтіндерден, мақалмәтелдерден, қанатты сөздер мен табиғи дискурстардан алынған деректер пайдаланылды. Барлық мәтіндік және сауалнамалық деректер Jupyter Notebook платформасында Python көмегімен визуализацияланды.

74-85 15
Аңдатпа

Бүгінгі таңда жасанды интеллект (ЖИ) және табиғи тілді өңдеу заманауи технологиялардың дамуына үлкен ықпал етіп отыр. ЖИ көптеген салаларда тиімділікті арттырып, уақытты үнемдеуге және еңбек үдерісін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беруде қолдану, соның ішінде тілдерді оқытуда пайдалану кеңінен таралды. Мақаланың өзектілігі: жаһандану дәуірінде тіл үйренуді заманауи шешімдер арқылы жетілдіру – өзекті және перспективалы қадам. Жасанды интеллект арқылы тіл үйренушілердің тілдік деңгейлеріне сәйкес бейімделген оқу жоспарларын жасауға, тиімділікті арттыру мен оқу материалдарын интерактивті түрде ұсынуға, тілдік дағдыларды автоматты түрде бағалауға және мотивацияны арттыруға көмектесетін, қазақ тілінің интеграцияланған платформасының моделін құрастырудың жолдарын қарастыру. Зерттеудің мақсаты: қазақ тілін транслингвалды аспектіде оқытуды қамтамасыз етіп, жасанды интеллектінің генеративті мүмкіндіктерін пайдалану арқылы тілдік және икемді дағдыларды (soft skills) қатар дамытатын интеграцияланған платформа моделін әзірлеу; осы мақсатта жасанды интеллект негізіндегі қолданыстағы платформаларды талдау, транслингвалды тәсілдің ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындау және модельдің архитектурасын жобалау міндеттері қарастырылды. Зерттеудің жаңалығы: оңтайлы қолданбаны таңдау үшін жасанды интеллект қолданатын желілік платформаларға талдау жасалып, икемді дағдыларды дамытатын, ана тілін салыстыра отырып (транслингвалды аспектіде) екінші тілді үйренуге арналған платформаның моделі құрастырылып ұсынылды. Зерттеу барысында Course Hero, Gradescope, Cognii AI, Socratic және Praktika AI қолданбаларының тіл үйрету мақсатындағы артықшылықтары мен кемшіліктерін сипаттау, салыстыру әдістері қолдана отырып талданып, Cognii AI және Praktika AI платформаларының білім алушының талаптарын қамтамасыз етуге ыңғайлы екені анықталды. Зерттеудің практикалық маңызы: зерттеу нәтижелерін қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытып, тіл үйренушілердің икемді дағдыларын ЖИ көмегімен дамытқысы келетін оқытушыларға және онлайн платформа құрастыратын мамандар мен ізденушілерге көмекші бола алады деп ойлаймыз. Сонымен қатар білім беру жүйесінде ЖИ арқылы тілді дамытуға практикалық жолсілтегіш ретінде қолдана алады. Зерттеу транслингвалды тәсілді жасанды интеллектіге негізделген оқыту платформалары арқылы жүзеге асыруды ұсынады. Бұл тәсіл ана тілі мен үйренетін тілді салыстыра отырып, коммуникативтік, сыни ойлау және эмоциялық интеллект сияқты икемді дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

86-95 13
Аңдатпа

Мақалада Абай өлеңдерінің морфологиялық белгіленімін түзуде сатылы кешенді талдау технологиясының орны мен қызметі қарастырылады. Абай Құнанбайұлының «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңі құрамындағы сөздердің морфологиялық ерекшелігіне сатылы-кешенді талдау жасалады. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін төмендегідей зерттеу міндеттері қойылады: сатылы құрылым арқылы талдау жасаудың ерекшеліктері сараланады. Абай өлеңдеріне морфологиялық талдау жасаудың ерекшеліктері сөз етіледі. Сатылы-кешенді талдау технологиясының білім алушыларға қазақ тілінің дыбыс құрамын, сөз құрамын, грамматикалық құрылысын, әдеби тіл нормасын үйретіп, дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдысын қалыптастыруға бағытталатындығы сөз етіледі. Абай Құнанбайұлының бір шумақ өлеңі беріледі. Өлең құрамындағы көңілім – сөзіне төл технология негізінде талдау жасау ерекшеліктері қарастырылады. Көңілім сөзінің құрамы анықталып, сөзге тән морфологиялық ерекшеліктер қамтылады. Негізгі және дара түбірге тән анықтамалар беріледі. Берілген сөздің жалпы және категориялық грамматикалық мағыналары сатылы-кешенді талдау технологиясы көмегімен айқындалады. Өлеңнің бір тармағына ықшамдау тәсілі арқылы талдау жасаудың ерекшелігі арнайы сызба арқылы көрсетіледі. Абай өлеңдеріне цифрлық өңдеу жасаудың қажеттілігі сөз етіледі. Абай шығармаларын заманауи технология көмегімен зерттеу, талдау, өңдеу, статистикалық мәліметтерді алуға зор мүмкіндік жасалады. Абай өлеңдерін корпустық технология көмегімен модельдеудің ерекшеліктері қарастырылады.

96-104 14
Аңдатпа

Мақалада қазақ тілінің сөйленім синтезінің просодикалық және орфоэпиялық норма мәселесі қарастырылды. Қазіргі таңда қазақ тілінің сөйленім синтезін жасау және оны жетілдіру жұмыстарына қажеттілік туындап отыр. Өйткені қазіргі техника мен технологияның және жасанды интеллектінің жылдам дамуымен байланысты зерттеулер жүргізіліп жатыр. Мақала сөйленім синтезін жетілдіруге бағытталған, әсіресе дикторлардың орфоэпиялық нормаларды сақтап оқуы мен просодикалық ерекшеліктерін дәл жеткізу мәселелеріне баса назар аударылады. Зерттеуге 62 беттен тұратын 11-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығының мәтіні алынды. Мәтін іштей синтагмаға бөлініп ондағы дауыстылардың үндесуі мен дауыссыздардың үйлесімі, түбір мен қосымша аралығындағы және ырғақты топ арасындағы өзгерістер, ассимиляция, диссимиляция, редукция, вариант пен вариация, элизия т.б. қатысты сөздер қарастырылып, орфоэпиялық нормаға сай берілді. Сондай-ақ сөздің орфоэпиялық және просодикалық нормаға сай шынайы синтезделуін қамтамасыз ету үшін сөз ішіндегі және сөздер жігіндегі дыбыстық өзгерістер мен ырғақты топтар арасындағы өзгерістерді сипаттайтын алгоритм әзірленіп, мәтінге просодикалық белгіленім жасалды. Бұл ретте оқулық мәтіні просодикалық тұрғыдан талданып, талдау барысында З.М. Базарбаева ұсынған қазақ тіліне тән сегіз интонема пайдаланылды.

105-121 6
Аңдатпа

Мақалада мемлекеттік тілді меңгерту стандарттары негізінде ЖОО-дағы қазақ тілін оқытудың қарапайым деңгейіне қажетті негізгі лексикалық бірліктерді анықтау мәселесі қарастырылады. Ол үшін ЖОО-дағы А1 деңгейіне арналған оқу құралдары таңдалып, 800 лексикалық бірліктің қолданылу жиілігі есепке алынады. Шетел тілі ретіндегі қазақ тілінің лексикалық минимумы студенттердің бастауыш деңгейде меңгеруі тиіс құзыреттіліктерге сәйкестігі тұрғысынан талданып, теориялық, практикалық негіздері тілдік стандартқа сай жетілдіріледі. Зерттеу жұмысымыздың мақсатына сай ЖОО-ның қазақ тілі қарапайым деңгейіне (А1) арналған оқу құралдарындағы лексикалық минимумға талдау және сараптама жасау арқылы қазақ тілін меңгерудің қарапайым деңгейіне қажетті негізгі лексикалық бірліктер анықталады. ЖОО-ға арналған оқу құралдарындағы лексикалық минимум мәселесін қарастыру қолға алынбаған. Мақала осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталып, тіл үйренушілерге нақты тілдік материал ұсынуға көмектеседі. Зерттеу барысында мәліметтерді жинау, лексикалық талдау, жиілік талдау, салыстыру әдістері қолданылады. Зерттеу нәтижелері мен негізгі ұсыныстар оқу материалдарына енгізілуі тиіс ең негізгі және жиі қолданылатын лексикалық минимумды анықтауға мүмкіндік береді, студенттердің қажетті коммуникативті дағдыларын дамытуға көмектеседі. Сапалы оқулықтар мен мен оқу құралдарын әзірлеуге бағыт-бағдар болады.

Хабарландырулар

2025-02-10

Құрметті автор!

Теориялық лингвистика және қолданбалы тіл білімі бағыттары бойынша мақалалар 11-17 ақпан аралығында 2025 жылдың №3, 4 сандарына қабылданады.

Тағы хабарландырулар...